Германияның BMW автоконцерні әлем бойынша 8 мыңға дейін жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Қысқартудың басым бөлігі Германияда жүргізілмек. Осы мақсатта компания қызметкерлерге өз еркімен жұмыстан шығу үшін қомақты өтемақы ұсынатын бағдарлама іске қосты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
BILD басылымының мәліметінше, 2026 жылы өтемақы төлеуге 1 млрд еуро бөлінген, ал 2027 жылы бұл шығын бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Басылымның хабарлауынша, жалақысы жоғары, тәжірибелі қызметкерлер компанияда істеген әр жылы үшін шамамен 50 мың еуро алуы мүмкін. Мәселен, 12 жыл еңбек өтілі бар қызметкерге 600 мың еуро төленуі ықтимал. Handelsblatt басылымы жекелеген қызметкерлерге 650 мың еуродан астам өтемақы берілуі мүмкін екенін де жазды.
Бағдарламаға қызығушылықтың жоғары болғаны соншалық, BMW-ның ішкі порталына түскен өтініштерді өңдеу қиындаған. Сондықтан компания бұрын келіп түскен өтініштерді қарастырып алу үшін жаңа өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатты. Концерн өкілі қызметкерлердің бағдарламаға қызығушылығы жоғары екенін растағанымен, төлемдердің нақты мөлшері туралы ақпарат бермеді.
Компания басшылығы бастапқыда қомақты қаржы жұмсалғанымен, бұл бағдарлама кейін өзін-өзі ақтайды деп есептейді. BMW 2028 жылдан бастап жыл сайын шамамен 1 млрд еуро үнемдеуді жоспарлап отыр.
Жұмыс орындарын қысқартудың негізгі себептері – өндіріс тиімділігін арттыру, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және Neue Klasse жаңа буын автомобильдері іске қосылғаннан кейін кейбір әзірлеуші мамандарға деген қажеттіліктің азаюы.