– Ресейдің Украинаға соғысы оның өзінің терең трансформацияға түсуіне соқтырды. Бұл ретте мемлекет деген бірінші кезекте әскер немесе шенеуніктер емес, ең алдымен экономика болса керек. Ресейдің көршіге агрессиясы экономикасына қалай әсер етуде?
– РФ Орталық банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина кеше Мемлекеттік Думада сөз сөйлегенде, кеудесіне көңілсіз брошка-әшекей тағып шықты. Онда жыламсыраған, жасын төккен бұлт бейнеленген. Бүгінде Ресей экономикасы дәл осындай жыларман күйде.
Набиуллина соғыс басталған І-ІІ тоқсандарды РФ экономикасы бұрынғы инерциямен өткеріп жатқанын, нағыз күйзеліс ІІІ-IV тоқсандардың үлесіне түсетінін жасырмай айтты. Экономистер солай болатынын біраз бұрын ескерткен. Тыңдар құлақ болмады. Енді Орталық банктің (ОБ, бізше Ұлттық банк) байламы біздің тоқтамымызбен түйіскеніне жұбану ғана қалады.
ОБ Ресей экономикасының омыртқасы опырылып жатқанын меңзеді, түбегейлі күйреу процестері жүруде. Елден 600-дей бренд-компания кетті. Еуропа елдері, көршілеріміз құрлық жолдарымен ресейлік жүк көліктерін қабылдауды тоқтатты. Теңіз жолдары да жабылып жатыр. Озық елдердің ешқайсысы Ресеймен сауда-саттық жасағысы келмейді. Білуімше, теңіз айлақтарынан әзірге Тынық мұхиттағы, Қиыр Шығыстағы порт қана жұмыс істеп тұр. Оның өзінде фрахт, контейнерлік тасымал құны алапат түрде қымбаттады. Егер бұрындары 1 контейнер үшін 1200-2500 доллар талап етілсе, бүгінде 14 мың долларға дейін сұрайды.
Ең ірі, күрделі өзгерістер ресейлік өнеркәсіптік топтардан да байқалатын болады. Олардың бәрі жойылады деуге болмайды. Бірақ жұмыссыздар армиясы қаптайтыны сөзсіз.
Ресей экономикасы баяу-баяу тұңғиыққа батып бара жатқанын сұхбаттарымда айтып жүрмін. Ол тұңғиықтың тереңдігі қандай болатыны әзірге белгісіз, бірақ Ресей тұрғындарына, ресейлік бизнеске сол тұңғиықтың түбінде, түнекте тіршілік кешуге тура келеді.
Әріптестерім, бизнесмендер кейде оптимизм танытып, бәрі оңалатынын, кез келген санкцияға бой үйретіп, дамуды жалғастыруға болатынын мәлімдеп өрекпиді. Мен оларды "сабасына" түсіремін: "Жоқ, жігіттер, оңды ештеңе болмайды". Біз негізінен импортқа тәуелді елміз. Салалардың дамуына тірек болып келген технологиялардың бәрі – шетелдік.
Менің болжамымша, шілде айына қарай Ресейде біраз өнеркәсіптік кәсіпорындар тоқтайды. Барлық технологияларды Қытайдан аламыз деген үміт ақталмады, Қытай технологиялары бәрін ауыстыра да алмайды. Осы жылдар бойы Қытай жабдықтарына көше алғанның бәрі көшіп болды. Себебі олардыкі арзан. Ендеше бұған дейін көшпегендер алда көше алмайды, өйткені ол мүмкін емес. Батыстың көп технологиясы бірегей болып табылады, ҚХР-дің өзі төл көшірмелерін емес, батыстық түпнұқасын сатып алуға мәжбүр.
Бізде экономистер "Арматты Ангела Меркель тұрғызуда" деп әзілдейтін. Ресейдің негізгі әрі мақтаулы соғыс танкі шетелдік инвестицияға және шетелдік технологиялармен жасалды. Енді танктер өндірісі де тоқтады.
Айтпақшы, Владимир Путин ешкімнің қолынан келмеген қадамға барды. Ол ресейлік компанияларды шетелдік алаңдардан 5 күн мерзім ішінде делистинг жасауға міндеттейтін заңға қол қойды. Қарапайым тілмен айтқанда, барлық ресейлік компанияларға шетелдік биржалардан акцияларын тегіс алып тастауға тура келеді. Демек қазір олар әлемдік нарықтардан жаппай кетеді. Осыдан кейін әлемде ешкім де ресейлік компанияларға инвестиция салмайды.
Ұлыбритания рубль саудасы жүзеге асырылатын Мәскеу қор биржасын (MOEX) халықаралық мойындалған қор биржасы мәртебесінен айыруды жоспарлауда. Мұны Ұлыбритания Патшайымының Бірыңғай ақпараттық орталығы хабарлады. Жаңа шектеу Ресей нарығының инвестициялық тартымдылығын төмендетуге және салықтық жеңілдікті жоюға бағытталған. Негізі, Мәскеу биржасының құр сүлдері, тек аты ғана қалды. Менің ойымша, ол алда тіршілігін тоқтатады. Ресей азаматы және патриот ретінде мен үшін бұл қайғылы жағдай.
–Технология демекші, Ресейде автокөлік құрастыру кәсіпорындары бірінен соң бірі тоқтауда. Еуразиялық одаққа кіретін елдер көлік құралдарының жартысына жуығын Ресейден импорттап келгені жасырын емес. Бұл саланың жағдайы не болады? Волга, Жигули, Запорожецпен шектелген Кеңес одағы сияқты екі-үш модель қатарымен тұйықтала ма?
– Ресейдегі бүкіл автомобильдік кластер, яғни жеңіл көліктер ғана емес, ауыл шаруашылығы техникасы, КамАЗдар және басқасын шығаратын кәсіпорындар "тұрақты өндірістен" "дүркін өндіріске" көшетін болады. Яғни, олар қажетті жинақтарды, құрауыш бөлшектерді әр жақтан, тапқанынша жинап, қордаланған кезде құрастырумен айналысады. Қазір осы режимге көшуде. Жұмыскерлерін дүркін-дүркін уақытша демалысқа жіберіп жатыр.
Бұл ретте Ресей енді автокөлік модельдерінің шектеулі қатарын ғана шығарады. Сонымен бірге РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі алда Үкіметке жүгініп, Ресейде және ЕАЭО-да көліктерге қатысты техрегламенттерді, талаптарды әлсіретуге қол жеткізеді деп күтілуде. Соның кесірінен болашақта Ресей Кеңес одағы секілді "қауіпсіздік жастығы" жоқ, тіпті рөлді гидравликалық күшейткіші жоқ автомобильдер құрастыра бастайтынына күмәнданбаймын. Бұқара өкілдері мұны қалыпты деп қабылдары даусыз. Бірақ сонымен бірге бұл ресейлік автокөліктің беделін түсіреді, оны ешкім қауіпсіз деп қабылдамайтын болады. Қазір "қауіпсіздік жастықтары" болғанның өзінде жыл сайын 30-40 мыңдай ресейлік жол апатында қаза табады. Егер көліктер тіптен қарабайырланса, ЖКО-лардың ауыр салдары артатынын болжауға болады.
– Автоэксперттер ондай жағдайда Ресей нарығын қытайлық автокөліктер жаулайды деп жарыса пікір білдіруде.
– Мен импортқа көп үміт артпас едім. Ресейге қазіргі жағдайда тіпті Қытайдан көлік импорттау арманға айналуы мүмкін. Неге? Әрине, қазір дилерлік салондар жұмысын жалғастыруда. Бірақ бұл бұрынғыдай, нақты жұмыс емес. Жай көзбояушылық. Кейбірі ашық тұрғанымен, тіпті көлік сатпайды. Қытай өз өнімдерін, соның ішінде жаңа көліктерін халықаралық нарыққа долларда сатады. Ресей болса, долларды да, еуроны да пайдалана алмайды, валюта конвертациясын доғарып, қолдан шектеп отыр. Қарапайым ресейліктер Қазақстанның іргелес өңірлеріне барып, айырбастау бекеттерінен сатып алмаса, басқаша долларды иелене алмайды. Ал автомобилді құнсызданған рубльге сату Қытай үшін, өзге елдер үшін тиімсіз болады.
– Валюта сатып алуға шектеу қыркүйекке дейін ғана енгізілді ғой. Содан кейін Ресей экономикасы жанданатын болар? Кәсіпкерлер де қажетінше доллар сатып ала алады.
– Сенімді емеспін. Шектеуді ары қарай ұзартуы мүмкін деген қауіп бар. Мені Орталық банктің мәлімдемелері де, әрекеттері де бір жағынан үрейлендіріп, бір жағынан түңілтіп отыр. Егер санкциялар алынбаса, Орталық банктің алтын-валюталық резервінің қалған бөлігі, мемлекеттің бар қазынасы түгесіледі. Ақша таусылса, мемлекет ресейліктердің барлық жинақтарына, зейнетақы қорына қол салатын болады. Сондықтан банктердің өте жоғары сыйақы ұсынғанына қызығып, тапқан-тергенін депозиттерге салып жатқан ресейліктерді ол қадамнан сақтандырар едім.
Батыс санкциялардың ірі топтамаларын енгізгенде, Ресей тұрғындары жаппай банктерге жүгіріп, бар жинағын қотарып әкете бастады. Ал депозит сыйақыларын күрт көтеру арқылы Орталық банк солардың көбін енді кері қайтарды. Халық аңғал, тағы аузы күймесе. Қазір депозиттік ставкалар 17 пайыз. Алда ОБ оны азайтады. Өйткені 17 пайыздық мөлшерлемені банк секторы да, экономика да көтере алмайды.
– Ресейдің Украинаға соғысы бүкіл әлемге қымбатшылық әкелді. Ресейлік пропаганда "Батыс елдері Украинаға көмектескені үшін өздері опынып отыр, себебі инфляцияның шарықтауы олардың өз халқын қиналтуда" дейді. Кейбір сарапшы соның салдарынан Батыс мемлекеттерінің басшылығына ресейшіл, ультраұлтшыл, популистер келуі мүмкін екенін айтады. Мысалы, Венгрия Премьері болып, Мәскеудің досы Виктор Орбан қайта сайланды. Франциядағы президенттік сайлаудың екінші турына Путинді ашықтан-ашық қолдайтын Марин Ле Пен шықты...
– Біздің пропаганда әдеттегідей қара аспанды жаудырады. Әрине, АҚШ-та тұтынушылық бағалардың өсімі жылдық 8,5%-ға жетті, еуроаймақта 7,5%-ға жетуі мүмкін. Олар үшін бұл рекорд. Алайда шынында дүкендердегі бағалар біздегідей еселеп емес, бірер центке ғана көтерілді. Ауқатты Батыс елдері үшін мұны сонша сындарлы деуге келмейді.
Біздің ақпарат құралдары "Батыс Ресейге қарсы санкциялық саясатының зардабын тартуда" дейді. Ол да өтірік. Тіпті санкция енгізбегеннің өзінде инфляция жоғары болатын еді. Өйткені біріншіден, жаһан біраздан бері ешқандай қамтамасыз етілмеген ақшаға шектен тыс толды. Мемлекеттер пандемия кезінде станогын қосып, қаптатып ақша басты. Екіншіден, теңіз блокадасы кесірінен Украина өз өнімдерін теңіз арқылы дүниежүзілік нарыққа шығара алмай отыр. Әлемдік нарықта әсіресе, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері бойынша белгілі бір тапшылық туындады.
Қазір ресейліктер Батыстың емес, өзінің жағдайын, өз тағдырын ойлағаны жөн. "Халық, мемлекет аман қала ма" деген мәселе бар. Тек ресми мәлімет бойынша коронавирустан 373 мың ресейлік қайтыс болды. Шектен тыс өлім-жітім 1 миллион адамға жетті. Тек кәрілер ғана емес, жастарда кетті. Ендеше қандай да бір қыз немесе жігіт отбасы құра алмай, жалғызбасты болып, баласыз өтуі мүмкін. Бұл да Ресейдің болашағына алапат соққы. Демографиялық өсімге енді тіпті миграциялық ағындар да көмектесе алмауы ықтимал. Мен әлеуметтанушылармен, демографтармен сөйлестім. Олар Ресей халқы мұндай қарқынмен келесі ғасырға қарай құрып бітуі мүмкін деп отыр.
Біз қазір империяның күйреуіне куә болудамыз. Бұл қыздыртпа қызыл сөз емес. Ресей тарихында бұдан да ауыр жылдар болған, бірақ дәл осындай жексұрын заман болған емес.
Жанат Ардақ