Бизнесмендер мен депутаттар күнбағысқа таласып жатыр

10584

Бұл өнім әлемде сирек өседі.

Бизнесмендер мен депутаттар күнбағысқа таласып жатыр Фото: inbusiness.kz

Бір қарағанда, күнбағыс өсіру қиын еместей. Шемішке-шекілдеуігін жерге тастай салсаңыз, "қалпағы" күнге ұқсас өсімдік тіпті дуал шетінде де өсіп шыға келеді.

Шынында, бұл жер мен ел таңдайтын кірпияз өсімдік. Мысалы, кейінгі бес жылда күнбағысты әлемдегі 200-ден астам тәуелсіз елдің 72-сі ғана өсірген. Оның өзінде біразында астығы айтуға ыңғайсыз көлемде. Сондықтан дүниежүзі бойынша бұл дәнді дақылдың жалпы егістігі небары 25-26 миллион гектарды құрайды.

Бүкіл әлемде күнбағыс өндіретін 4 ең ірі мемлекет бар, оларды "маркетмейкер" деп атайды: өндірістің 82%-ы соларға тиесілі. Бұлар – Ресей, Украина, Еуропалық одақ, Аргентина. Ұзақ жылдар бойы майлы дақылдарды егуге баса мән бермей келген Қазақстан кейінгі онжылдықта тіпті АҚШ-ты артқа тастап, жер-жаһанда тез-ақ сегізінші орынға шықты. Алдымызда тек Түркия, Қытай және Оңтүстік Африка республикасы.

Басқаша айтқанда, күнбағыс жарықтық әлемде оншақты елді ғана жерсінді және оның бірі – Қазақ елі.

Мұндай қарқынмен республикамыз әлемдегі маркетмейкерлер қатарына ене алар еді. Алайда күтпеген жерден бұл салада дағдарыс пен дау-жанжал туындады. Мысалы, өндірушілер мен трейдерлер күнбағыс дәндерін шетелге жаппай экспорттауға кең жол ашуды талап етуде. Парламент депутаттары болса, бұл өсімдікті арзанға шикізат түрінде шығаруды доғарып, оны дайын өнімге дейін өңдеуді ұсынды. Мысалы, көрші Өзбекстан бізден шекілдеуікті су-тегінге тонналап тасып, одан өнімнің түр-түрін жасап, әлемдік нарықты жаулап жатыр.

Қазақстанның астық одағы Үкіметке күнбағысқа экспорттық бажды нөлге теңестіру туралы ұсыныспен шықты және соған табандап отыр. Одақ өз ұстанымын келесідей дәйектеді: біріншіден, күнбағыс шемішкесіне баға төмендеп кетті. Екіншіден, фермерлер екінші жыл қатарынан күрделі маусымды бастан өткеруде. Биыл жауын-шашынның мол болды да, астықтың сапасы құлдырады. Үшіншіден, егіншілер бидай сияқты дәстүрлі дәнді дақылдармен бірге майлы дақылдарды да егеді, егер соңғыларының экспортын ынталандырса, онда олар диқандарға биылғы маусымды табыспен аяқтауға көмектеседі.

Қазақстанда баж салығы енгізілгелі күнбағысты елде өңдеу ісі өркен жайды, өндірілетін күнбағыс майының көлемі артып, елде сұйықмай біршама арзандады. Жаңа өңдеу кәсіпорындары іске қосылуға дайындалуда. Бірақ мұның бәрі егіншілерге жайсыздау болып тұр: олардың табысы азайды. Күнбағыс экспортына баж түрінде тосқауыл қойылды, ол астықты шетелге сатудан түсетін түсімді кемітті.

Отандық өңдеу кәсіпорындары қазақстандық шекілдеуікті сатып алу құнын төмендетті. Фермерлер олардан қымбат сатып алуды талап ете алмайды. Сөйтсе, қазақстандықтар бауырсақтан бастап, барлық тамақты істеуде пайдаланатын аса маңызды сұйық май қымбаттайды, оның тапшылығы туындауы мүмкін. Сол себепті олар Үкіметтен экспортта жеңілдік беруді табанды сұрауда.

Астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов экспорттық баж енгізілгелі бірқатар фактор өзгергеніне назар аудартты.

"Келіңіз, санайық: әр тонна үшін 100 еуро көлеміндегі баж алымы күнбағыс тұқымының әр тоннасының бағасы 240-260 мың теңге болған кезде енгізілді. Қазіргі кезде ең жақсы дегенде баға 190 мың теңгеге барады. Ендеше бажды да өзгерген бағаға сайма-сай күйде төмендетсе, әділетті болар еді. Шындап келгенде, баж көлемі 100 еуродан төмен болуға тиіс, – деді Оспанов.

Сондай-ақ ол ағымдағы аграрлық маусымның шарттары назарға алынуы керектігін қаперге салды. Біраз ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша өндірушілер төменгі рентабелділікпен, немесе мүлдем табыссыз, тіпті шығынмен жұмыс істеп жатқан көрінеді. Мұндай жағдайда майлы дақылдар шаруашылықтардың түсімін арттыра алады.

"Егер маусым әдеттегідей болғанда, біз баж алымын нарықтық бағаның төмендеуіне барабар көлемде төмендетуді сұрайтын едік. Дегенмен, астықшылардың табыстары екінші жыл қатарынан құлдырауда. Соған байланысты біз ең құрығанда биыл бажды нөлге теңестіруді сұрап отырмыз. Сонда фермерлер "Аграрлық несие корпорациясы", "ҚазАгроҚаржы" сияқты қаржылық институттар, банктер, сондай-ақ тұқымды, тыңайтқышты, өсімдікті қорғау құралдарын, басқа ресурстарды жеткізушілер алдындағы берешегін өтей алады", – деді одақ басшысы.

Осыған орай ұйым Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринге, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа тиісті ұсыныс енгізді. Астықшылар дегеніне жетуі мүмкін. Мысалы, ел тарихында бұрын-соңды болмаған тапшылықтан дыр-дыр жыртылған бюджетті жамау үшін Қаржы министрлігі биыл бидай мен арпаға баж енгізбек болды. Ал, өндірушілер, салалық одақтар әр жақтан қаумалап, бұл шешімнің теріс салдары көп екеніне Үкіметтің көзін жеткізді.

"Солтүстік астығы" компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабановтың айтуынша, ағымдағы 2023-2024 маркетингтік жылда, былтырғы қыркүйектен биылғы шілде аралығында Қазақстан шетелге 164,6 мың тонна күнбағыс тұқымын өткізе алды. Соның ішінде 153,7 мың тоннасын – Қытай, 7,1 мың тоннасын – Өзбекстан сатып алды.

Салыстырсақ, бір жыл бұрын ұқсас кезеңде халықаралық нарыққа 283,8 мың тоннасын жөнелтіп үлгерген еді. Соның ішінде негізгі импорттаушыларымыз ҚХР – 181,4 мың тоннасын, ал, Өзбекстан – 85,3 мың тоннасын тасып алған болатын.

Экспорттың осылай құлдырағанына қарамастан, күнбағыс өсірілетін егіс алқабының ауқымы артып келеді. 2021 жылы күнбағыс 958,5 мың гектарды алып жатса, 2022 жылы егістік көлемі – шамамен 1 млн 91 мың, 2023 жылы – шамамен 1 млн 178 мың, биылғы 2024 жылы – 1 млн 287 мың гектарға дейін ұлғайды.

Мамандар биыл күнбағыс бітік шыққанын, ауа райы қолайлы болғанын айтады. Орташа шығымдылығы гектарына 14,5 тоннадан айналады. Салыстырсақ, кейінгі жылдары күнбағыстың бүкіл салмағын қоса есептегенде, орташа өнімділік гектарына тек 12-13 тоннадан келетін.

2024 жылы Қазақстан 1 млн 815 мың тонна күнбағыс дәнін (шемішкесін) жинауы мүмкін. Бұл көрсеткіш еліміздің әлемдегі маркетмейкерлердің үздік бестігіне кіруге жарар еді. Бірақ жаһанға өткізетін өнім көлемі құлдырағандықтан халықаралық нарыққа қуатты ықпал ететін держава қатарына кіре алмайды.

Есесіне, Қазақстан мол астықты өзінде өңдеп, дайын өнім түрін көбейте бастады. Отандық сауда орындарында, супер-гипермаркеттерде күнбағыстан жасалатын – қапталған шекілдеуік-шемішке, халуа, козинаки, маргарин тауарлары арасында қазақстандық өнімдер көбейді.

Мамандар күнбағыстан тек азық-түлік қана емес, сонымен қатар дәрі-дәрмек пен ішірткілер, малды тез семіртіп, бордақылайтын қуатты, протеинді азық-жем, тіпті қағаз, сабын, отын, лак-бояу өнімдерін, каучук және басқасын алуға болатынын айтады. Күнбағыс егістігі қасындағы омарталар ең дәмді, бағалы бал береді. Бұл өсімдікті декоративті өсімдік ретінде сатып, гүл шоғына қосатын салондар да көбейді.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов күнбағысты шикізат түрінде сата бермей, дайын өнімге дейін өңдеуді жақтайды. Ол да әріптестерімен бірге Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жүгініп, тиісті ұсыныстарын енгізді. Депутаттардың ұсынысы Астық одағының ұсынысына қайшы келеді және экспортқа керісінше, шектеу қоюға бағдарланған. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі агроөнеркәсіп саласында өңделген өнімді 70%-ға ұлғайтуды тапсырды.

Сенатордың айтуынша, жылдар бойы тек астықты экспорттау саясатын ұстанған Қазақстан ұтылды және бүгінде әлемдік нарықтағы өз позициясын жоғалтып отыр. Соңғы 10 жылда ол дәнді және майлы дақылдарын 63 елге экспорттаса, қазіргі нарығы 44 елге дейін азайды.

Сұлтан Мырзабекұлы бір жайтқа назар аудартты: өзінің ұланбайтақ даласында осы майлы дақыл жап-жақсы өсетініне қарамастан, Қазақстан оның бір бөлігін шетелден импорттайды. Неге? Биыл өнім шығымды болып, 1 млн 815 мың тонна күнбағыс дәні жиналғанның өзінде, оны өңдейтін отандық зауыттардың қуаттылығы шамамен 3,3 миллион тоннаны құрайды. Демек егіс көлемін ұлғайтып, өнім өндіруді көбейтуге, одан түскен барлық шикізатты ел ішінде дайын өнімдерге дейін өңдеуге болады. Оны көршілер сатып алуға құштар болады. Қазақстанмен сатыстырғанда, күнбағыс ОА елдеріне нашар өседі.

"Бүкіл Орталық Азияда майлы дақылдардың тапшылығы бар! Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан табиғи-климаттық жағдайларға және егіс алқаптарының шектеулі болуына байланысты бұл дақылды жеткілікті көлемде өсіре алмайды. Сондықтан Қазақстан Орталық Азияда 90% үлесі бар күнбағысты негізгі өсірушілердің бірі. Қытай барлық өсімдік майларының 36 миллион тоннасын тұтынады, жылына оның шамамен 11 миллион тоннасын импорттайды. Бізде осы өндірісті ынталандыру үшін шикізатымызды шетелге шығаруға тосқауыл қойылған, экспорттық баж енгізілген. Бірақ бұл модельдің қауқары шамалы. Бажға қарамастан, шикізат көрші елдерге экспортталуда", – деді сенатор.

Салдарынан, парадоксты жағдай қалыптасты: республикада шикізаты мол өндіріледі, оны өңдеуге арналған қуаттары бар, бірақ зауыттар небары 32% ғана жүктелген.

"Мысалға, көршілес Өзбекстанда шикізат экспорттауға тыйым салынған. Олар оны қайта өңдейді, тек дайын өнімді экспорттайды. Өзбекстан Қазақстаннан алған бидайды тартып, енді әлемдегі ең ірі ұн экспорттаушылардың үштігіне кірді. Бүгінде осыған ұқсас тәсілді майлы дақылдарға көшірді. Оларда күнбағыс тұқымын өңдеу қуаты жылына 1 млн тоннадан асты", – деді Сұлтан Дүйсембинов.

Сондықтан сенаторлар шикізат күйде шығаруды доғарып, майлы дақылдардан қайта өңделген сантүрлі өнім өндіру көлемін барынша өсіруді қамтамасыз ететін қорғау шараларын енгізуді ұсынды. Ондай шаралардың жоқтығы кесірінен, күнбағыс дақылын өзінде тым мардымсыз (60 мыңдай гектарда ғана егеді) өсіретін Өзбекстан оны Қазақстаннан сатып алып, өңдеу арқылы дайын өнімдер нарығында Қазақстанды ығыстырып, бұл саланың тізгінін де өзіне алып қоя бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу