БҚО-да Зашаған кентіне Бөкейхан атауы берілмек

1806

Оған Алаш атауын ұсынған топ қарсылық білдіріп отыр.

БҚО-да Зашаған кентіне Бөкейхан атауы берілмек

Батыс Қазақстан облысында Зашаған кентінің атауын өзгерту мәселесі дау туғызуда. Ұсынылған нұсқалардың ішінен Алашорда, Бөкей хан, Жұбан атаулары талқыға түскен. Алайда, қазіргі кезде жер-су атауларын өзгертуге уақытша мараторий енгізілуіне байланысты қандай да бір шешім қабылдауға тиым салынып отыр, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, Зашаған немесе орысша нұсқасындағы Зачаганск атауы Шаған өзенінің арғы жағы дегенді білдіреді. Үлкен кенттің атауын өзгерту жайы қоғамның назарын өзіне аударған кезде халықтың пікірін білу мақсатында түрлі деңгейде сауалнамалар да ұйымдастырылып жатты. Атап айтқанда, Facebook желісіндегі "Оралдан не хабар" тобындағы сауалға жауап бергендердің 1064-і "Алаш", 743-і "Бөкей", 277-сі Шаған атауын қолдаған. Ал "Мой город" сайтының сауалнама нәтижесі бойынша, сұралғандардың 65 пайызы ешқандай өзгерісті қолдамайтынын, 16 пайызы Алаш атауын, 11 пайызы – Бөкей хан, 3 пайызы Жұбан дегенді қолдаған. 

Алашорда атауын есте қалдыру мақсатында тарихи мекенге "Алаш" атауын беруді ұсынып жүргендердің бірі – қоғам белсендісі, блогер Нұрлан Сәдір. Тарихқа сүйенсек, Әлихан Бөкейханов 1918 жылғы 11 қыркүйекте Алашорданың Батыс бөлімшесін құру жөніндегі шешімге қол қояды. Жымтиты жеріндегі батыс бөлімшенің төрағасы болып Жанша Досмұхамедов тағайындалған. Алайда, қазақ автономиясын құру жөніндегі жоспардың жүзеге аспағаны белгілі.

Нұрланның айтуынша, Алаш атауының ұсынылып жүргенініне он шақты жыл болған. Ал үш жыл бұрын бес жүзге тарта жергілікті тұрғын қол жинап, бұл жөнінде ресми ұсыныс береді. Дегенмен, кейін Зашаған кентінің атын өзгерту мәселесі күн тәртібінде қаралған кезде Алаш немесе Алашорда деген нұсқаның мүлдем алынып тасталғанын естіген. 

Соңғы рет бірнеше жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселе 30 сәуір күні талқыланды. Нұрлан Сәдір жиналыстың өтетіні жөнінде оған бір жарым сағат қалғанда естіген және хаттамада "Зашағанды Бөкейхан кенті деп қайта атау туралы мәселе қаралатыны" туралы естіп, таң-тамаша қалған.

Жиналыс нәтижесінде көпшілік дауыспен Бөкейхан кенті деген атау қабылданып, тиісді құжаттардың облыстық ономастика комиссиясына қарау үшін жолданатыны хабарланады. Нұрлан Сәдірге 12 мамыр күні ҚР мәдениет және спорт министрлігінен жолданған хатта бұл жөнінде айта отырып, "Алайда, 2021 жылы ұлттық халық санағын уақытында және сапалы өткізу мақсатында Үкіметтің жергілікті атқарушы органдарға 2021 жылғы 1 мамыр – 1 қараша кезеңінде әкімшілік-аумақтың бірліктерді құру, тарату және қайта ұйымдастыру, сондай-ақ, елді мекендерінің құрамдас бөліктерінің атауын өзгерту және қайта атау туралы ұсыныстар енгізбеу туралы тапсырмасы келіп түсті. Осы ретте аталған мәселеге байланысты тиісті шешімдер  жоғарыда көрсетілген жұмыстар аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнама аясында қабылданады" деп жазылған. 

"Бөкейхан атауы жұмыс тобының отырысында көпшілік дауыспен қабылданды деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Мен басқа отырыстарға қатысқандардан да сұрастырдым, қол көтеріп, ашық дауысқа салу рәсімдері өтпеген. Қазіргі күні елімізде Алаш құндылықтары қайта оралып жатыр, жер-жерде оған байланысты атаулар берілуде. Мен біздің ұсынысымызды түрлі себептермен жергілікті билік қолдамай отыр деп ойлаймын, әйтеуір, қанша жылдан бері бұл мәселені көтеріп келе жатсақ та, алдымыздан түрлі кедергілер шыға береді",– дейді Н.Сәдір. 

Бөкейхан атауына қарсы айтылып отырған дәлелдің бірі – облыста Бөкей ордасы ауданы бар. Ономастикалық саясат тұрғысынан алғанда, бір облыстың ішіндегі бір әкімшілік-аумақтық бірліктің ішінде бірдей атаулардың кездесуі заң нормаларына қайшы келеді екен. Өз кезегінде Зашаған кентіне Бөкейхан есімін беруді қолдаған топ мүшелері де ірі мемлекет қайраткерінің  Батыс Қазақстан облысының аумағында Бөкей хандығын құрудағы тарихи еңбегін алға тартып отыр.  

Айта кетейік, Ресеймен шекаралас орналасқан Батыс Қазақстан облысында жер, елді мекен атауларының көпшілігі орыс тілінде. Оларды қазақыландыру бойынша жасалған кей қадамдар көпшіліктің қолдамауы салдарынан кейде жүзеге аспай да жатады. Мәселен, биыл Покатиловка, Трекин, Володар ауылдарының атаулары тұрғындар қарсы болғандықтан немесе жиналысқа жеткілікті деңгейде жиналмағандықтан өзгеріссіз қалды

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу