Болат Палымбетов пен Борис Титов меморандумға қол қойды

Артур Мискарян Артур Мискарян
10854

Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендері кәсіпкерлерді бірлесіп қорғау туралы келісімге келді

Болат Палымбетов пен Борис Титов меморандумға қол қойды

Ресейде бизнесін жүргізетін  қазақ кәсіпкерлерінің құқын қорғау шараларын қарастыру Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің кездесуі барысында талқыланған басты мәселе болды.

"Шетелде кәсібін жүргізіп отырған қазақстандық бизнесмен ақыл-кеңес алу үшін қайда  жүгіне алады, міне, осыған жағдай жасалуы керек, – деп мәлімдеді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Бүкілресейлік кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкілдер конференциясында сөйлеген сөзінде. – Бизнесмендер өздеріне қолдау көрсететін институттардың бар екенін білуі керек. Біздің бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты да осы".

Палымбетовтың айтуынша, "қазақ бизнесмендері шетелде құқы бұзылған жағдайда, шетелдік органдар тарапынан істеріне қандай да бір заңсыз киліккен кезде, біздің тарапымыздан қолдау болатынына сенімді болуы тиіс".

Ресейде жүрген отандық кәсіпкерлердің өз өнімдерін өткізу кезінде кездесетін мәселелер, көбіне, ресейлік серіктестері тарапынан тауарларды жеткізу міндеттерін орындауға, қаржылық міндеттерді қамтамасыз етуге, әкімшілік сипаттағы кедергілерге байланысты болып жатады. Болат Палымбетов Ресей президенті жанындағы кәсіпкерлер құқын қорғайтын уәкіл Борис Титов бастаған ресейлік әріптестерін осындай мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Ол Қазақстанда жергілікті уәкілетті органдар ресейлік кәсіпкерлердің өтініштерін назардан тыс қалдырмай, тиісті көмек көрсетілетінін атап көрсетті. "Міндет белгіленді ме, ол заң жүзінде орындалуға тиіс. Біз ресейлік кәсіпкерлердің барлық өтініштерін қарастырамыз. Қазақстандық контрагенттермен байланысқа шығып, барлық қажетті ақпаратты жедел түрде береміз", – деп мәлімдеді қазақ бизнес-омбудсмен. Оның айтуынша, Қазақстан өз тарапынан ресейлік кәсіпкерлерге алдағы уақытта да қамқорлық көрсетуге дайын, өйткені бизнестегі адалдық  - дұрыс экономикалық қарым-қатынастың кепілі.

Борис Титов баспасөз-конференциясында сөйлеген сөзінде көмек сұраған кәсіпкерлердің өтініштерінің саны үнемі артып келе жатқанын айтты. Ресей бизнес-омбудсмені мұның себебін екі фактормен байланыстырады: біріншісі, Ресейдегі әрі Қазақстандағы экономикалық ахуалдың нашарлығы, сондай-ақ омбудсмен институты беделінің өсуі.

"Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, Ресей кәсіпкерлерінің басым бөлігі бизнес-омбудсмен институтының бар екенінен хабардар. Соңғы жылдары бизнес-қауымдастық тарапынан түсетін өтініштер саны айтарлықтай өскен. Бұл – институттың кәсіпкерлер тарапынан сенімге ие болып отырғанының көрсеткіші", – деді Борис Титов.

Сонымен бірге, ресейлік бизнес-омбудсмен кәсіпкерлікті дамытуда елдер арасындағы тәжірибе алмасудың маңызына ерекше тоқталды. Қазақстанда бизнес-омбудсмен институты енді ғана қалыптасып жатқанымен, басқа да бизнесті қолдайтын тәжірибесі мол институттар бар екенін ресейлік уәкіл атап өтті. Сондай-ақ, бизнестің дамуына ықпал ететін мемлекеттік шараларды қолданудың әлемдік үздік тәжірибесі Қазақстанда ойдағыдай іске асырылып отыр.

"Қазақстандағы макроэкономика, экономикалық және іскерлік ахуал жайлы айтар болсақ, біздің үйретуден гөрі Қазақстаннан үйренеріміз көп. Ресейде кездесетін көптеген мәселе Қазақстанда жылдам әрі оңтайлы шешімін табады. Біз, бір жағынан, кәсіпкерлердің құқын қорғайтын уәкілдер ретінде тәжірибе алмаса аламыз, алайда мемлекеттің экономикалық саясаты, салық жүйесі, бизнесті қорғау және басқа да көптеген мәселе тұрғысынан алып қарағанда, Қазақстаннан үйренеріміз көп", – деп мәлімдеді Борис Титов.

Конференцияда "Өзара әрекеттестік және ынтымақтастық туралы" меморандумға қол қойылды. Аталмыш меморандумның мақсаты – екі мемлекет аумағында бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға қатысты қол жеткізілген келісімдер негізінде кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдердің алдағы ынтымақтастығын орнату.

Кәсіпкерлердің құқын қорғайтын уәкілдер арасындағы ынтымақтастықтың мемлекеттік деңгейде де, өңірлік деңгейде де қалыптасарына ресейлік тарап сенім білдірді. "Ынтымақтастығымыздың меморандумға қол қоюдан бастау алғаны өте маңызды. Ресей мен Қазақстандағы  кәсіпкерлердің құқын екі  елдің омбудсмені бірігіп қорғайтыны қайталанбайтын жағдай", – деп мәлімдеді Борис Титов.

Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу