Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов ҚТФ баспасөз қызметіне берген эксклюзивті сұхбатында Елена Рыбакинаның Уимблдондағы сәтті өнер көрсетуінің сырын айтты.
– Болат Жәмитұлы, Уимблдонда Елена Рыбакинаның тамаша өнер көрсетуі сіз үшін тосынсый болды ма?
– Мен Еленаның жетістігіне өте қуаныштымын! Ол өте мықты қарсыластармен бетпе-бет келгенде өзінің тамаша мүмкіндігін және ең жоғары ойын деңгейін көрсете білді. Бірақ бұл біз үшін таңданатын жәйт емес. Рыбакина ұзақ уақыт бойы өзінің үздік матчтары мен табыстарына қарай бірқалыпты алға жылжып келеді. 2018 жылы ол әлемдік рейтингте екінші жүздіктің соңында болды, 2019 жылы үздік 40-тың қатарына енді, 2020 жылды 19-орынмен аяқтады. Ал 2021 жыл әлемнің 14-ші ракеткасы болса, биыл ол 12-орында келеді. Мұндай даму мен жоғары көтерілу ерте ме, кеш пе үлкен жеңістерге әкелері сөзсіз.
– Еленаның финалдағы ойыны туралы не айта аласыз?
– Лена керемет ойнады. Матчтың бағытын өзгертті. Қарсыласына жоғары қарқынмен қарсы тұрып, ойын жоспарын жүзеге асырды. Жабер соңына дейін күресіп, үшінші сетте есеп 3:2, 0:40 болғанда Лена жауынгерлік рухпен, қарсыласының ойынға қайта оралуына мүмкіндік бермеді.
– Жартылай финалдан кейін Рыбакина барлық жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіретінін айтты. Бірақ Лондонға ұшып, жеке қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ерекше алғысын білдірді. Бұл сіздің күтпеген жерден қабылдаған шешіміңіз болды ма, әлде қажет болған жағдайда ойыншыларымызға қолдау көрсету үшін ұшып баруды алдын ала жоспарлайсыз ба?
– Мен әрқашан командалық және жекелей ойындар болсын, ересек ойыншылардың да, жасөспірімдердің де матчтарын көруге тырысамын. Жыл бойы матчтардың көптігін ескере отырып, барлығын жеке бақылап отыру мүмкін емес. Теннисшілердің тек нәтижелерін қадағалаймын, жеке жаттықтырушыларымен талқылаймын. Бірақ "Мастерс" және "Үлкен Дулыға" сияқты үлкен турнирлерге мүмкіндігінше қатысамын. Ойыншылармен жеке әңгімелесіп, жаттығуларға қатысуды, оларды толғандыратын мәселелерді талқылауды ұнатамын. Сәтті өнер көрсетіп жатса, келіп, жеке қолдау көрсетуге тырысамын. Ярослава Шведова, Юлия Путинцева және басқа да ойыншыларымыз маңызды матчтарды ойнаған кезде мен сонда болдым. Дәл осы Уимблдонның орталық кортында Ярослава мен Ваня Кинг жұптасып GS жеңіп алғанда Қазақстанның әнұраны шырқалып, еліміздің туы көтерілді. Өткен жылы мен "Ролан Гаррос" ерлер арасындағы жұптық турнирінің финалында болдым. Онда біздің Александр Бублик пен Андрей Голубев өнер көрсетті. Бұл жолы да Еленаның қатысуымен өткен ширек финалдан кейін жеке қолдауға келдім. Уимблдонның Орталық кортында болу, қолдау көрсету ерекше сезім. Эмоцияларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
– Рыбакинаның Уимблдондағы сәтті ойынының құпиясы неде?
– Елена соңғы екі аптада тамаша ойнады. Допты ойынға қосуы жойқын, оң қолмен соққы, сол қолмен тұрақты соққылар және корттағы қозғалысы бәрі керемет. Әрине, толқу мен психологиялық қысым болды. Бірақ ол мұның бәрін еңсере алды. Ленаның халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқаны, ағылшын тілін жетік білуі, баспасөз конференциялары мен сұхбаттарындағы белсенділігі оның танымалдылығына және жанкүйерлерінің қолдауына үлкен септігін тигізеді.
– Бірақ "Уимблдонның" жасыл шөпті төсеніштері өте ерекше. Көптеген, тіпті бұрынғы және қазіргі ұлы ойыншылардың басым бөлігі спорттық мансаптарында мұнда ешқашан жеңіске қол жеткізе алмады.
– Елена – әмбебап ойыншы. Ол өзінің ең жақсы нәтижелерін "Үлкен дулыға" турнирлерінде және 2021 жылғы Олимпиадада көрсетті. Ролан Гарростың ширек финалында, Уимблдонда және Токио Олимпиадасында қола медаль үшін өткен матчта әртүрлі төсеніштерде ойнады. Егер барлығы да оңай болса, Әлемдегі ең көне және ең беделді турнир соншалықты ерекше болмас еді. Елена да негізінен 2 партияда жеңіске жетіп отырды. Алғашқыда америкалық Коко Вандевегемен өткен ойында 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін канадалық Бьянка Андреескумен – 6:4, 7:6, қытайлық Чжэн Цинвенмен – 7:6, 7:5, хорватиялық Петра Мартичпен – 7:5, 6:3 есебімен қиын ойындар өтті. Аустралиялық Айла Томляновичке қарсы ширек финал 3 сетке ұласқанына қарамастан, дәл осы матчта Елена чемпиондық үшін күресе алатынын көрсетті. Ал румыниялық Симона Халеппен өткен жартылай финал мұны растады.
– Рыбакинаның сәтті өнері бүкіл елдің назарын өзіне аудартты. Тіпті еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны Уимблдондағы жеңісімен құттықтады.
– Ел президенті спортты түсінетін және жақсы көретін, спорттағы басты оқиғаларды үнемі қадағалайтын адам. Ол теннисті түсініп қана қоймай, сонымен қатар кәдімгі теннисті де, үстел теннисін де ойнайды. Жақында Қасым-Жомарт Кемелұлының Түркия Президенті Ердоғанмен үстел теннисін ойнағанын көрген боларсыз. Қазақстан Президенті әрбір спортшының жетістігінің астарында талай қажырлы еңбек пен ұзақ уақыттың жатқанын жақсы біледі. Әрине, Елена да, Қазақстанның бүкіл теннис қауымдастығы да ел басшысының теннисшіміздің жетістігін атап өтіп, оны жеңісімен құттықтағанына дән риза болды.
– Қазақстан теннис федерациясының президенті ретінде Рыбакинаның табысынан кейін қазір қандай сезімдесіз?
– Бұл спортшының, оның командасының, ата-анасының қолдауының, көп жылғы қажырлы еңбегінің корттағы табысқа айналғанының айқын мысалы. Турнирлер арасындағы ұшақпен ұшу, ұйқысыз түндер, көп сағаттық жаттығулар, теннисшінің күнделікті өміріндегі қиындықтар өз жемісін берді. Ленаның мықты тұсы – оның интеллектуалдық деңгейі жоғары болуы, еңбекқорлығы және айналасында мықты команданың болуы. Атап айтсақ, дене шынықтырумен айналысуы, оны барынша спорттық бабына келтіру үшін барлық қажеттіні ұйымдастыратын бапкерінің еңбегі. Федерация негізгі жағдайларды жасады. Бірақ жеңістердің артында Лена мен оның командасының күнделікті жеке жұмысы жатыр. Міне, осының барлығы да ең беделді әлемдік додаларда еліміздің туын желбіретеді.
– Бірақ Рыбакина бір кездері мансабын аяқтағысы келді ме?
– Иә, 18 жасында Еленаның теннис жолында осындай кезең болды. Бірақ біз оның талантын бірден байқадық және ол үлкен спорттан кетудің алдында тұрған сәтте қолдау көрсеткенімізге өте қуаныштымыз. Біздің тарапымыздан дұрыс шешім қабылданды. Елена өзінің шынайы чемпиондық әлеуетін аша алды. Оның спорттық және өмірлік жолында ең маңызды кезеңде біздің федерацияның көмегі тиімді болды және біз оған мүмкіндік бергенімізге қуаныштымыз. Дәл осындай жүйелі дамумен Еленаны алда әлі талай жарқын жеңістер күтіп тұр.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Ермұхамед Мәулен