Биыл Наурыз мейрамын Түркі әлемі қалай тойлайды?

5540

Наурыз мерекесін атап өтетін мемлекеттердің арасында ең көп думандатып, демалатыны – әзербайжандар мен қазақстандықтар.

Биыл Наурыз мейрамын Түркі әлемі қалай тойлайды? Фото: aqorda.kz

Құжат жүзінде Наурызды бүкіл дүниежүзі мерекелейді. 2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз-Навруз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Сол кезден бастап, жылда 21 наурыз – әлемде "Наурыздың халықаралық күні" ретінде бекітілді.

Ал іс жүзінде Әз-Наурызды Қазақстан мен Орталық Азия елдері, Иран, Балқан елдері, Түркия, бұрынғы Осман империясына кірген бірқатар мемлекеттер ресми немесе этностық деңгейде тойлайды. Бұрын Украина да оны атап өтуге мән беретін, бірақ соғыс өршігелі, биыл бұл елдің шат-шадыман мейрам ұйымдастыруға мүмкіндігі жоқ.

Әралуан ел Наурызды әртүрлі атап өтеді, ерекшеліктері жетерлік, тіпті мерекенің басты тағамы өзгешеленеді. Алайда олардың бәрін біріктіретін "темірқазық" бар: Наурыз күн мен түн теңелгенде, 21 наурызда атап өтіледі. Оның үстіне халықтардың бәрі Наурызды өз ұлт-ұлысының төл құндылығы, мәдениетінің ажырамас бөлігі деп таниды.

Халықаралық энциклопедияларда "Наурыз" сөзі өлі тіл саналатын орта парсы тіліндегі "nōg rōz" (ноу руз), яғни жаңа күн деген сөздер шыққаны жазылған. Кейбір этнографтар оның "жаңа ырыс" сөзінен туындауы мүмкін екенін де айтып жүр.

Иранда Наурыздың өз аңызы бар. Оған сәйкес, Жаратқан Ие дәл осы күні Адамды жаратқан және жұлдыздарды жұлдызнамаға – Зодиак белгілеріне бөлген деген сенім халық арасына тараған. Бұдан бөлек, Наурызда аңыз кейіпкері Джемшит адамзатқа отты тарту еткен-мыс.

Иранда "Новруздың" кең ауқымда, 13 күн бойы тойланатыны бұрыннан айтылып келеді. Шынында, Иран Ислам Республикасының 2024 жылғы мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне үңілсек, "Новруз" үшін ресми түрде тек екі күнде: 20 наурыз, сәрсенбі күні және 23 наурыз, сенбі күні демалып, халықтың тынығуына мүмкіндік беріледі.

Ал түркі елдерінде Наурыз мейрамы келесі күндері атап өтіледі:

·      Қазақстанда Наурызға орай аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24, 25 наурыз күндері, алты күн істейтіндер – 21, 22, 23, 24 наурызда демалады (бұларға 25 наурыз – жұмыс күні).

·      Әзербайжанда: Новруз ресми 20–24 наурыз күндеріне белгіленген. Бірақ ӘР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алқасының 2023 жылғы 15 желтоқсандағы шешімімен, жетісіне бес күн жұмыс істейтіндер: 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26 наурызда, яғни 7 күн, ал алты күндік жұмыс аптасында – 20, 21, 22, 23, 24, 26 наурыз, яғни 6 күн демалады.  

·      Қырғыз Республикасында: Министрлер Кабинетінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен, Нооруз мерекесінің құрметіне биыл 21, 22, 23 және 24 наурыз күндері демалыс болып белгіленді.

·      Өзбекстанда мерекелер тізбесіне сай, Навруз мейрамы 21 наурызда атап өтіледі. Үкіметтің шешімімен, 2024 жылы өзбек ағайындар 21, 22, 23, 24 наурыз күндері тынығады.

·      Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланған өндірістік күнтізбеге сәйкес, "Ұлттық көктем мерекесінің" (республикада Наурыздың ресми атауы – Milli bahar baýramy) құрметіне бұл ел 2024 жылы 21 және 22 наурыз күндері демалады.

·      Түркияда Наурыз ұлттық мерекелер тізіміне кірмеген. Дегенмен, 20–21 наурыз күндері түрлі ұйымдар оны атап өтіп жатады. Бірақ мемлекеттік деңгейде демалыс қарастырылмаған. Ұлттық мейрам ретінде негізінен ұсақ ұлыстар, провинциялар, күрдтер тойлайды.

·      Солтүстік Кипр Түрік республикасында 21 наурызда "Навруз" атап өтіледі.

Түркия

Түріктер "Наурызды" Иранның және ирантілдес елдердің төл мерекесі санап келді. Оның үстіне бұл мерекені күрдтер ұлттық мұрасы ретінде дәріптейтіндіктен, саяси тұрғыдан Түркияда оны тойлауға тосқауыл қойылды. Бұл көзқарастың біртіндеп өзгере бастауына қазақстандық ғалымдар үлес қосты. Олар байырғы мүшел, жыл қайыру, қазіргі түріктердің "12 жануар" күнтізбесі сияқты ата-бабаларымыздан қалған Көк Түріктің рухани мирасы Наурыздан басталатынын дәлелдеді. Мұның бәрі ежелгі түріктердің күн мен түн теңелетін 21 наурызды ұлықтап, мерекелегенінен хабар береді.

Зерттеушілер сондай-ақ Наурызға Селжұқ мемлекеті мен Осман империясы да мән бергенін дәлелдеді. Кеңес одағы ыдырап, арасы ажырап қалған түп-төркіні бір бауырлас елдердің қайта табысуы, Түркі әлемі интеграциясының өркен жаюы арқасында Наурыз Түркияда да танымал бола бастады.  

Түрік республикасының Мәдениет министрлігінің мәліметінше, Анадолы елінде Наурыз "Султан-ы невруз", "Невруз султан", "Наурыз соңы мерекесі", "9 наурыз" "Невруз шенликлери" атауларымен де белгілі.

Оны атап өтетін ұлыстар 21 наурызда мерекеге дайындыққа кіріседі, молырақ әрі саналуан тағам дайындалады, шаңырақтар ескі-құсқыдан арылып, кірін жуады.

"Мереке күні көрісуге келетін қонақтарға ұсынылатын дастархан толы астың арасында міндетті түрде асжапырақ-шпинаттан жасалған бәліш, боялған жұмыртқалар, дәстүрлі тәттілер болады. 22 наурызда туыс-туған, көрші-қолаң бір-біріне барып, мерекемен құттықтайды, өкпе-наздарын айтып, оны өткеннің еншісінде қалдырады. Ал 23 наурыз күні ең тәуір киімін киіп, алдын ала әзірленген тамақты алып, зираттарға барады. Зиратта жақын-жуық кездесіп, кофе қайнатып, әңгіме-дүкен құрады, аруақтардың рухына тағзым етеді. Содан кейін жиналғандар бір жерде бас қосып, ала келген асты ортақ дастарханға қойып, дәм татады. Ас үстінде сазда ойнап, ән айтады. Ағаштар арасына алтыбақан құрылады", – деп мәлімет берді бұл елдің Мәдениет министрлігі.

Түс ауған шақта әйелдер жағы терең құтыға жаңғақ салып, "хак юлештирир" жоралғысын жасайды. Дүние салғандардың жаны жәннатта шалқуы үшін сиынады, Құран оқытылады. Келушілерге жаңғақ үлестіріледі. Соңынан отбасы мүшелері өз туысқандарының құлпытастарын кезек-кезек сүйіп, үйлеріне оралады.  

Кешке халықтық той-думан басталады және ол таңға дейін ұласады. Наурыз құндылығынан қол үзбеген түріктер бұл күні барлық адамның көңілі көтеріңкі, еңсесі биік болуға тиіс деп санайды. Осы мақсатта барлығы өкпе-реніштерін ұмытып, кінәліні кешіруге, қайырымдылық танытуға тиіс. Кейбір түрік ауылында көкірегіне кек тұнып, осы күнгі жалпыхалықтық мейрамға қатыспай, сырт қалғанмен ары қарай араласпайтын салт бар екен. Олай саяқтанып, шетқақпай қалмау үшін тұрғындардың бәрі Наурыздан қалмауға тырысады.

"Ёрюктер" немесе Анадолы түркмендері Наурызды қыстың бітіп, көктемнің басталу мерекесі ретінде атап өтеді. Ауылдықтардың бір бөлігі ертерек жайлауға шығып кетіп, киіз үйлер тігіп, 22 наурызда қой сойып, ас пісіріп, келетіндерді үлкен қонақжайлылықпен құшақ жая қарсы алады. Сонда кездесіп, табысқанда атыс қаруынан ауаға оқ жаудыру ғұрпы енді. Бұл жауынгерлік дәстүрден бастау алса керек.

Осы күні имамдар Құран оқып, Аллаға жұртпен бірге жалбарынады. Жастар жағы ән айтып, би билеп, таңға дейін сауық-сайран құрады.

"Исламның шиит бағытын ұстанатын, Алеви–Бекташи қоғамының табынушылары болып табылатын Түркия азаматтары Наурызды біріншіден, Ұлы Әли Халифтің туған күні, екіншіден, Ұлы Әли Халиф пен Мұхаммад (с.ғ.с.) Пайғамбардың қызы Фатиманың неке қиған күні, үшіншіден, қыстың аяғы және көктемнің басы ретінде атап өтеді. Навруз мейрамының таңында, Аллаға құлшылық жасалып болғаннан кейін ең алдымен сүт ішіледі. "Неврузие" аталатын өлеңдер айтылады және Ұлы Халиф Әлиге дұға оқылады. Адамдар кәмпит және шербеттен дәм татырады", – деп мәлім етті түркиялық Мәдениет министрлігі.

Бұдан бөлек, Түркияда Наурыз күні шақырайған күннен солып қалмауы үшін бәйтерек ағаштардың бұтақтарын мата таспаларымен орау сияқты жоралғылар да сақталған. Бұл дәстүр "март иплиги" немесе "март бозуму" аталады. Үлкен алау жағып, жиналғандар оның үстінен секіретін де ғұрып бар. Оттың үстінен қарғып өткенде өткен жылдың барлық жамандығы жанып кетіп, адам арғы жаққа жаңарған күйде топ ете түседі деп есептеледі. Сивас өңірінде бұл күні көп күлген адамның ырысы да көп болады деген сенім кездеседі. Ал Шебинкарахисар өңірінің жұрты 22 наурызда көлге, суға түсіп, тазаруы шарт. Әсіресе, бұлақ тауып, соған шомылғандардың жыл бойы дені сау, мықты болатын көрінеді.

Орталық Азия

Өңірімізде Наурызды атап өту салты ұқсас келеді. Мол дастархан жайып, ақтан ауыз тию, Наурыз көже ішу қарастырылған. Республикалардың барлық өңірінде концерттер, фестивальдер, халықтық думандар өтіп, азаматтар түрлі спорттық сайыстарда бағы мен бабын сынайды.

Наурызда өкпе-реніш атаулының бәрі өткеннің еншісінде қалып, көкірек тазаруы керек. Ел бір-біріне қонаққа барады, жаңа жылда бақ-береке мол болуы үшін барын мейманының аузына тосады.

Қырғызстанда Наурыздың басты асы "нооруз кёджё" аталады. Оның орнына "ауз кёджё" немесе "кавут" әзірленуі мүмкін. Оларға дәнді дақылдардың әралуан түрі салынады.

Өзбекстанда, әсіресе, Самарқан, Бұқара мен Әндіжанда жұртшылық 21 наурыздан бастап, бір апта бойы тойлайды. Әз-Наурызға арналған бұқаралық сауық-сайран "сеил эгленджелери" деп аталады. Онда көше цирктері, арқанмен жүрушілер, музыканттар жиналғандардың көңілін көтеріп, спорттық додалармен, бәйгемен, қуыршақ театрларының қойылымдарымен, тіпті әтештер шайқасымен дүбірлетеді. Өзбек ағайындар Наурыз күні қонақтарын "аш" деп аталатын ас ассортиментімен тамақтандыруды дәстүрге айналдырған: оған өзбек палауы, жемістер, жасыл шай кіреді.  

Түрікменстанда "Ұлттық көктем мерекесі" (Milli bahar baýramy) түрлі жоралғыға толы. Оған бір жұма қалғанда түрікпендер үйлерін иіс-қоңыс, ескі-құсқыдан арылтады. Мейрамға арнап, шелпектер, ұлттық тағам түрлерін дайындайды. Наурыздың басты бір асы – палау. Бұл күні адамдар барынша тойса, жыл бойы тоқ жүреді деп есептеледі.

Наурызға түрікпен ағайын "семени" аталатын байырғы ритуалдық арнайы тағамды әзірлейді. Негізгі ингредиенті – ұн, су және қант. Оны бірнеше отбасы бірігіп жасайды. Бұл жоралғының мәні – әр үйдің ырысқа толуын, егістікте егіннің бітік шығуын тілеу.  

Түрікменстан билігі "қанағатты" басты құндылыққа айналдырып, тойларға халықтың шектен тыс шашылуына тоспа құрып келеді. Сондықтан мемлекеттік көлемдегі ірі думандарды күтуге болмайды.

Әзербайжан

Әлемде Наурызды кең ауқымда тойлайтын бір ел болса, ол – Әзербайжан. Мұндағы той-томалақ барынша сән-салтанатпен өтеді. Бір апталық мерекенің әрбір күні халықтық атауға ие. Бұқаралық сауық-сайран түйе мен ат жарысына, түрлі спорттық сайыстарға жалғасып, оған ерлер де, әйелдер де, балалар да қатысады. Осы кезде туристерді молырақ тарту үшін халықаралық іс-шаралар, көрмелер, басқасы ұйымдастырылады.

Әзербайжандар да Наурыз күні зираттарға барып, қыста қирауы мүмкін құлпытастарды қалпына келтіреді, айналасын тазалайды. Құран бағыштайды. Әйелдер жағы бейіттерге халва және басқа да астарды әкеледі және жиналғандарға дәм татырады.

Бұл елде бір апта демалыстың әрбір күні белгілі бір жөн-жоралғыға, әдет-ғұрыпқа арналған. Мысалы, зираттарға зиярат етіп, Құран оқыту, үй мен ауланы тазалау, "пюленбериді" жағу, тұрмысқа шықпаған қыздар үшін бал ашу және басқасы.  

"Су баши" дәстүрі аясында адамдар жаппай өзен, көл, бұлақ басына барып, шомылады. Мысалы, қыздарға "тұсау кесу" рәсімі жасалады: бойжеткеннің бас бармақтары байланады, ол суға кірген соң жіп не бау кесіліп, суға тасталады. Осыдан кейін тағдыр ол қызға мейірімді болады деп есептеледі.

Невруз күнінің қарсаңы "баджа–баджа" аталады, бұл күні жұмыртқа пісіріп, түрлі-түске бояп, ұлттық ою-өрнектермен өрнектеледі. Олар жақсы тілектер тілеп, жарапазан айтып келген балаларға таратылады. "Баджа–баджа" түні "баджадан шал атма" жоралғысымен тәмамдалады. Онда адамдар алаулы оттан секіреді.

Наурыз құрметіне 7 түрлі ингредиенттен тұратын арнайы асты – "йеди левинді" әзірлейді. Басты күн де осылай аталады. Басты думандар да осы күнге жоспарланады. Жарлы-жақыбайларға байлар, мемлекет, туыс-туғандары көмек береді. Қонақтар палаудан, басты астан дәм татады.

Наурызды (Наврез) биыл оккупацияланған Қырым татарлары ғана атап өте алмауы мүмкін. Қарақалпақтар Неврузді, Батыс Фракия түріктері – Мевристі, Македония, Косово, Еуропа түріктері "Султан-ы неврузды" атап өтпек.

Қазақстан қалай атап өткені жөн?

Қазақстанда басты алаңдарда концерт қойып, киіз үй тігіп, оларда шенеуніктерді тамақтандыруды, немесе елордадағы ірі концерт залында ығай мен сығайды шақырып, қойылым ұйымдастыруды қоспағанда, Наурызды атап өтудің нақты концепциясы сол бойы орнықпады. Яғни, бұқара өз бетінше, билік – бөлек мерекелейді.

2024 жылғы 3 қаңтарда "Egemen Qazaqstan"-ға сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблеманы қайта көтерді.

"Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін", – деді Президент. Міне, Амал, Көрісу мерекесі де келіп қалды. Бірақ Үкімет тарапынан әз-Наурыз мерекесіне жаңа мән-мазмұн беруге бағытталған іс-қимыл байқалмайды.

Осы орайда "ATAMEKEN BUSINESS" медиа холдингінің бас директоры Қанат Сахарияның пікірінше, жаңару мен жаңғырудың рәмізі саналатын Ұлыстың ұлы күнінің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек.

"1988 жылдан бері халыққа қайта оралған Наурызға әлі күнге қажетті деңгейде мән бере алмай отырғанымыз, мерекенің сипатын аша алмай келе жатқанымыз рас. Әз Наурыз мейрамын Ұлыстың ұлы күні ретінде лайықты мәртебеге шығару үшін не істемек керек? Наурыз мейрамын бұрынғы дәс­түрге тән бір күн емес, бірне­ше күн тойлауды қолға алу қажет. 22 наурызға дейін атап өтілуге тиіс іс-шаралардың ортақ тұжы­рым­да­масын қабылдау да маңызды. Әр кезеңнің тұжырымда­масын анық­та­уымыз керек", – деді Қ.Сахария.

Сарапшының пікірінше, наурыз мейрамына тән ежелден келе жатқан дәс­түр бар, яғни мейрамның ең ма­ңызды атрибуттары – ағаш отыр­ғызу, бұлақтың көзін ашу, айналаны тазарту, көрісу, сарқыт пен сыбаға беру, тағы басқасы кеңінен насихатталуы қажет.

"21 наурыздан 22 наурызға қараған түні күн мен түннің теңелуі табиғаттың таңғажайып құбы­лыс еке­нін, Наурыз мейрамын аңыз­дар мен мифтік образдар арқы­лы (Ай, Күн, Темірқазық, Үркер жұлдыздары және Күн астындағы Күнекей, Айдай сұлу Айсұлу, т.б.) балалардың санасына сіңіру аса маңызды. Барлық тіршілік наурызда оянатынын балаларға жеткізу үшін қазақ мифологиясындағы образ­дарды (Ойсылқара, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата, т.б.) оятып, ертегі әлемін қайта жаңғыртуымыз керек. Балаларға арналған заманауи қиял-ғажайып фильмдер түсіріліп, мейрам осы фильмдер арқылы насихатталғаны абзал. Наурызда "ақ түйенің қарны жарылды" деген халық сөзінің мағынасын ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көрсету ар­қылы аша түскеніміз дұрыс. Ақ дас­тарқанның молдығы, ақтың көп болуы, ағайын-туыстың ақ көңілі, көпшіліктің ақ пейілі, барлық өкпе-наздың кешірілуі сынды ұлттық қа­сиеттер қоғамды татулық пен бір­лікке шақыратыны сөзсіз", – деді Қанат Сахария.

Ұлыстың ұлы күнінің ең басты образы Қыдыр атаны кеңінен насихаттасақ игі. Қыдыр атаның ақ батасы – мейрамның басты рәмізіне айналғаны аса маңызды. 22 нау­рызда әр отбасы ерте тұрып, дас­тарқан жайып, ұлттық тағамдар, наурызкөже дайындап, Қыдыр атаның келгенін күту салтын қайта қалыптастыруымыз керек. Қыдыр атадан бата сұ­рау, тілек тілеу, арманын айту сынды керемет дәстүр қоғамда қай­та қа­лыптасса, ұтылмасымыз анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу