Бизнесменге дағдарыста аман қалудың бес тәсілі

5697

Бизнес – сонымен айналысатын іскер адамның тәулігіне 24 сағат қолжетімді болуын талап етеді.

Бизнесменге дағдарыста аман қалудың бес тәсілі

Әсіресе, ірі бизнеспен айналысатын адамдар ұялы телефонының нөмірін ауыстырып, бір айға, оны айтасыз, бір аптаға көз ұшынан мүлдем "хабарсыз" жоғалып, демалысқа кете алмайды. Тіпті түн ортасында соғылған маңызды қоңырауға атып тұрып, жауап беруге міндетті. Бұл қатаң бәсеке майданында аман қалудың бір шарты. Тиісінше, қазіргі дағдарысты шақта физиологиялық және психологиялық зілбатпан ауыртпалық түсіп, стреске ұшырайтындар да осы азаматтар.     

Осы орайда белгілі психолог, коуч, қазақстандық және посткеңестік елдердегі ірі іскер тұлғалардың кеңесші-консультанты Юлия Бурлакова дағдарыс тұсында бизнес жүргізудің және жүнжуге берілмеудің 5 психологиялық әдіс-тәсілін айтып берді. Бұл кеңес тек бизнесмендерге ғана емес, барша азаматтар үшін құнды.

"Әлемдегі державалардың санкциялық соғысқа килігуі, ұлттық валютаның күрт құнсыздануы, әлемдік және ішкі нарықта сауда көлемінің құлдырауы көптеген кәсіпкерді қамықтырады. Олар осы дәуірдің аумалы-төкпелі кезеңдерінен, қилы да аласапыранды "тар жол тайғақ кешулерінен" компаниясын қалай аман алып өтемін деп толғанады, жабығады. Мұндай жағдайда бизнес жүргізу – алапат стресс. Бұл ретте келесі бес тәсіл іскер жанға бұдан да күрделі сынаққа да төтеп беріп, дауылға қайыспас қара нардай ілгері жылжуына септігін тигізеді.

"Өткінші қиындыққа бола, ұлы мұраттан көз жазбаңыз!"

Ең алдымен, өміріңіздің ең басты мәнін анықтап, өзіңіздің жоғарғы миссияңызға жүгініңіз. Бұл – адамзаттың тарихында, аса ауыр әрі ең қорқынышты замандарда сан сыналған әдіс.

Фашистік концлагерде азап шеккен, оның тауқыметі мен қасіретіне төзіп, бақуатты өмірге жеткен австриялық психолог Виктор Франкл сол тозақтан тек "не үшін өмір сүруім керек?" деген сауалға жауап таба алғандар ғана аман шыққанын жазды. Франклдың өзі мысалға, сол кезде кітап құрастырған және осы теорияны қалыптастырып, тереңдете зерттеуге назар шоғырландырған. Әрине, концлагерде қағаз бен қарындашты оған кім берсін?! Өз туындысын ол басында, миында жазып, күн сайын қайталап, болашақ кітабының әр бетін жаттап отырған. Бұл оған ақыры ас туралы ойлап, аштан қатпауына, нацистердің қорлығына күйіп, ақылдан адаспауына, жарқын болашағына апарар жолдан жаза баспауына көмектесті.   

Итальяндық психолог Роберто Ассаджиолиді де Муссолинидің фашистік өкіметі тұтқынға алып, темір торға жапқан. Осы уақытта психолог адамның өзін-өзі дамытуы және психотерапияның теоретикалық-әдіснамалық тұжырымдамасын ойлап тапқан. Қазақ күйшісі абақтыда жатып, күй шығарған. Андрей Туполев үй қамағында отырып, ұшақтарды жобалаумен айналысқан.

Егер олардың барлығы бастарынан бақ тайғанына қайғырып, қабырғалары қайысса, тек соған ғана назар шоғырландырса, олар бар ойымен, тұла бойымен күйзелістің және қасіреттің түпсіз тұңғиығына батып кетер еді.

Демек, ұлы мұрат әр адамда болуы керек, ол құндылық әрқайсымыздың қасиет тұтып қастерлейтін, өміріміздің мәнін айқындайтын қағида, көздің қарашығындай сақтайтын жәдігер, әрбіріміздің өткені-бүгіні-ертеңіне сәуле түсіріп, жарық шашып тұратын шамшырағы, рухани қазынасы.

Әр бизнесмен: "Мен бұл қиындықтарға берілмеймін, өйткені мына ұлы жобамды іске асыруым қажет!", "Мен осыған бола жүйкемді тоздырмауға тиіспін, себебі үміт артқан бүкіл ұжымыма сенімді көшбасшы, мығым тірек болуым керек!" деп ойлауға үйрену керек.

Өзіңіз мына сұрақтарға жауап табуға талаптанып көріңіз: "Мен осы бизнесті не үшін жүргізудемін? Осы ұжымды қандай ұлы мақсатқа бастап келемін? Мен әлі күнге бәріне қолды бір сілтеп, тәрк етіп тастап, безіп кеткен жоқпын, олай жасамауыма не ықпал етті?"   

Отбасыңыздағы, ұжымдағы, нарық сегментіндегі, осы елдегі төл бизнесіңіздің ұлы мақсатын түсінсеңіз, шыдам тостағанының кемерінен аса, лықсып төгілгелі тұрған эмоцияларыңызды сабырға келтіріп, ақыл мен сана таразысына тең тартылған прагматикалық қадамдарға көше аласыз.

"Күн сайынғы жоралғы-ритуалдарды сақтаңыз!"

Егер сіз намаз оқысаңыз, намазыңызды тастамаңыз. Егер медитациямен айналыса білсеңіз, оны кеудені кернер ішкі құйындарды басуға пайдаланыңыз.

Әрбір күнді аман өткеру де – өмірлік маңызды. Бұл үшін стрессті басқарудың екінші қағидасы бар: күн сайынғы жоралғыларды мұқият сақтаңыз. Егер күйзеліс адам бойын толық жаулап алса, ол ақиретке әкеледі: Нью-Йоркте дағдарысқа ұшыраған талай қаржыгер жуыну түгілі, тіс тазалауды да ұмытып, ақыры заңғар биік ғимараттағы кеңсесінен секіріп кетіп жатады.

Мұндай амал бізге жарамайды. Егер діндар адам болсаңыз, Жаратқан Иеге жалбарыныңыз, жақсы күндерден күдеріңізді үзбеңіз. Мешітке не шіркеуге бару да жақсы іс. Немесе салауатты өмір салтына бет бұрып, жақын жердегі турникке тартылыңыз. Сөйтіп, сіз стресс шығындаған физикалық, интеллектуалдық, рухани және эмоционалдық ресурстарыңызды қайта толықтырасыз. Ал рухани беріктікке физикалық қайрат-аскеза қосылса, ондай бизнесмен тауқыметтің екпіні мен тепкініне оңай шыдас береді.   

"Отбасыңызбен байланысты нығайтыңыз!"

Дағдарыс уақыты сенімді тыл болуын талап етеді. Сондықтан бұл кезде ата-анаңыздан, өз отбасыңыз мүшелерінен, серіктестеріңізден, достарыңыз бен әріптестеріңізден іргеңізді аулақ салмай, қайта олармен ықпалдастықты күшейте түскеніңіз жөн.

Британдық балалар психиатры Джон Боулби зерттеулер нәтижесінде бір деректі айқындаған: Екінші Дүниежүзілік соғыста ата-аналарынан ажыратылып, қауіпсіз ауылдық жерлерге жіберілген балаларға қарағанда, аяусыз бомбаланған Лондонда ата-аналарымен бірге қалған балалар қанды қырғын тақсіретінен тезірек айығып кеткен! Яғни, туған әке-шешесімен бірге тозақ отынан аман шыққан жасөскіндер тіпті бомбаның қалай жарылатынын да көрмеген сол құрдастарына қарағанда қиындыққа әлдеқайда төзімді болып шықты. Осыдан кейін Батыста "денсаулыққа пайдалы үйірлік сезім" теориясы (теория здоровой привязанности) қанат жайды.

Яғни, қасыңызда сенуге, арқа сүйеуге болатын адамдар неғұрлым көп болса, сізді дағдарыстың қауіп-қатерлері көп қорқытпайды. Бұл сасқалақтамай, саналы, сайма-сай іс-қимыл жасауға септігін тигізеді.

"Үйірлік сезім" жоқ ұжымдарда қызметкерлер арасында мазасыздық ұлғаяды, олар бір-біріне сенімсіз қарайды, жауапкершілікті бір-біріне сырғыта салуға дайын тұрады.

Күрделі шақта бизнесмен ретіндегі сіздің міндетіңіз – ұжымды адами қатынастар, жан жылулығы негізінде өз айналаңызға біріктіре түсу болмақ.

"Ахуалға жоғарыдан қараңыз!"

Тактикалық және стратегиялық деңгейлер арасында теңгерімді сақтауға үйрену өте маңызды. Тактика – компанияны аман алып қалу үшін бүгін қолдан келгеннің бәрі жасау, ал стратегиялық саты – қалыптасқан жағдайды тікұшақ биіктігінен шолу. Мұны "геликоптер вью" деп атайды және ол менеджердің негізгі білік-машықтарының бірі.

Батыста әрбір кәсіпкер мен менеджердің КҮН САЙЫНҒЫ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ЖОСПАРЫ бар. Ол жоспардың бір пункті – ағымдағы күн шығындарын қысқарту тәсілін табу. Ұсақ-түйек деп, ерінбеңіз: А4 форматындағы ақ қағазды ең арзан сататын жерді табыңыз. Бұл бүгін небары 50 теңге үнемдеуге мүмкіндік берер, ал 5 жыл ішінде ше? 

Бұл істе көрші Қытайдан үйренуге де болады: әр өмірді "мәңгілікпен диалог" деп түсінетін "аспанасты елі" бүгінгі күн картинасын 5000 жыл ауқымында қарастырады. Стреске бейімделудің маңызды жүйесі – ненің мәңгілік еместігін түсіну. Егер "дағдарыс бітпейді" деп ойласаңыз, сол дағдарыста қаласыз. Ата-бабаңыз бастан өткерген тауқыметтің қасында сіздің қиындықтарыңыз түкке тұрмайды. Тәубе деңіз.

"Өзіңізге инвестиция салыңыз!"

Сіз ешқашан массажға барып көрмедіңіз бе? Бизнестің күнделікті тірліктерін бір сәтке ысырып, СПА-салонға жазылыңыз. Немесе, тіл үйреніңіз, салауатты өмір салтын ұстануға көшіңіз. Балиге туристік сапарыңыз іске аспай қалды ма, жақындағы скверде күніне 40 минут серуен құрыңыз. Шабытыңыз бен тыныштығыңыздың бастау-көздерін іздеңіз.

Бұл ретте ақпараттық ағын және басқа да қуқы тірлік көріністерінен біруақ демалуға тырысыңыз. Әрине, кәсіпкер және менеджер ретінде жаңалықтардан түпкілікті бас тарта алмайсыз: сіз айналада болып жатқаннан ұдайы хабардар болуға тиіссіз. Сондықтан өзіңіз үшін қоғамды бос дүрбелеңге салмайтын, тек тексерілген айқын ақпарат тарататын журналистер мен БАҚ-тардың тізім-пулын қалыптастырыңыз, негізінен соларды қарауға уақыт шығындаңыз.  

Егер кілең байламшылдарды тыңдасаңыз, түске қарай асылып өлесіз! Онда ешқандай да психологиялық кеңестер көмектеспейді. "Дағдарыс жоқ, бәрі жақсы" дейтін ақпарат көздерін де тыңдау – аңғалдық. Онда құр қарап отырып, қапы қалуыңыз, кейін бармақ шайнауыңыз ықтимал. 

Білікті ақпарат құралдары жағдайдың қиын екенін жасырмайды, бірақ сонымен бірге шығар жолды да көрсетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу