"Болашақ" бағдарламасы жабыла ма?

6725

Миллиардтаған доллар шығын шығарылған бағдарлама елге күтілген нәтиже мен қайтарым әкелмеген.

"Болашақ" бағдарламасы жабыла ма?

"Болашақ" халықаралық стипендиясы Тұңғыш Президенттің 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған болатын. Келесі жылы отыз жылдығы аталып өтетін еді. Алайда соған жетпей қалуы да ғажап емес екен. Негізсіз емес.

Біріншіден, ашық көздерде жарияланған деректер бойынша іске қосылғалы бері "Болашақ" бағдарламасы аясында бюджеттен 2 миллиард доллардан астам ел қаржысы шығындалыпты. Билік бұрын қанша мақтағанымен, бұл бағдарламаның қарапайым халыққа пайдасы байқалмайды.

Мысалы, журналистердің "бұл бағдарламаның қайтарымы қайда, пайдасы неде?" деген сұрағына жауап ретінде жауапты шенеуніктер "Болашақпен" шетелде оқып келген кардиохирургтердің ондаған мың операция жасағанын, ондай 1 отаның орташа құны шетелде 10-20 миллион теңгеге дейін баратынын, соның арқасында ел бюджетінің қыруар қаражатты үнемдегенін үнемі алға тартады. Алайда медицина мамандары "Болашақ" бағдарламасынсыз-ақ шетелде тәжірибеден, тағылымдамадан өте алар еді. Оның үстіне олар елімізде отаны тегін жасамайды. Әрбір операция үшін Медсақтандыру қорынан миллиондаған теңге сома бөлінеді.

Екіншіден, бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы құрылған квазимемлекеттік ұйымы – "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозованың мәліметінше, "Болашақ" аясында үш онжылдық ішінде 15 мыңнан астам маман шетелде даярланыпты. "Олар халық игілігі үшін ел экономикасының басымдықты секторларында жұмыс істеп жатыр" дейді А. Кәрібозова.

Алайда сарапшылар "болашақтықтардың" 5 жыл жұмыспен өтеу мерзімі аяқталған соң белсенді түрде шетелге эмиграцияланып, көшіп кетіп жатқанына назар аудартады. "Болашақтықтардың" өздерінің мойындауынша, кейбір келісімде оқу ақысының 56 миллион теңге тұратыны көрсетілген. Оны өтеу қажет. Бір маманды осыншаға оқытып, 5 жылдан кейін ол шетелге кетіп қалса, елге қалпымен шығын емес пе?

Сондықтан Үкіметке "республикалық бюджет шығындарының және Қазақстанның сыртқы қарызының артуына байланысты "Болашақ" бағдарламасын жабу" туралы ұсыныстар түскен.

Үкімет мүшелеріне бағытталған хаттарда бағдарламаның "пайдалы әрекет коэффициенті", KPI (тиімділігінің басты көрсеткіштері) және ел экономикасына мультипликативтік әсері төмен делінген.

Үшіншіден, бағдарлама теңгенің құнсыздануына, елде шетелдік валюта тапшылығының туындауына жанама әсер етеді. Мысалы, бағдаламаға 2 миллиардтан астам доллар жұмсалғаны рас болса, осынша шетелдік валюта ішкі нарықтан сатып алынды, ел экономикасынан алып қойылды деген сөз. Демек теңге бағамының әлсіреуіне біраз ықпал етуі ғажап емес. 

Бұл ретте мысалы, Ұлыбританияда оқитын "болашақтықтарға" шамамен үш мың доллардай стипендия төленетін көрінеді. Стипендиаттардың жол ақысын, ұшақ билетін де бюджет көтереді.

Төртіншіден, дамыған елдерде оқып келген жастардың Қазақстанның ішкі жағдайын, ерекшеліктерін білмейтіні, тіпті түсінгісі келмейтіні аңғарылады. "Болашақ" түлектері арасынан тағайындалған әкімдер мен басқа да басшылар қарапайым халықпен сөйлесе білмейтіні, бұқараның тілін табуға тырыспайтыны, негізінен, нақты жұмысқа емес, бедел-имиджге баса мән беретіні біраздан айтылып келеді. "Батыстық құндылықтарды қабылдаған кейбір түлек ұлттық құндылықтардан жериді" деген тұжырым бар.

Өзін "болашакер" атайтындар тек өздеріне арналған жиындар, "тусовкалар", іс-шаралар өткізетіні де құпия емес. Жыл сайын тек "Болашақ" түлектеріне ғана арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі.

Басқаны айтпағанның өзінде, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның президенті, "Болашақ" түлегі Айнұр Кәрібозова "Электронды үкімет" порталындағы қарапайым халықтың арыз-шағымдарын қабылдауға арналған "Ашық диалог" тұғырнамасындағы блогында әлі күнге дейін бірде-бір адамның өтінішіне жауап бермеген. Онда бірде-бір жазба қалдырмаған.

Бұл жерде "бәлкім, жұрт оған сұрақ қоймаған болар?!" деген ой келуі мүмкін. Алайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз блогына түскен журналистердің, былайғы жұрттың өтініштерін құзыретіне қарай "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президентінің блогына жолдапты. Олардың бәрі "өтініш мемлекеттік органның қарауында жатыр" деген мәртебеде сүрленіп жатып қалды.

Мысалы, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Еділ "Қазіргі әлемдегі Қазақстан" пәнінен "Болашақ" бағдарламасы жайында курстық зерттеу жұмысын жазуы қажет болыпты.

"Ренжімесеңіз, төмендегі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын. Шетелден елге оралмайтын жастарға қатысты қандай заң талаптары қарастырылуда? Жастардың шетелге ағылуына мемлекеттік жоғары оқу орындарының білім беру деңгейі қаншалықты әсер етеді? Болашақ бағдарламасының түлектерінің қаншасы елде мамандығы бойынша жұмыс жасап жүр?", – деген дұрыс сұрақтар қойған Еділ.

Бұл жерде мәселе халық алдында есеп беру жайында болып отыр. Алайда оқушының сауалы былтырғы қараша айынан бері жауапсыз жатыр.

Бесіншіден және ең бастысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде "Болашақ" бағдарламасына көңілі толмайтынын анық білдірді. Мемлекет басшысы бұл білім беру бағдарламасы жұмыс бағдарын өзгертетінін мәлімдеді.

Сарапшылардың айтуынша, алыс шетелге жастарды оқытуға жіберу бірте-бірте тыйылуы мүмкін. Қазақстан ресейлік білімге басымдық бермек. Бұл стипендия алда техникалық мамандықты таңдағандарға ғана берілуге тиіс.

"Біз экономистерді, заңгерлерді, менеджерлерді тым көп шығарамыз. Енді білім беру ісін техникалық рельске көшіру қажет. "Болашақ" бағдарламасын біз қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды бірінші кезекте Ресейге, танымал техникалық ЖОО-ларға бағыттайтын боламыз. Қазақтар, жас қазақтар техниканың маманы болуға тиіс, бұған мен бек сенімдімін", – деді Қ. Тоқаев.

Яғни жабылмағанның өзінде, бұрынғы күйдегі "Болашақ" енді болмайтынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу