Биылғы бюджеттің шығысы қанша?

11011

Былтыр еліміздің басты қаржы құжатына 39 түзету енгізілді. 3 түзету заң жобасының мәтініне, 36 түзету республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты болды.  

Биылғы бюджеттің шығысы қанша?

Қазына қаржысын игере алмау, үш жылдық бюджетті мұнай бағасы мен доллар бағамына негіздемей жоспарлау, Ұлттық қордан ақша алу сияқты келеңсіздіктер әдеттегідей айна қатесіз қайталанды. 

"Ұлттық қордың қаражатына қол салуды доғару керек" деген сөз жайына қалып, "ҚР Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" ҚР заңына өзгеріс енгізу туралы" заң қабылданды. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов: "2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 сәуірдегі жарлығымен Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 трлн 770 млрд теңге көлемінде  айқындалды. Заң жобасында 2020 жыл бойынша осы қаржыны қолданыстағы кепілдендірілген трансферт туралы заңда белгілеу көзделді, – деді.

Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қордан 4 трлн 770 млрд теңге алынды. Бұл – үкімет ұрпақ игілігі үшін жиналып жатқан қаржының тағы бір бөлігін "жеп" қойды деген сөз. 
Ішкі істер, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар министрліктері қазына қаржысын игере алмау деген "батпаққа" батты. Масқарасы сол, бұлардың арасында қаржы министрлігі де болды. Сонда дейміз-ау, бар ақшаны ұқсата алмаған министрліктер ақша болмаса не істер еді?

"Республикалық бюджеттің шығысы 12 трлн 503 млрд теңгені құрады. 
Оның 137 млрд теңгесі игерілмеді. Бұл жерде 15 млрд теңге үнемделген, 122 млрд теңге жұмсалмаған болып шықты. Қаражатты игермеудің негізгі себебі конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерінің ұзаққа созылуы, төлем құжаттарын ұзақ мақұлдау, атқарылған жұмыстардың актілерін ұсынбау", – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Министрдің мәлімдеуінше, бюджеттен бөлінген ақшаны Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары  
толық игере алмаған. 

Бас қаржыгердің айтуынша, 872 млрд теңге бюджет қаражаты аудиттен өтіп, 172 млрд теңгеге қатысты заң бұзушылық жойылды. 

"Тексеру қорытындысында 698 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылық анықталды. Шара шеңберінде 1,6 мың аудиторлық іс-шара өткізілді. 872 млрд теңге бюджет қаражаты аудиттен өтті. Құны 198 млрд теңгені құрайтын қаржыға қатысты заңға қайшы әрекет әшкереленді", – деді Ерұлан Жамаубаев.  

Оның сөзінше, тауар жеткізуді, қызмет көрсетуді және міндеттемелерді орындауды қалпына келтіру барысында 172 млрд теңгеге қатысты заң бұзушылық жойылды. 
"Аудит нысаны қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 1 411 ұсыным берілді. Оның 1 101-і орындалды", – деді Ерұлан Жамаубаев. 

2020 жылы биыл 10 қаңтарда өтетін мәжіліс пен мәслихат сайлауына 15,3 млрд теңге жұмсалатыны жарияланды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның мәлімдеуінше, біріккен сайлау кампаниясы 9,7 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдейді.  

"Парламент мәжілісінің 2016 жылғы сайлау кампаниясымен және 2019 жылғы Президент сайлауымен салыстырғанда алдағы кампанияда шығыс көбейеді. Шығыстың артуына сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбекақысын көтеру, халық санының табиғи жолмен өсуіне байланысты қосымша 86 сайлау учаскесінің құрылуы себеп болып отыр. Бұл жерде тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, сондай-ақ пандемия жағдайында сайлау өткізуге байланысты міндетті шығыстар бағасының инфляциясын да ескеру қажет. Жалпы мәжіліс пен мәслихат депутаттарының біріккен сайлау кампаниясына шамамен 15,3 млрд теңге жұмсалады. Бұл бюджет қаржысын тиімді пайдалануда ұтымды шешім болып отыр. Себебі 2 бөлек сайлау өткізгенде шығын 25 млрд теңге болатын еді", – деді Сәбила Мұстафина. 

Сенатта "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы бойынша баяндама жасағанда қаржы министрі 2021 жылға арналған республикалық бюджет түсімі 11,4 трлн теңге көлемінде болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4%-нан 2023 жылы кезең-кезеңмен 2,1%-ға дейін төмендейді.

"Бюджет шығысы 2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды. Басымдық – халықтың әл-ауқатын арттыруға беріледі. Оны бюджеттің әлеуметтік шығысының динамикасы көрсетіп отыр. Мәселен осы бағыт бойынша үш жылдық кезеңдегі шығыс 23,4 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы - 7,1 трлн теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 50,5% құрайды. Әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 12,6 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылға 4 трлн теңге жоспарланған. Оның 96,3%-і зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Белгілі болғандай, үш жылдық бюджеттен экономиканың нақты секторын қолдау мен дамытуға 3,2 трлн теңге бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа 1,7 трлн теңге жұмсалады
"Нұрлы жол", "Нұрлы жер", индустриялық-инновациялық даму, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға нақты шығыс қарастырылған", – деді Ерұлан Жамаубаев.
Министр мәлімдегендей, қорғаныс саласы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге 2021-2023 жылдар аралығында 3,4 трлн теңге жұмсалады. Бұл қаражаттың 1,3 трлн теңгесі 2021 жылға арналған. Ал өңірлерді дамытуға үш жылдық кезеңде 6,2 трлн теңге субвенция қарастырылған. Оның 2,1 трлн теңгесі биыл жұмсалады. 

"Бюджет жобасында 5,9 трлн теңге нысаналы трансферт қамтылған. Оның 1,9 трлн теңгесі 2021 жылға бөлінген. Жалпы үш жылдық кезеңде өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 12 трлн теңге, оның ішінде 2021 жылы – 4 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығысының 28,4%-ы бағытталады", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу