Борышкерлерді жеке сот орындаушыларына жығып беретін тетік күшіне енеді

2907

Жаңа жылда Әділет министрлігінің жүктемесі күрт артады.

Борышкерлерді жеке сот орындаушыларына жығып беретін тетік күшіне енеді Фото: canva.com

Соттардың жүктемесі соған артылады. Осы мақсатта Парламенттің бір топ депутаты "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына бастамашы болған еді.

Заң жобасын Мәжіліс пен Сенат қабылдады. Таяуда оған Мемлекет басшысы қол қойды. Дегенмен, депутаттардың шешімімен, реформаның іргелі сипатта екенін ескере отырып, бұл заң 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Жаңа заңның басты бір жаңалығы: келесі жылдан бастап, Қазақстанда сот орындаушысының әрекеттеріне міндетті түрде сотқа дейінгі шағымдану тәртібі енгізіледі.

Банкке, микроқаржы ұйымдарына, мемлекетке немесе өзгесіне сот шешімі бойынша борышкер деп танылып, мемлекеттік немесе жеке сот орындаушыларының (ЖСО, орысша ЧСИ) қудалауына түскен қазақстандықтар енді тікелей сотқа жүгініп, құқығын сонда қорғай алмайды. Сотқа дейінгі өзге инстанциялардың бәрінен өтіп шығуы керек.

Депутаттардың түсіндіруінше, бұл мәселемен енді сотқа шағымдануына тыйым салынады. Тек кейін әділет органдарының шешіміне қарсы сотқа шағым түсіруіне болады, демек, мемлекетпен соттасуына тура келеді.

Заң авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мұны сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануға байланысты істердің тым көп болып кетуімен, соттардың шектен тыс жүктелгенімен түсіндірді.

Басқаша айтқанда, ЖСО-лардың былығы кесірінен соттан әділдік іздеген бұқара мен бизнестің легі еселеп артуда. Олар енді соттарға шағымдана бермеуі үшін халыққа әлгіндей тыйым енгізіліпті. 

"Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданғалы бері ЖСО-лардың әрекеттеріне шағымданатын істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралып жатыр. Атқарушылық іс жүргізу туралы заң азаматтарға сот орындаушысының әрбір әрекетіне шағымдану құқығын берді. Алайда мұндай құқықты борышкерлер асыра пайдаланып жатыр! Алдымен борышкер сот орындаушысының бағалаушыны тағайындау және тарту жөніндегі әрекеттеріне дау айтады. Содан кейін бағалау туралы есептің өзін даулайды. Мүлікті сауда-саттыққа беру жөніндегі іс-әрекеттерге, содан соң сауда-саттықтың өзіне, сондай-ақ хаттамасына, тағы басқа атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысының іс-әрекеттеріне бөлек-бөлек бір адам ондаған шағым жасап жатыр", – деді депутат Үнзила Шапақ.

Жалпы, бұл дамыған елдердің азаматтарына берілген демократиялық игілік еді. Оны қалай пайдаланамын десе де халықтың өз еркі.

"Өйткені соның салдарынан сот шешімін орындау бірнеше жылға кешіктірілуде. Ал сот орындаушылары бұзушылықтарды растайды және соған келіседі. Жоғарғы соттың мәліметтеріне жүгінсек, сот орындаушылары қолға алған істердің 55 пайыздан астамы олардың заңсыз әрекеттерін растаумен аяқталып жатыр. Сондықтан мұндай даулар бойынша әділет органдарының рөлін күшейтіп, оларға сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою құқығын беру орынды деп санадық. Бұл атқарушылық іс жүргізуді жедел орындауға мүмкіндік береді", – деді Шапақ.

Мәжілісмен Ринат Заитов та әлгі мүмкіндіктен айыруды жақтады.

"Сот шешімінің орындалуы бір мәселе. Орындалу бізде тапқа бөлінеді! Кейбір адамдардың шешімдерін тегі бір-ақ күнде орындап тастайды, кейбір адамдардың қолында сот шешімі бар, бірақ жылдап орындата алмай жүреді. Осыны жетілдіру қажет", – деді Ринат Рифхатұлы.

Бірақ әріптестерінің бұл бастамасына күдік келтірген депутаттар да табылды. Олардың пікірінше, судьялардың өзіне аудара салған ауқымды жүгін әділет департаменттері көтере алмай қалуы мүмкін. Өйткені елімізде сот жүйесінің бюджеті Үкіметке тәуелсіз, сондықтан қаржыландыруға қиындық көрмейді. Ал, Әділет министрлігінің штаттық саны да шағын, бюджеті де қатты шектеулі. Салдарынан онда білікті маман тапшы. Сондай-ақ қарапайым әділет шенеунігіне би құзырын беру қаншалықты орынды?

Солардың біліксіздігі немесе қызметін жиі ауыстыруы кесірінен шағымдарды қарау ұзаққа созылып кетуі ықтимал. Маман жетіспеушілігіне байланысты істі қарау сапасы құлдырауы да мүмкін. Онда елде әлеуметтік кернеу күшеюі ғажап емес.

"Қазіргі уақытта жеке сот орындаушыларының өрескел қателеріне, тіпті қылмыстық әрекеттеріне қатысты барлық шағымды соттар қарайды. Жаңа жылдан бастап бұл тәжірибе өзгереді. Жыл сайын әкімшілік сот өндірісінде осындай шамамен 8 мың іс қаралады. Жаңа заңға сәйкес, шағымдарды қараудың міндетті түрде соттан тыс тәртібі енгізіледі, яғни борышкерлер мен қарызды өндірушілер сотқа шағымдана алмай, өз шағымдарын аумақтық әділет департаменттеріне бағыттауға тиіс болады. Шағымдарды қарау қорытындысында бұдан былай сот емес, шенеунік – әділет қызметкері шешім қабылдайды!", – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Осылайша, сот орындаушысының қаулысының күшін жою әлде оны құптау туралы шешім, немесе борышкердің тағдыры шенеуніктің қолында болады.

Бұл ретте, депутаттар "мүдделер қақтығысы" туындамай ма деген күдік айтты. Өйткені мемлекеттік және жеке сот орындаушылары – Әділет министрлігінің жетекшілігінде, соның қарауында. Олардың шешімдері заңсыз деп танылып, күші жойыла берсе, қызмет көрсеткіші нашарласа, таяқтың бір ұшы ведомствоға тиеді. Сондықтан Әділет министрлігінің қызметкерлері жауырды жаба тоқып, ЖСО-ларға жақ болып, олардың қаулысын жою орнына жаппай құптай бастамай ма?

Мәжілісмен Колода "сот орындаушыларының іс-әрекеттерінің заңды-заңсыздығы мәселесін әділетті қарап, әділ төрелігін айтуға әділет департаменттерінің материалдық ресурстары мен білікті кадрларының жететініне" күмәнданады.

Ол "мұндай жаңа норма Конституцияның 13-ші бабын бұзбай ма?" деген сауал тастады. Өйткені Ата заңның осы бабында: "Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар" деп қадап айтылған.

Жаңа заң борышкерлерді ол құқығынан айырып, Әділет министрлігінің шенеуніктеріне тәуелді етті. Алайда жаңа заң Конституцияға қайшы еместігі тексерілмеді, құжат тексеруге бағытталмады да.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова сот болсын, әділет шенеунігі болсын, кім шешім шығарса да оған көңілі тоймайтын тарап табылады дегенге келтірді.

"Атап өту қажет, қазіргі кезде сот шешімдерін орындаудың ерекшелігі сол, тараптардың бірі әрдайым онымен келіспейді, наразылық танытады және шағым түсіретін болады. Біздің әділет органдарына жыл сайын осындай 35-40 мың шағым түседі. Соның шамамен 10%-ы ғана сотқа жетеді. Осылайша біздің аумақтық әділет органдары өздері арқылы 40 мыңға дейін шағымды өткізеді, белгілі бір шешімдер шығарады. Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына өздерінің белгілі бір шешімдерін қайта қарауға кеңес-рекомендация береді", – деді Әділет министрінің орынбасары.

Жаңа заң сонда нені өзгертеді? Қолданыстағы тәжірибе бойынша әділет шенеуніктері мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына қандай да бір шешімдерін қайта қарауға ұсыныс жасай алады.

"Бұған дейін әділет органдарында сот орындаушыларының шешімін жою немесе түзету құқығы болған жоқ. Жаңа заң оларға мұндай құқықты береді. Жүктеменің артатынына келсек, аталған шағымдардың бүкіл ағыны онсыз да әділет департаменттері арқылы өтеді. Алда шамамен сол көлемде қалатын шығар. Күрделі істердің 10 пайызын ғана судьялардың шешім қабылдауына жібереміз. Олар да енді әділет органдары деңгейінде шешілуге тиіс", – деді Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова.

Дегенмен алда шағымдар легі күрт артуы ғажап емес. Себебі, шенеуніктер адам сот орындаушыларын "құлтемірмен" алмастыруға кірісті. Биылдан бастап, Әділет министрлігі "робот сот орындаушысын" іске қосты. Ол Digital Justice жобалар топтамасы аясында жүзеге асырылуда.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы сегіз айда робот сот орындаушы шағым сомасы 1,2 миллиард теңгені құрайтын 60 мыңнан астам атқарушылық істі өз бетінше қозғапты.

"Бұрындары жеке тұлғалар хабарлама уақытылы келмегендіктен айыппұл алғанын білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Оның үстіне қарыз уақытында өтелмеген жағдайда жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеуге мәжбүр болған. Енді бұл шығындардан және сот орындаушыларға барудан босатылып, уақыты мен қаржысын біршама үнемдей алады. Осының нәтижесінде ел азаматтары ЖСО-лардың қызметіне 25% көлеміндегі ақысын төлеуден босатылып, 300 млн теңгесін үнемдеді. Бұл жүйе азаматтарға жыл сайын 5 млрд теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді", – дейді Әділет министрлігі.

Бірақ қазақстандықтарға қарсы робот қаптатып іс қозғай берсе, бұл тірі жандардың шағымдары легінің артуына соқтыруы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу