Болашақ аналар бетпердесіз босануға рұқсат сұрауда

7861

Маскада естен танып қалу қаупі бар. 

Болашақ аналар бетпердесіз босануға рұқсат сұрауда

Перзентханалар тууға келетін әйелдерден ПТР-тест тапсырғаны жөнінде анықтамасының болуын талап етуде. Тиісінше, сол зерттеудің жүкті әйел бойында коронавирустың бар не жоқтығын көрсеткеніне қарай әртүрлі протокол және іс-қимыл алгоритмі қолданылады.

Босану алдындағы белгісіздіктің көбеюі аналардың үрейін ұшыруда. Бұған басқа бір алаңдатарлық мәселе қосылған көрінеді. Перзентін күтіп отырған аналардың белсендісі Екатерина Кийконың мәліметінше, перинаталдық орталық мамандары тәртіп бойынша және санитарлық талаптарға сәйкес, енді әйелдердің маскада босанатынын хабарлапты.

"Жақында ғана Шығыс Қазақстанда кейбір адамдардың тесті оларда КВИ бар деп қате, жалған нәтиже көрсеткеніне қатысты дау-жанжал болды. Салдарынан, сап-сау адамдарға да COVID-19 диагнозы қойылып кеткен. Мұндай ағаттық болса, одан әсіресе, аяғы ауыр әйелдер көбірек зардап шегеді ғой. Өйткені ондай жағдайда босандырудың мүлдем басқа хаттамасы іске қосылады. Сәбиді дүниеге келе сала, бірден анасынан айырады. Анасы алғаш рет емізу бақытынан айырылады. Бұл балаға психологиялық соққы болуы мүмкін. Сондықтан егер жүкті әйел өзін жақсы сезінсе, суық тиюдің немесе коронавирустың нақты белгі-нышандары болмаса, тест тапсырмауға рұқсат етсін. Әйтпесе, тест қателесіп, вирус бар деп көрсете ме деп қорқамыз", – дейді ол.

Екатерина Кийконы "бетпердемен ту" деген талап мазалайды.

"Ковид-тест КВИ-ден таза деп көрсетсе де, айы-күні жеткен болашақ ананы босану кезінде маска киюге міндеттейтін көрінеді. Бұған қандай қажеттілік бар? Бетпердемен туғанда нәресте немесе ананың өзі гипоксияға ұшырап, тұншығады ғой. Оның қаншама кері салдары болуы ықтимал. Аутизм, дцп да содан басталады емес пе! Біздің қазақстандық ғалымдар осыны зерттеп көрмеді ме екен? Олар: "ешқандай зияны жоқ" десе, сенуге дайынбыз. Әзірге ондай зерттеулерді таба алмадық. Егер бетпердемен туу кезінде әйел талып қалса, одан өзіне және балаға келуі мүмкін кесірлерге кім жауап береді? Бас санитарлық дәрігер осындай қаулы қабылдағанда нені басшылыққа алған?" – дейді ол.

Аналар бір мәселеге назар аудартады: мысалы, пандемия және карантинге қарамастан, өңірлерде тіс емханалары жұмыс істеп тұр. Оларда дәрігерлер сырқаттардан бетперде киюді талап етпейді, себебі ауыз қуысына өздері үңіледі. Демек, перинаталдық орталықтарда да аналарға босану кезінде маска тақпауға мүмкіндік беруге болар еді. Себебі, босандыру процесіне қатысушы дәрігер-акушер, медбикелер бетперде мен арнайы қорғаныш костюмінде болады.   

Өмірге адамзаттың жаңа өкілін әкелу күрделі іс: оның барысында болашақ ана тыныстау ырғағына бар назарын шоғырландыруы керек. Бетперде болса, бұған кедергі.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі бұл шараға ана мен баланы қорғау үшін барып отырғанын айтады: оларды коронавирустен барынша аман сақтап қалу қажет. Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша 9 мыңдай жүкті ананың бойынан коронавирус анықталған. Өткен жылғы тоғыз айда 136 аяғы ауыр әйел қаза тапты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ғиният Ажардың дерегінше, Қазақстанда КВИ-дің жатыр арқылы анадан сәбиге берілу оқиғасы тіркелмеді. Туылғаннан кейін бір апта ішінде сырқат анасымен араласу нәтижесінде 124 нәресте коронавирусқа шалдыққан. Бірақ дерт симптомсыз дерлік жүріпті: инфекция барын тек тест көрсеткен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу