Смайылов: Бизнестің барлық мәселесі мұқият қаралады

3801

Оның айтуынша, бүгінде салада шешімін таппаған 250-ден аса мәселе бар.

Смайылов: Бизнестің барлық мәселесі мұқият қаралады

Премьер-Министр Әлихан Смайылов отандық бизнестің барлық мәселесі мұқият қаралатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Үкімет басшысы бүгін барлық бизнес қауымдастық үшін маңызды күн екенін атап өтті.

"Сіздер палатаның жаңа төралқа төрағасын сайладыңыздар. Осы ретте Абылай Исабекұлына ("Атамекен" ҰКП-ның бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов) еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға қосқан көп жылдық жұмысы үшін алғыс айтамын. Төралқаның жаңа мүшелері мен төрағасы Райымбек Баталов табыс тілейміз", – деді Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан "Атамекен" ҰКП-ның IX кезектен тыс съезінде.

Премьер-Министр "Атамекен" ҰКП-ның жаңа төралқа төрағасы Райымбек Баталов тәжірибелі маман, әрі бизнестің жұмысын түсінетінін жеткізді.

"Райымбек Әнуарұлы – бизнес саласында тәжірибелі азамат. Ол бизнес қоғамдастықтың талап-тілетін жақсы біледі. Қазіргідей күрделі кезеңде өзекті мәселелерді шешіп, қазақстандық бизнестің одан әрі өркендеуіне бірге жол ашамыз деп сенемін", – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Үкімет бизнестің проблемаларын біледі, әрі олардың шешу мәселесін ерекше назарда ұстайды. 

"Өткен жылы бірінші вице-премьер ретінде шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде апта сайын кеңестер өткізіп отырдым. Онда 18 сала бойынша бизнестің 360-тан аса мәселесін қарадық. Осы проблемалардың 75%-ы оң шешімін тапты", – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр кеше мемлекеттік органдар мен "Атамекен" ҰКП-ның өкілдерінің қатысуымен бизнестің мәселелері талқыға салынғанын айтты. 

"Кеңесте қосымша 250-ден аса мәселе айтылды. Жиында олар туралы айтылды. Үкімет осы сұрақтарды жұмысқа алып, белсенді түрде қарастырады. Барлық проблема мұқият қаралады", – деді Үкімет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу