Борышқа батқандар енді банкроттығын жариялап қарызынан арыла алады

14620

Қазақстанда қанша миллион адамның банкроттық рәсімінен өте алатыны айтылды.

Борышқа батқандар енді банкроттығын жариялап қарызынан арыла алады

Қарағанды тұрғыны, көпбалалы ана Гүлжарқынның мойнында 4 несие бар. Соңғы рет жарты миллион теңгеден астам қарыз рәсімдепті. Қазіргі алатын жалақысы төмен, 70 мың теңге ғана. Оның жартысына жуығын несие өтемақысына ұстап қалады. Сондықтан ол ең құрығанда бір кредитін кешіруді сұрап, меммекемелерді жағалап жүр.

Көпбалалы әке Ерсейіт Серікұлы 2012 жылы кредит рәсімдеген, материалдық жағдайының нашарлауына байланысты тек 4 ай ғана төлей алған. Борыш 2020 жылдан бері ЖСО-лар қолына көшті, содан ол былтыр Қанат есімді жеке сот орындаушысынан берешекті қайтарудың оңтайлы кестесін құруды сұрайды, ЖСО одан бас тартқан. Борышкердің есепшоты, картасы бұғатталды. Ол қарызын өтеуден қашпайтынын, бірақ оған мүмкіндігі жоғын алға тартады.

Үш баланың анасы Айнұр Ж. бизнеспен айналыспақ болып, жалғыз баспанасын кепілге қойып, заем алады. Алайда ісі басталмай жатып, шатқаяқтап қалды. Жалға алған ғимараттың иесі оны алдап кетіп, өнімдерімен, жабдықтарымен далада қалдырған. Әп дегеннен төлей алмаған қарызына айыппұл, өсімпұл қосылып, еселене жөнеледі. Енді қаржы ұйымы оның жалғыз үйін тартып алуға қамдануда.

Мұндай деректер көп, ресми мәлімет бойынша – бірнеше миллион, әрқайсысының артында ауыр тағдыр тұр.

АҚШ және басқа да дамыған елдерде азамат көтере алмайтын берешек жүктемесінен "жеке тұлғаның банкроттығы" рәсімі арқылы құтылады. Мысалы, Америка Президенті болған Дональд Трамп 1991, 1992, 2004 және 2009 жылдары банкрот болды. Атақты боксер Майк Тайсон, Голливуд жұлдыздары Николас Кейдж, Джонни Депп, әншілер Леди Гага, Тони Брэкстон және басқалары банкроттық рәсімнен өтті.

Қазақстанда азаматтардың жағдайы одан да ауыр. Алайда билік оларға бұл тауқыметтен заңды жолмен арылып, тұйықтан шығуына мүмкіндік бермей келді. Бұрынғы шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының тиісті заң жобасын банктер мен коллекторлардың лоббистіне айналған шенеуніктер ілгерілетпей, тоқтатып тастады. Салдарынан қаншама адам басқа жол таппай, өзін-өзі өртеді, асылып қалды, көпірден секірді...

Енді Тоқаевтың "жаңа Қазақстанында" дамыған елдерге тән "жеке тұлғаның банкроттығы" секілді өркениетті тетік іске қосылады деген үміт бар. Президенттің 2022 жылғы 5 қаңтардағы тапсырмасымен Қаржы министрлігі "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасын әзірледі.

Проблеманың ауқымы сонша зор ма?

Заңға деген қажеттілікті түсіну үшін мәселенің ауқымын түйсініп алған жөн. Әдетте блогерлер, кейбір сарапшысымақтар халықтың қарызға батуына халықтың өзін кінәлайды: "қалтасы тесік бола тұрып, Айфон не тон үшін несие алады" деп бірлі-жарым дерек үшін жалпыға жала жабу белең алды. Шынында, Қаржы министрлігі проблеманың ушығуына бірнеше басқа фактор ықпал еткенін анықтап отыр. Елдегі ұзақ жылғы дағдарыс, пандемия және оның салдарынан экономикалық құлдырау, азаматтардың үлкен бөлігінің жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылуы, халықтың тапқан табысының күн сайын қымбаттаған азық-түлік пен кең тұтынылатын тауарларға жетпей қалуы, негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін кредит алуға мәжбүрленуі, сондай-ақ банктердің және қаржы ұйымдарының тым жоғары пайыздық ставкамен жылдам несие таратуы ақыр соңында қазақстандықтардың жағдайының нашарлауына соқтырыпты. Осымен "кредиттік Айфонға" қатысты айтыс тоқтаса жөн.

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша соңғы бірнеше жыл ішінде жеке тұлғалардың кредиттер портфелі қарқынды өсуде:

  • 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 4,3 трлн теңге;
  • 2019 жылғы 1 қаңтарда – 5 трлн теңге;
  • 2020 жылғы 1 қаңтарда – 6,3 трлн теңге;
  • 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша – 9,8 трлн теңге.

Бірақ бұлардың бәрі – әлеуетті банкроттар емес, басым бөлігі аннан-мыннан құрап, берешегін өтеуді жалғастыруда.

Ендеше мүлдем өтей алмай отырғаны қанша? Соңғы жылдар динамикасына үңілсек, жеке тұлғалардың өтелмегеніне 90 күннен асып кеткен берешегінің сомасы аса қомақты:

  • 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 414,5 млрд теңгенің несиесі (жеке тұлғалардың несие портфелінің 9,6%-ы) бойынша төлем енгізу тоқтатылған;
  • 2019 жылғы 1 қаңтарда – 410,2 млрд теңге (8,2%);
  • 2020 жылғы 1 қаңтарда – 408,2 млрд теңге (6,5%);
  • 2021 жылғы 1 желтоқсанда – 422 млрд теңге (4,3%).

Өсімпұл, тұрақсыздық айыбы және айыппұл түріндегі санкциялар борышкерлер жағдайын жылдан жылға нашарлатып, заемды шамадан тыс, көтере алмас берешек дәрежесіне жеткізіп жатыр.

Сома аса қомақты, ал адамдар саны қанша?

Кейбір деректер бойынша банкроттау  түріндегі жаңа тетікке бір миллионнан 4 миллион адамға дейін мұқтаж болуы ықтимал.

Мәселен, 2020 жылы төтенше жағдай кезінде 1,9 миллион адам 268,2 млрд теңге сомасындағы кредиттері бойынша төлем төлеуді кейінге қалдыруды сұрап, соған қол жеткізді. Қанша адамға ондай мүмкіндік беруден банктердің бас тартқаны туралы ашық статистика жоқ.

"Алайда қабылданып жатқан шаралар жағдайды қысқа уақытқа ғана жақсартады. Бұдан әрі жеңілдікті кезең аяқталғаннан кейін көптеген қарыз алушылар бұрынғы табысының болмауына байланысты берешекті өтей алмайды. Яғни ол шаралар әлеуметтік шиеленісті төмендетпейді және қарыз алушылардың проблемалары толық шешілмейді", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Оның үстіне тек банк не МҚҰ алдындағы қарызы ғана емес, сонымен қатар өзге салалардағы берешегі де қазақстандықтардың еңсесін езуде. Мысалы, жеке тұлғалардың салық берешегі аса көп:

  • 2018 жылғы 1 қаңтарда – 19,1 млрд теңге;
  • 2019 жылғы 1 қаңтарда – 21,1 млрд теңге;
  • 2020 жылғы 1 қаңтарда – 20,5 млрд теңге;
  • 2021 жылғы 1 қаңтарда – 19,5 млрд теңге;
  • 2022 жылғы 1 қаңтарда – 16,2 млрд теңге салық бойынша борыш азаматтар мойнында тұр.

Бұдан бөлек, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сот шешімдері негізінде 3,8 млн адамнан атқарушылық құжаттар негізінде 3,9 триллион теңге сома өндіріп алыну үстінде. Бұл ретте биылғы қаңтарда аталған атқару құжаттарынан борышкерде тәркілеуге тұрарлық мүліктің, ақшаның, бағалы қағаздардың болмауына байланысты 0,4 триллион теңге сомасындағы 142,5 мың құжат орындаусыз кері қайтарылды.

Осы деректердің бәрі азаматтардың шектен тыс берешегін реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттілігі пісіп-жетілгенін көрсетеді.

Банкроттық рәсімі қалай жүреді?

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жеке тұлғалардың банкроттығы компаниялардың банкроттығынан өзгешеленеді және азаматқа бәрін жаңадан бастауға мүмкіндік береді. Дегенмен жағдайы келгенде қарыздың бір бөлігін төлеуге бәрібір тура келмек.

Соттар бірнеше миллион адамның бакроттау туралы тау-тау шағымының астында көміліп қалмауы үшін, сондай-ақ аз ғана қарыз сомасы бар, бірақ оны өтеу үшін ресурстары жоқ тұлғаларға банкроттық рәсімінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заң жобасы әрбір адамның борыш сомасына қарай бірнеше тәсілді – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттау рәсімдерін көздейді.

Нақтылай кетсек, қарызы 1 600 АЕК-тен (2022 жылы – 4,9 миллион теңгеден) аспайтын және мүлкінің болмауына байланысты қайтарылған атқарушылық құжаты бар жеке тұлғаға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану ұсынылып отыр. Қайтарылған атқару парағы борышкердің қарызды төлеуге қаражаты жоқ екенін және бұл факт атқарушылық іс жүргізу барысында расталғанын куәландырады.

Банктік заем немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің берешекті өндіріп алу шарты бойынша міндеттемелерді оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап 5 жыл ішінде орындамаған азаматтар да соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана алады.

Сонымен заң қабылданған соң, уәкілетті органның сайтында "қандай да бір борышкерге қатысты соттан тыс банкроттық рәсімінің қолданылғаны" туралы хабарландыру жарияланады. Содан 6 ай бойы әрбір борышкер туралы ақпарат барлық кредиторлар үшін ашық, қолжетімді болады. Банкроттан өту рәсімінің ауыр болуының бір себебі де осында кімнің банкрот екені жалпақ жұртқа жария болады.

Егер осы жарты жыл ішінде борышкердің меншігіне мүлік түссе немесе оның мүліктік жағдайы басқа да жолмен айтарлықтай өзгеріп шыға келсе, соның арқасында берешегін өз бетінше өтей бастаса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға міндетті. Тиісінше ол туралы ақпарат жойылуы қажет.

"Алайда егер 6 ай ішінде жағдайы жақсармаса, соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталса, борышкер банкрот деп жарияланады және алимент төлеу, өзгенің өміріне немесе денсаулығына келтірген зиянын өтеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, басқа барлық қарыздарынан босатылады", – деп хабарлады Қаржы министрлігі.

Осы орайда "алған қарыздан осылай құтыла салуға болса, онда жұрттың бәрі банкрот болуға жүгірмей ме?" деген сауал туады. Оған тосқауыл қою үшін мемлекет бірнеше шектеу енгізбек.

"Банкроттықтың борышкер үшін белгілі бір салдарлары болады. Біріншіден, ол ары қарай 5 жыл ішінде банктерден (соның ішінде Отбасы банктен де) және микроқаржы ұйымдарынан қарыз ала алмайды. 3 жыл ішінде емделуді, жақын туысын емдеуге ере жүруді және жақын туысын жерлеуді қоспағанда, Қазақстаннан тыс, шетелге шыға алмайды", – деп түсініктеме берді ведомство.

Заң жобасында "Азаматтар банкроттық рәсімді 7 жылдан кейін қайта пайдалануға құқылы" деген норманы бекіту ұсынылып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу