Болжам мен байлам: Ұлттық банк халық үшін маңызды шешім қабылдағалы жатыр

281

5 маусымда, яғни, жұма күні Ұлттық банк Қазақстан экономикасына қатысты маңызды шешімдердің бірін қабылдамақ. 

Болжам мен байлам: Ұлттық банк халық үшін маңызды шешім қабылдағалы жатыр Фото: Sputnik.kz/Владислав Воднев

Әңгіме базалық мөлшерлеме жайында, несие пайызына, инфляция, түптеп келгенде халықтың қаржылық ахуалына әсер ететін көрсеткіш қазір 18 пайыздық межеде тұр. Ұлттық банк мөлшерлемені осы күйінде қалдыра ма, әлде төмендете ме, тақырыпқа қатысты болжамдар көбеюде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бірден айта кетер жайт: қазір сарапшылардың пікірі екіге бөлініп тұр. Әсіресе қаржы ұйымдарының алаңдаушылығы байқалады. Бір тарап қымбатшылық қарқыны бәсеңдегенін алға тартып, базалық мөлшерлемені төмендету керек десе, екінші тарап жағдай әлі де тұрақсыз екенін жеткізіп, ставканы қазіргі деңгейінде қалдырған жөн дейді. Сонымен, еліміздің бас реттеушісі ақша-несие саясатын жұмсартуға дайын ба, қандай өзгеріс болуы мүмкін?

Алдымен Халықаралық инвестициялық банк сарапшыларына қарайық, мамандардың басым бөлігі Ұлттық банк жұма күні базалық ставканы төмендетеді деп сеніп отыр екен. Оған бірнеше себепті дәйек еткен. Біріншіден, елдегі жалпы инфляция қарқыны баяулаған. Екіншіден, ұлттық валютамыз – теңге бағамы долларға шаққанда біршама күшейді. Дегенмен ұйым шешім қабылдауда сақтық керегін, себебі алдағы уақытта энергия бағасы өсетінін ескерткен.

Бұл тұста Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының да болжамы осыған саятынын айта кетейік. Сарапшыларға жүргізілген сауалнамада басым бөлігі ақша-несие саясаты жұмсаратынын айтқан. Бұған қоса, инфляцияға қатысты болжамдар да сәл жақсарып, нарықтың болашағына сенім артқан.

Әйтсе де Halyk Research сарапшылары әзірге аптықпай, салқынқандылық көрсеткенге ұқсайды. Инфляцияның сәл саябырсығанына қарамастан, азық-түліктен басқа тауарлар мен түрлі қызметтердің бағасы әлі де өсуі мүмкін екенін болжаған. Сол үшін асығыстық танытпай, Ұлттық банк базалық ставканы қазіргі 18 пайыздық деңгейде қалдырғанын жөн санайды.

Осы кезде Qazaq Expert Club мүшелері де өздерінің түрлі болжамдарын жария етіп жатыр. Бірақ барлығының ойы бір жерден шықпайды, әркімнің түрлі ұстанымы мен болжам бар. Мәселен, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы, экономист Бауыржан Шурманов Ұлттық банк отырысы қарсаңында нарықта ақша-несие саясатын жұмсарту жөнінде белгілі бір консенсус қалыптасқанын баян еткен.

– Қазіргі 18% деңгейіндегі базалық мөлшерлеме шамадан тыс жоғары көрінеді, сондықтан мен оның төмендеуін күтемін. Ол екі негізгі себепке байланысты: біріншіден, инфляция баяулап келеді. Goldman Sachs деректеріне сәйкес, халықтың инфляциялық күтулері 14,6%-дан 12,4%-ға дейін төмендеді, ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасы нарықтың ұзақ мерзімді күтулері 10,6% деңгейінде екенін көрсетеді. Бұл Ұлттық банктің 9,5-11,5% болжамдық дәлізіне сәйкес келеді. Екіншіден, қатаң ақша-несие шарттары экономикалық белсенділікті тежей бастады. Қазақстанның ЖІӨ өсімі бойынша болжам 5%-дан 4,5%-ға дейін қайта қаралды. Мұндай жағдайда реттеуші үшін экономиканы қолдау маңызды, – дейді сарапшы.

Шурмановтың айтуынша, негізгі сценарий ретінде мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендетіп, 17,5%-ға жеткізу қарастырылуда. Алайда бірінші жартыжылдықтағы ішкі сұраныстың әлсіз динамикасын ескеріп, Freedom Broker сарапшылары айтып жүргендей, мөлшерлемені 1 пайыздық тармаққа дейін төмендету мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды екен.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың болжамы сәл басқа арнада. Оның ойынша, ең ықтимал сценарий – базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтап қалу.

– Иә, кейінгі жылдардағы ең жоғары мәндермен салыстырғанда инфляция біршама баяулағанымен, экономикадағы баға қысымы әлі де жоғары, әсіресе қызмет көрсету саласында және реттелетін тарифтер бойынша. Сонымен қатар бюджеттік шығыстардың өсуі, тұтынушылық кредиттеудің кеңеюі және сыртқы факторлардың әсерінен теңге бағамының құбылмалылығы сияқты проинфляциялық қатерлер бар, – дейді маман.

Сондықтан сарапшы мұндай жағдайда Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын сақтап, инфляцияның неғұрлым тұрақты төмендеуін күтуі ықтимал деп есептейді. Қазір реттеуші үшін саясатты жұмсартуға көшуден гөрі, баға өсімінің баяулау үрдісін бекітіп алған маңыздырақ екен.

Болжамдарға қарап отырсақ, түпкі сценарий 1 пайыздың арасында өрбитін секілді. Ұлттық банк қазіргі нарықты тым позитивті немесе сәл жұмсағырақ көзқараспен өлшесе, 17-17,5 пайызды белгілеуі мүмкін. Дегенмен әзірге ең оңтайлы нұсқа – осы қалпында қалдыру секілді көрінеді. Бұл болжамдардың нүктесін ертең Ұлттық банк қоя жатар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу