"Бізде жаңа заң қабылдап, Ресейдегі секілді әлеуметтік желіні бұғаттайды"

3262

AMANAT партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заң жобасына журналистер мен құқық қорғаушылар ішінара наразы. Себебі бұл "балаларды қорғау" деген желеумен қабылданғалы жатқан цензура болуы мүмкін. Құжат қабылданса, билік "өзіне жақпаған" жазбаларды танымал әлеуметтік желілерден "24 сағат ішінде өшірткізіп тастап отырмақ".

"Бізде жаңа заң қабылдап, Ресейдегі секілді әлеуметтік желіні бұғаттайды"

Іnbusiness.kz тілшісі наразылық білдіргендердің пікірін ұсынады.

"Интернет-жандармерия құрмақшы"

"Достар, кеше өкінішке қарай мәжіліс екінші оқылымда балаларды қорғау туралы заң жобасын қабылдады. Бұл заң жобасы аясында балаларды кибербуллингтен қорғауды желеу етіп Ақпарат және қоғамды дамыту министрлігіне месенджерлер мен әлеуметтік желілердегі контентті реттеу бойынша айырықша құзырет берілмек. 
Мәселен, бұл жобаға сай интернет платформалардың "заңды өкілдері" болуға тиіс. Ақпарат министрлігі сол өкілдерге 24 сағат ішінде нені өшіру немесе жасыру керегін бұйырып отырады. Яғни ақпарат министрлігі нені заңға қайшы деп тапса, сол контентті жоюға пәрмені болмақ. Ал мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер бұйрықты орындаудан бас тартса, орындамаса блокталуы мүмкін.

Заң жобасын енді сенат мақұлдап, президент қол қойса болды. Оны қабылдайтын болса, біздің заңымыз дәл ресейдікіндей болмақ. Біздің заң жобасының авторлары ешкімді бұғаттау ойымызда жоқ дейді. Онда  заң жобасына мұндай тармақты енгізудің не қажеті бар еді деген сұрақ туындайды. Ресей дәл осы заң бойынша шетелдік әлеуметтік желілерді бұғаттап тынды. 

Бұл заң тек шенеуніктерге ғана тиімді екеніне толық сенімдімін. Бұл заң қорғаса, тек шенеуніктердің балаларын ғана қорғайды – олар әке-шешелеріне қатысты скандалдар мен зерттеулерден қорықпайтын болады. Әлеуметтік желілердегі кибербуллингтің "жойқын ауқымын" дәлелдейтін толыққанды алдын ала зерттеулер жасалмағанына сенімдімін. Оған қоса, балалар мәселен Facebook қолданбайды. Ал заңның қолданыс күші айына 100 мың пайдаланушысы бар барлық интернет платформаларға (!) жүреді. Яғни барлығына қолданылады", – деп жазды Factchek.kz жетекшісі Әділ Жалилов

Оның айтуынша, негізінде бұл платформалардың әрқайсының деструктивті контентпен күрес саясаты бар, мұндай контентке шағымдану мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда қазір біздің шенеуніктердің оларға әмірі, талабы жүрмейді. Өздерін сынайтын немесе әшкерелейтін посттарды алып тастай алмайды. 

"Шетелдік юрисдикция арқасында біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сөз бостандығын сеземіз, оны қолданамыз. Дәл осы сөз бостандығын біздің шенеуніктер шектегісі келеді. Бұл заң жобасының ешкімге қажеті жоқ. Әлеуметтік желілерде өз аккаунттары мен каналдары арқылы материалдарын таратып отырған БАҚ-тарға да, блогерлерге де, қарапайым пайдаланушыларға да, бизнеске де пайдасы жоқ. 

Қайта керісінше әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шектен шыққан жағдайларға назар аудартып, мұқтаж адамдарға көмек жинауға, бір бірімізге ақпарат беруге көмектеседі. 

Ақпарат министрлігін нағыз Интернет-жандармерия немесе желідегі НКВД ететін бұл қауіпті заң жобасы тек шенеуніктерге ғана қажет. Мен бәріңізді осы заң жобасына қарсылық білдіруге шақырамын. Бұл әрқайсымызға қатысты. Егер билікті біздің балаларымыздың тағдыры алаңдататын болса, "Абайдағы бала" (Түркістан облысында 2018 жылы болған баланы зорлау оқиғасы – авт) және басқа да жаға ұсататар жағдайлар болмайтын еді. Бұл жағдайлар да тек әлеуметтік желі арқасында жария болғанын естен шығармайық", – дейді Әділ Жалилов.

"Әлеуметтік медианы бұғаттағанмен, мектепте, көшеде балаларға буулинг жасалмайды деп ойлайсыз ба?"

"Онсыз да әлеуметтік желі, ақпараттық порталдар жиі бұғатталып, сөз бостандығы шектелетін авторитар мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ал бұл заңның көмегімен Ресей мен Солтүстік Кореяның арасынан бір-ақ шықпақпыз.
буллингпен күрестің мыңдаған түрлі әдісі бар. Ең нәтижелісі – оқу-ағартумен айналысу, халықтың білім деңгейін көтеру, құқықтық мемлекет қалыптастыру. Әлеуметтік медианы бұғаттағанмен, мектепте, көшеде балаларға буллинг жасалмайды деп ойлайсыз ба? 

Шынтуайтында, бұл заң буллиңпен күресу үшін емес, біздің сөз бостандығымызды шектеу үшін қабылданып отыр. Путиннің басқыншы соғысының өзі "Донецк пен Луһанск халқын қорғау", "неонацистерден азат ету" деген "ізгі" мақсаттармен бүркемеленген", – деп жазды журналист Оразай Қыдырбаев.

"Қажет болған жағдайда барлығын шектеуге мүмкіндік береді"

"Біз, цифрлық құқық саласындағы сарапшылар, құқық қорғаушылар, журналистер, Қазақстан тұрғындары мемлекет билігін балаларды кибербуллингтен қорғаймыз деген сылтаумен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бақылауды күшейтетін заң нормасын қабылдау туралы ойдан бас тартуға шақырамыз.

Мұндай ұсыныс адам құқықтары мен қызығушылықтарын бұзады. Олар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне балаларды қорғау мақсатында кез келген контентті өшіруді талап етуге, қажет болған жағдайда барлық шетелдік интернет-платформаларға қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді. Бұл түзетулер конституцияға қайшы, себебі ҚР Конституциясының 20-бабын бұзып тұр.

Заң жобасы қабылданған жағдайда мұндай тәсіл адам құқықтары мен еркіндігін шектеп қана қоймай, тұрғындардың біраз бөлігінің табысына да қауіп төндіреді. Себебі 12 млн қазақстандық азамат Instagram пайдаланса, оның бір бөлігі бизнесті жүргізу үшін қолданады. Кәсіпкерлер мен әлеуметтік жобалардың басым көпшілігінің негізгі ілгерілету және коммуникация арнасы – әлеуметтік желі мен мессенджерлер. Интернетті бір сағатқа бұғаттаудың өзі желі қолданушылары мен ұлттық экономикаға үлкен шығын келтіретіні белгілі, ал бұғаттауға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау артық және контрпродуктивті бастама. Тұтас бір платформа немесе сервисті бұғаттау, оны заңға қайшы қолданғанның өзінде дұрыс емес шара. 

Ал кибербуллингтен қорғайтын басқа да тиімді және ойға қонымды тәсілдер бар. Мәселен, платформалардың жеке механизмдері, құқық қорғау тәсілдері, психологтармен жұмыс және қорғаулы бағдарламалық жабдықтау, сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналарына цифрлық тазалық пен қауіпсіздікті үйрету. Мұндай заң жобасы Қазақстанның халықаралық беделіне де нұқсан келтіретіні анық, себебі ол әсіресе Ресей мен Қытай қолданатын сұрқия заң мен тәжірибеге жатады".
Бұл – сарапшылардың мәлімдемесі

P.s. Заң жобасы "Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. 

Мәжілістің 9 наурыздағы жалпы отырысында депутат Жәмила Нұрманбетованың түсіндіруіне қарағанда, әлеуметтік желілер Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы керек болады. Оған Қазақстан тарапы ұйғарым беріп, "Қазақстан заңына қайшы" деп көрсеткен ақпаратты 24 сағат ішінде өшіруге тиіс.

"Бұл заң жобасы интернеттегі құқыққа қайшы контентпен күресу механизмін айқындайды, балаларды кибербуллингтен қорғайды", – дейді Жәмила Нұрманбетова.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жолдады. Сенат мақұлдаса, ары қарай Президентке қол қоюға жөнелтеді.

Заң жобасы былтыр қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданған тұста да наразылық болған. Ол кезде петиция жарияланған. Дегенмен қарсылық әлі толастар емес.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу