Болашақта сіздің орныңызға өз көшірмеңіз өмір сүре ме?

218

Адам миы – ғаламдағы ең күрделі құрылымның бірі. Оның нейроны мен байланысының саны галактикадағы жұлдыздан да көп. 

Болашақта сіздің орныңызға өз көшірмеңіз өмір сүре ме? Фото: ЖИ

Бүгінгі ғылым алдында тұрған ең ірі сынақтың бірі – адамның санасын цифрлық тасымалдаушыға көшіру. Яғни сананы цифрландыру. Осы бағыттағы зерттеулер қарынды жүргізілуде.

Зерттеулер мен мысалдар

Сананы цифрландыруға бірнеше негізгі кедергі бар.

Біріншіден, мидың толық картасын жасау қажет. Яғни барлық нейрондық байланысты түсіну керек.

Екіншіден, сананың механизмі анықтау маңызды. Сана тек биологиялық процесс пе, әлде оны цифрлық жүйеде қайта жасауға бола ма? Осы сұрақтың жауабын анықтау керек.

Үшіншіден, есептеу қуаты үлкен рөл атқарады. Адам миында шамамен 86 миллиард нейрон бар, олардың әрқайсысы жүз триллионнан астам синапс арқылы байланысқан. Сонымен қатар, нейрондар арасындағы сигналдарды өңдеуге нейроглия жасушалары да әсер етеді. Олар нейрондардан 10 есе көп болуы мүмкін. Мұның бәрін толық модельдеу орасан зор есептеу ресурсын талап етеді.

Қазіргі ғылым әлі сананы толық цифрландыруға қол жеткізе қоймағанымен, мидың жұмысын зерттеу, нейроинтерфейсті жасау және суперкомпьютерді пайдалану бағытында елеулі жетістік бар. Егер болашақта есептеу қуаты жеткілікті болып, сананы цифрландыру принципі анықталса, бұл технология шындыққа айналуы мүмкін.

Мысалы, 2013 жылы итальяндық дәрігер Серхио Канаверо адамның басын трансплантациялау мүмкін екенін мәлімдеді. Ол жұлын тінін байланыстыру мәселесін фузоген арқылы шешуге болатынын айтты.

2017 жылы Қытайда Канавероның басшылығымен адамның басын мәйіттің денесіне ауыстыруға бағытталған нейрохирургиялық операция жасалды. Бұл операцияда жүйке талшығы мен қан тамырын қосуға тырысты. Дегенмен, кейбір ғалымдар оның нәтижесіне күмәнмен қарайды. Операция науқастың толық өміршеңдігін дәлелдеген жоқ.

Сананы зерттеуге арналған жобалар да бар. АҚШ-тағы "Human Connectome Project" мидың толық картасын жасап, нейрондық байланысты картаға түсіру арқылы ойлау мен сана процесін зерттейді.

Швейцариядағы "Blue Brain Project" суперкомпьютерді пайдаланып ми қабығының бөлігін цифрлық модельдеуге тырысты. Neuralink стартапы ми мен компьютер арасындағы тікелей байланыс жасауға бағыттады. Ал Nectome компаниясы өлген адамның миын химиялық консерванттар арқылы сақтап, болашақта оны цифрландыруды жоспарлайды. Жапонияның Brain Project компаниясы мидың жоғары дәлдіктегі симуляциясын жасау үшін кванттық есептеуді зерттеп жатыр.

Қашан және қалай іске асады?

Ғылыми қоғамдастық сананы цифрландырудың мүмкін екенін жоққа шығармайды. Болашақта жасанды нейрондық желілер дамыған сайын, сананы интернетке жүктеу сценарийі де ықтимал көрінеді.

Психолог Майкл Грациано бұл процесті ойлау эксперименті арқылы сипаттайды: сіз клиникаға сананы цифрландыруға барасыз. Процедура сәтті өтеді. Сіз өзіңіз болып қала бересіз, ал сіздің виртуалды көшірмеңіз виртуалды әлемде оянады. Ол сіздің білім, дағды, тәжірибе және естеліктеріңіздің толық жиынтығына ие болады.

Сананы толық цифрландырудың нақты уақытын болжау қиын. Себебі бұл бірнеше күрделі технологиялық және ғылыми мәселені шешуді талап етеді. Дегенмен, сарапшылар бұл процесті үш кезеңде дамуы мүмкін деп болжайды.

Біріншісі – қысқа мерзімді кезең (2025-2040). Нейроинтерфейс дамиды, AI сананың кейбір аспектілерін модельдейді, мидың нейрондық байланыстары зерттеледі.

Екінші – орта мерзімді кезең (2040-2070). Мидың цифрлық моделдері жасалады, кванттық есептеулер арқылы нейрондық желілерді өңдеу мүмкін болады, сананың алғашқы цифрлық көшірмелері пайда болады.

Үшінші – ұзақ мерзімді кезең (2070-2100). Толық сананы цифрландыруға қол жеткізу мүмкіндігі, цифрлық көшірме автономды түрде өмір сүре алады. Физикалық денеден тәуелсіз "цифрлық өмір" қалыптасуы ықтимал.

Яғни, сананы толық цифрландыру ХХІ ғасырдың екінші жартысында немесе ХХІІ ғасырдың басында мүмкін болуы ықтимал. Ал алғашқы қадам – нейроинтерфейс пен мидың цифрлық модельдері – қазірдің өзінде жүзеге асуда.

P.S. Айналып келгенде, адам санасын цифрландыру белгілі бір дәрежеде роботтандыруға ұқсас процесс. Бұл ми сигналын компьютерге көшіру емес, адамның ойлау қабілетін, естелігін және дағдысын цифрлық ортада қайта жасау дегенді білдіреді. Нәтижесінде адам физикалық тәнінен тәуелсіз өмір сүре алатын виртуалды немесе роботталған нұсқасына айналуы мүмкін. Ал біз сананы цифрландыруға дайынбыз ба?

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу