Болжам басқа еді

3434

Ел халқы одан сайын кедейленіп, қарыз еселене түскен.

Болжам басқа еді

Есеп комитеті 2016 жылдың республикалық бюджетінің игерілу барысын қорытындылады.

Болжам басқа болғаныменғ жағдай біз ойлағандай жаман емес көрінеді. Есепке сәйкес, жағымсыз сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан, елдегі макроэкономикалық жағдай "жағымды өсім жылдамдығы сақталды" деп сипатталып отыр. Бұл тікелей сыртқы жағдайларға тәуелді жекелеген секторларға ғана қатысты емес.

Жақсылықтан үміт бар

ЖІӨ-нің өсу жылдамдығы 101%-ды құрады, бұл алдын-ала болжалған көрсеткіштен 0,5%-ға жоғары. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының дамуы болжалған көрсеткіштен 1,6%-ға асып түсті. Ал өнеркәсіптің өсу жылдамдығы болжамда 1,7%-ға төмендейді деп көрсетілсе, іс жүзінде ол 1,1%-ға ғана қысқарды, сауда-саттық болжам бойынша 3,5%-ға төмендейді дегенмен, нақты көрсеткіш бойынша 1,4%-ға төмендеген, байланыс саласы 4,5%-ға төмендейді деп болжалса, іс жүзінде қысқару 0,4%-ды құрады.

Ескере кету керек, үкімет макроэкономикалық көрсеткіштерді 2015 жылдың қарашасында, 2016 жылдың ақпан және қыркүйек айларында бірнеше рет өзгерткен болатын. Ал 2016-2018 жылдардың республикалық бюджеті туралы заңды іске асыру жөніндегі үкімет қаулысы 31 рет түзетілді, оның 17 рет 2016 жылдың IV тоқсанында өзгертілген болатын.

Дегенмен болжамның бәрі үмітті ақтамады. Мысалға, құрылыс саласының өсу жылдамдығы 107,9%-ды құрап, болжалған көрсеткіштен 1,6%-ға төмендеді; көлік 103,7%-ды құрап, 0,3%-ға төмендеді. Қызмет көрсету саласындағы даму жылдамдығының төмендеуі оның ЖІӨ-дегі үлесінің 57,9%-ын құрап, 1,5%-ға қысқаруына әкеп соқты (2015 жылғы көрсеткіш – 59,4%). Тауар өндірісінің үлесі 0,9%-ға артып, 36,4% деңгейінде тұрақтады, бұл 2012-2014 жылдардағы көрсеткіштен төмен (37,6%-40,5%).

Негізгі капиталға салынған инвестицияның артуы экономикадағы жағымды көрсеткішке қолдау көрсетті, бұл көрсеткіш 105,1%-ды құрады (7,7 трлн теңге). Ал өз қаражатымыздан инвестиция салу соңғы үш жылда 878,1 млрд теңгеге ұлғайып, 2016 жылы 4,6 трлн теңгеге жетті, бұл негізгі капиталға салынған инвестицияның 60,7%-ын құрайды. Ең қызығы, инвестициялардағы мемлекеттік бюджеттің қаражаты 91,3 млрд теңгеге қысқарып, үлесі жалпы инвестиция құрылымында 15,2%-ға дейін төмендеді (2015 жылы – 18%). Сонымен қатар банктің несиелері есебінен инвестициялау да 15,2%-ға қысқарғанын айта кету керек (2015 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеді), бұл ұзақмерзімді банк ресурстарының тапшылығымен байланысты. Бірақ өзге қарыздар есебінен инвестиция салу деңгейі 155,7 млрд теңгеге өсті (2015 жылмен салыстырғанда 0,4%-ға өсті).

Қарыз ұлғайып келеді

Инвестицияның осылайша өсуінен Есеп комитеті қауіптеніп отыр, яғни елдің қарыз міндеттемелері артып келеді. Оның үстіне қарыз мөлшері де аз емес: 2017 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз мөлшері 11,4 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы жылдың деңгейінен 26,8%-ға артық. Жалпы алғанда соңғы бес жылда мемлекеттің және мемлекет кепіл берген қарыз үш есеге өсті! Дегенмен, ол әлі де болса қауіпсіз деңгейде, себебі ЖІӨ-нің 25,7%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдерінде – 60%). Сонда да мұндай үрдіс алаңдатпай қоймайды. Себебі елдің шетелге қарызы 2016 жылы 163,8 млрд долларды құрады, ал 2005 жылы алғаш рет елдің ЖІӨ-нің 22,1%-ына жетті. Бұл соманың ішінде үкіметтің қарызы бар болғаны 8,5%-ды құрайды (бірақ 2015 жылы үлес 0,2%-ға өсті). 2014-2016 жылдары негізгі қарыз алынған халықаралық қаржы ұйымдары: Халықаралық қайта құру және даму банкі (31,3%), Азиялық даму банкі (15,4%), Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігі (3,7%), Еуропалық қайта құру және даму банкі (1,6%).

Сыртқы қарыздың басым бөлігін фирмааралық қарыздар құрайды, оның мөлшері – 55,7%, немесе 91,3 млрд доллар. Мемлекеттік басқару органдарының қарызы 7,4%-ды құрайды (2015 жылы 7,3%). Банк секторының сыртқы қарызы – 4,4%.

Жалпы сыртқы қарыз құрылымында 33% үлес экономиканың өзге секторына, оның ішінде квазимемлекеттік секторға тиесілі. Айта кету керек, квазисектордың қарызы өткен жылы 6%-ға қысқарып, 13,3 трлн теңгені құрады. Квазимемлекеттік сектор қарызының құрамын бағамдайтын болсақ, негізі үлес "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі (69,6%). "Бәйтерек" холдингінің үлесі 2015 жылы 18,4% болса, 2016 жылы 22,9%-ға жетті. Оған "Қазақстан даму банкі" АҚ-ның 1,8 трлн теңгеге дейін қарыз алуы себеп болды. "ҚазАгро" холдингі де қарыз мөлшерінің көбеюіне ықпал етті – қазір оның үлесі 7,4%-ды құрайды, 2015 жылы 7% болатын. Қорыта айтқанда үкімет пен квазисектор субъектілерінің сыртқы қарызы 2016 жылы 57,2 млрд долларға жетті, бұл ұлттық қордағы валюталық активтердің (61 млрд доллар) 93,7%-ын құрайды.

Қор азайып қалды

Ал ұлттық қордың жағдайы мәз емес. Былтығы жылдың қорытындысы бойынша оның активі 3,7%-ға төмендеп, 61 млрд долларды құрады. Жалпы елдің халықаралық резерві, оның ішінде ұлттық қордың активтері 0,5%-ға төмендеп, 90,8 млрд долларды құрады. 2016 жылдың 31 желтоқсанында резервтік активтер 29,5 млрд долларды құрады, бұл қазақстандық импорттық тауарлар мен қызметтерді тоғыз ай бойы қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық қорға аударылған түсімдер 10,8 трлн теңгеге немесе 2015 жылмен салыстырғанда сегіз есеге қысқарды. Ал ұлттық қордың қаражатын басқарудан түскен инвестициялық табыс 2016 жылдың қорытындысы бойынша 155,1 млрд теңгеге шығынға ұшыратты; мұнай секторын ұйымдастырудан түскен тікелей салықтар 483,1 млрд теңгеге азайды. Осының салдарынан қордың қаражаты 2016 жылы 23,9 трлн теңгеге, ал 2015 жылы 1,9 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Біз кедейлене түстік

Елдің азаматтары өткен жылы айтарлықтай кедейлене түсті. Өткен жылы инфляция деңгейі 8,5%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 9,7%-ға қымбаттады, өзге тауарлардың бағасы 9,5%-ға өсті. Бұған импорт үлесінің ұлғаюына себеп болды: импортталған азық-түлік тауарларының үлесі – 22,5%, өзге тауарлар – 63,3%. Жалпы 2016 жылы барлық тауар 18,2%-ға қымбаттады. Өсімдік өнімдері 20,8%-ға, оның ішінде ТМД елдерінен импортталған өнімдер – 34,1%-ға; дайын тамақ өнімдері, сусындар, темекі – 18,3%-ға; аяқ киім мен бас киімдер 21,5%-ға қымбаттады. Елімізде өндірілген отандық тауарлар да импорттан қалыс қалмай қымбаттай түсті. Есепке сәйкес, ұн өнімдері – 0,8%-ға, ет және ет өнімдер – 0,6%, алкогольсіз сусындар 0,5%-ға қымбаттады.

Инфляция ел азаматтарына әсер етпей қоймады, осылайша 2016 жылы олардың нақты табысы 4,5%-ға төмендеді. Ал нақты еңбекақы 0,9%-ға қысқарды.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу