"Bolt"-тың бұнысы не басынғандық?

3626

Ашынған адамдар биліктен шара қолдануды сұрайды. 

"Bolt"-тың бұнысы не басынғандық?

Коронавирус пандемиясына байланысты барлық өңірде билік бұқараны таксиге тәуелді етіп қойды. Қалаларда қоғамдық көліктің жүруіне біраз уақытқа тыйым салынды. Елдімекендер арасында да автобус қатынасына тосқауыл қойылды. Осыдан кейін онсыз да құны қымбат такси қызметі тіптен шарықтап кетті.

Жоғары бағасына қызметінің сапасы сай болса, ел соған да риза болар еді. Заңгер Төлеген Қасенов таяуда таксиді "Bolt" қосымшасы арқылы шақыртқанын айтады.  

"Түскі уақыт болатын. Сағат 16:35-ті көрсетіп тұрған. 3 минуттан кейін жауап келді, жүргізуші менің тапсырысымды қабылдағаны және 5 минуттан кейін жететіні айтылды. Оған дейін 16:38-де менің Каспи Голд картамнан белгіленген тариф бойынша 780 теңге ақша шешіп алынды. Бұл кезде автомобиль де келмеген, яғни мен такси қызметін әзірге пайдаланған жоқпын. Ол сол бойы келмеді. Сондықтан шағымдану үшін "Bolt" таксиінің интернеттегі сайтындағы нөміріне қоңырау шалдым. Оператор өздерінің басқа компания екенін және әртүрлі такси қызметтері бойынша түскен тапсырыстарға автокөлік беруді қамтамасыз ететінін жеткізді. Сонда "Болтқа" қатысты шағымды кім қабылдайды? "Қандай қосымшада таксиге тапсырыс берсеңіз, соған жазыңыз!" деп оператор телефонды қоя салды", – дейді Төлеген Әскерұлы.

Ол "Bolt"-тың халықаралық компания екенін және Эстонияда тіркелгенін анықтапты. Бірақ ұлттық заңнама бойынша Қазақстанда өкілдігін ашуы, тұтынушылардан шағым қабылдауға және оны түзетуге жауапты тұлғаларды бекітуі шарт.

"Осыдан Қазақстанда жолаушылар тасымалы секілді өмірлік маңызды, ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар салаға елімізде өкілдігін тіркемеген шетелдік компанияның еніп кетуіне шенеуніктердің қайсысы, нендей мақсатпен жол берген деген сұрақ туады. Қазіргі күрделі шақта қазақстандықтар үстінен күреп пайда табатын бұл заңды тұлға Қазақстан бюджетіне де салық төлемейді", – дейді ол.

Елімізде тұтынушылар құқығын қорғау саласына неге екені белгісіз, Сауда және интеграция министрлігі жауапты. Халық өкілдерінен түскен шағымға ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов өз блогы арқылы жауап берді. Одан түсінгеніміз – мұндай жағдайда министрлік қауқарсыз.

"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті өз құзыры аясында осы салада реттеу, бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асырады. Сондықтан мұндай мәселелермен Көлік комитетіне жүгінгендері жөн", – деді министр Б.Сұлтанов.

Қазіргі кезде ол комитет те қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Демек, мәселенің әзір реттелмейтін түрі бар.

Жалпы, аталған компания "қызметінен" өзге елдердің тұрғындары да зардап шегуде екен. Сондықтан әлеуметтік желіде әр мемлекеттің азаматтары бетімен кеткен компанияның қулығын өз бетінше құрықтау тәсілімен бөлісуде.

"Егер әлдеқалай жағдай болып, Bolt (оның Taxify немесе Болт такси деген атаулары да бар) таксиінің қызметіне жүгіне қалсаңыз, ешқашан картамен ақы төлеуді таңдамаңыз. Тек қана қолма-қол, тірі ақшамен есептесіңіз! Өйткені шақырылған жерге жеткен жүргізуші қайда баратынын білген соң одан тиімдірек тапсырысты байқаса, 5 минут ішінде сіздің тапсырысыңыздан бас тарта салады. Ал экранда "Вы не явились" деген ескерту шығады. Осы уақыт ішінде сіздің картаңыздан жол ақысын аударып алып кетеді. Бұл қулық олардың ережесінде жазылған. Тапсырыс жойылғаннан кейін жүргізушінің телефон нөмірі де қалмайды", – дейді Киев тұрғыны Александр Бойко.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылар Uber, ЯндексТакси және басқалары да кейде 5 минуттан артық күтпейтіні жөнінде пікір білдірді.

Дегенмен, барлығы да алданғысы келмейтіндерге алдын ала қолма-қол ақша дайындап қоюға кеңес береді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу