Тиісті құжатты Мәжіліс қарауына алды. Ол "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы деп аталады.
Оған төменгі палатаның депутаттары бастамашы болды. Бұл туралы Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин хабарлады.
"Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін Парламент Мәжілісінің депутаттары аталған заңға бастамашылық жасады. Бұл заңнамалық түзетулерде газ саласына қатысты бірнеше жаңашылдық қарастырылған", – деді депутат.
Біріншіден, ол тұтынушыларды газды ұқыпты тұтынуға міндеттейді. Екіншіден, газды ішкі нарықта сату кезінде оны есепке алудың ашықтығын қамтамасыз ету, автоматтандыру тетіктерін іске қосады.
Үшіншіден, жекеменшік газ тарату ұйымдарының қызметі мемлекеттік реттеледі. Төртіншіден, тариф қалыптастырудың жаңа әдістері енгізіледі.
Бесіншіден, "QazaqGaz" ұлттық компаниясының құзыры күшейтіледі.
Жаңбыршиннің айтуынша, заң жобасына сәйкес, енді газ саласы бойынша ұлттық оператор тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салуды жобалауға арналған тапсырмаларды және олардың жобалық құжаттамасын келісуді және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салу жобаларын техникалық қолдап отыруды жүзеге асыратын болады.
"QazaqGaz" (бұрынғы "ҚазТрансГаз") тауарлық газды магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады.
Бұған қоса, газдың халықаралық транзитін қамтамасыз етеді, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады. Алайда РФ 2022 жылдан бері Батыстың майшелпек нарығынан аласталғалы, сондай-ақ 2025 жылдың 1 қаңтарынан Украина аумағы арқылы газ тасымалдауы тоқтатылғалы, оқшауланған Мәскеу көгілдір отынының үлкен бөлігін Қазақстан аумағы арқылы айдай бастады.
Тиісінше, ҚазақГаздың қосалқы функциясы көбірек табыс әкеліп, басты орынға шыға бастағандай. Сондықтан оның функциялары мен құзыр қоржыны да қампаятын сыңайлы.
Қалай болғанда, Мәжілісте құрылған арнайы жұмыс тобында депутаттар мен Үкімет мүшелері түрлі ұсыныстарды пысықтауда. Мысалы, қазақстандықтарды есептегіштерін жаппай ауыстыруға мәжбүрлеу ұсынылды.
"Деректерді қашықтан беруді қамтамасыз ету талабын енгізу ұсынылады. Сондай-ақ жаңадан орнатылатын тауарлық газды есепке алу аспаптарының Еуразиялық одақтың техникалық регламенттеріне, ұлттық стандарттарға сәйкестігі жөніндегі талап енгізіледі. Бұл ретте егер тұрмыстық тұтынушылардың, тұрғындардың бұрын, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін орнатылған есепке алу аспаптары деректерді қашықтан беруді қамтамасыз етпесе, оларды бекітілген пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолдануға рұқсат ету керек", – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Ал, бизнеске, мемлекеттік және басқа ұйымдарға, барлық заңды тұлғаларға 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін орнатылған және деректерді қашықтықтан беруді қамтамасыз етпейтін есепке алу аспаптарын биылдан қалдырмай, 2025 жылғы желтоқсаннан кешіктірмей деректерді қашықтықтан беруді қамтамасыз ететін есепке алу аспаптарына ауыстыруға тура келуі мүмкін.
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, осы және басқа бастамалар Президенттің жолдауындағы тапсырмасынан туындауда.
"Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс", – деген еді Мемлекет басшысы 2023 жылғы жолдауында.
Осыдан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бекіткен және "QazaqGaz" ҰК" АҚ басқарма төрағасы С.Жаркешев келіскен "Тұтынушыларға тауарлық газды өткізу кезінде оны есепке алуды автоматтандырудың Жол картасы" әзірленіпті. Бұдан бөлек, ел Үкіметі 2023 жылғы 19 қазанда "Энергия тиімділігінің және газды үнемді тұтынудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары" туралы №924 қаулысын қабылдады.
Өз кезегінде қауырт қимылдап, президенттік тапсырманы орындауға төл үлесін қосып қалуға тырысқан бір топ Мәжіліс депутаты былтыр аталған жаңа заңды жазып шықты. Осының бәрі бұқара мен бизнесті газды мейлінше аз, үнемді тұтынуға итермелеуге бағытталмақ. Өйткені елде газ жетіспейді. Оның қорын арттыру туралы президенттік міндетті шенеуніктер және инвесторлар жарға жықты.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бүгінгі таңда елдің ішкі тұтынуы мен ұлттық энергетикалық балансының құрылымында газ екінші орынға шықты, газдың үлесі 24%-ға жеткен.
"Органикалық отынның басқа түрлерімен салыстырғанда газ ең экологиялық таза және арзан. Сол себепті Қазақстанда алдағы жылдары тұтыну құрылымындағы газдың рөлі артады. Сонымен бір мезгілде, ОПЕК-тің жыл сайынғы статистикалық есебі (OPEC Annual statistical bulletin) бойынша соңғы онжылдықта Қазақстанда газдың минералдық-шикізаттық базасы нашарлады, қорлары қатты азаюда. Газ қорларын ұлғайту және өндіруді компенсациялау үшін жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасын іске асыруда. Алайда әсіресе газға қатысты орындалған жұмыстардың көлемі жеткіліксіз болып қалуда", – деп мәлім етті Энергетика министрлігі.
Statistical review of world energy дерегінше, 2011-2022 жылдары Қазақстанда табиғи газдың ішкі тұтынысы екі есе өсті. Бұған өңірлерді газдандыру, ішкі сұраныстың артуы және Қазақстан экономикасының ұлғаюы әсер еткен. Өңірлерді газдандырып шыққанымен, Үкімет енді айқыш-ұйқыш салып тастаған құбырларды толтырар көгілдір отын таппай қалайын деп тұр.
Оның бәрін Ресейден алуға тура келуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстан бұл сенімсіз серіктеске қатты тәуелді болып қалады. Оған жол бермейін десе, өз елімізде газ қоры қарқынды азайып барады, оны ұлғайту үшін геологиялық барлау жүргізу ісі шабан.
Сонда тығырықтан шығарар қандай жол қалады? Мәжіліс депутаттарының айтуынша, тұтынушыларды қысып, мейлінше аз газ тұтынуға мәжбүрлеу қажет.
Олардың айтуынша, қойылып отырған міндет – 2029 жылға дейін энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кем дегенде 15%-ға азайтылуға тиіс.
Бұл мақсатта Энергетика министрлігі газ бағасының көтерілуі мүмкін екенін жасырмады. Елдің тарифтік саясатын қайта жүктеу және барлық табиғи монополия субъектілері үшін 5-7 жыл мерзімге тиімді нарықтық тарифтерді енгізу міндеті қойылыпты. Тұтынушылардан жиналатын қосымша қаражат газ жүйесін жаңғыртуға және оны елдің жалпы энергетикалық жүйесіне интеграциялауға жұмсалады-мыс.
Үлгі-өнеге үшін айта кетелік, көрші Өзбекстан тұтынушылардың қосымша шығындарын азайту және тұтынылатын газды дұрыс есепке алу мақсатында деректерді қашықтан беретін жаңа есептегіштерді сатып алып, мемлекет есебінен орнатып шықты.
Осы мақсатта өзбек республикасында 2017 жылы "Табиғи газды бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу" (АСКУГ) жобасы қолға алынды. Оның аясында 2020 жылы 3 546 148 бірлік есептегіш, 1 292 969 бірлік жеке газ қысымын реттегіш, 2 455 176 бірлік газды есепке алу аспаптарына арналған жеке жәшік сатып алынып, орнатылды.
Бұдан не нәтиже шықты? Ресми мәлімет бойынша электрондық газ есептегіштерін орнату басталғалы табиғи газдың есепке алынбаған тұтыну көлемі 82% төмендеді. Кәсіпорындардың заңды ақша ағыны 158% өсті. Қарапайым тұтынушылардың берешегі 100%-ға төмендеді.
Қазақстан мұндай жетістікке жете ала ма, белгісіз. Бір белгілісі, Қазақстанда жаңа есептегіштерді халық пен бизнес өз қаражатына сатып алатын болады.
Ведомствоның мәліметінше, бекітілген жоспарға сәйкес, бұдан былай елде басқасы сыртында мынадай шаралар да қабылданады: біріншіден, газбен жабдықтаудың технологиялық объектілерінде газ шығынының, сыртқа ағып кетуінің сипаты мен санын анықтау үшін тексерістер-ревизиялар жүргізіледі.
Екіншіден, газ тасымалдау және газ тарату жүйелері цифрландырылады. Соның ішінде газды өнеркәсіптік тұтынушылар механикалық газ есептеуіштерінен телеметрия функциясы бар газды есепке алу аспаптарына ауыстырылады.
Үшіншіден, халықтың газ тұтынуын анықтайтын талдамалық жүйе енгізіледі. Төртіншіден, халық арасында газды ұқыпты, үнемді, ұтымды пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл "шаралардың барлығы газды тұтыну бөлігінде энергия тиімділігін арттыруға бағытталған".