Бизнесті жүргізу шарты сегізінші рет түзетіледі

2450

Қазақстанға тәуекел деңгейі төмен елдердің қатарына қосылу қажет. 

Бизнесті жүргізу шарты сегізінші рет түзетіледі

Үкіметте Дүниежүзілік банктің Doing Business және басқа да рейтингтерінде Қазақстанның әлеуетін арттыру үшін PISA, QS сияқты білім беру көрсеткіштері бойынша нақты шаралар жоспарын әзірлеу қажет екені айтылды.

Бүгінгі таңда Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елінің ішінде 28-орынға орналасқан. Осы көрсеткіш бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау, Ақтөбе облыстары көш бастап тұр. Бұған дейін үкіметке бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша 7 рет түзету топтамасы ұсынылған.  Қазан айының соңына дейін 8 -түзету енгізілуге тиіс. Бұл -премьер-министр Асқар Маминнің пәрмені. Алдағы түзету топтамасында кәсіпорындарды ашу және меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау жүйелеріне қосу кезінде инвесторлар үшін маңызды бизнес-процестерді жеңілдету реформалары қамтылуы керек.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің сөзінше, инвесторлар Standard&Poor’s, Moody’s және Fitch агенттіктері жасаған рейтингтерге ерекше назар аударады.

"Moody’s агенттігі Қазақстанға қатысты оң болжам жасады. Біздің ел кредиттік рейтингтің "инвестициялық" санатына кірді. Бірақ тәуекел деңгейі "орташа" деп сипатталды. 2025 жылға қарай елімізге тәуекел деңгейі төмен елдердің санатына ауысу қажет. Бұл - А деңгейіндегі кредиттік рейтинг. Оған Чили, Жапония, Польша сияқты елдер кіреді. Осы рейтингтен табылу үшін елімізге экономика құрылымын әртараптандыру, банк секторын сауықтыру, бюджет тәртібін күшейту қажет", – деді Руслан Дәленов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу