Браконьерлермен бетпе-бет келу қауіпті – инспектор

1460

Мықты көлік мініп, мұздай қаруланып, жанармай қорын жасақтап, арнайы дайындалған адамдар ғана броконьерлікке барады. 

Браконьерлермен бетпе-бет келу қауіпті – инспектор

Арман Әбдісалықов – "Охотзоопром" мекемесінің инспекторы. Міндеті – киіктерді бақылау, көбеюіне жағдай жасау және браконьерлерден қорғау.

"Браконьерлермен бетпе-бет келу өте қауіпті. 2019 жылдың қаңтарында әріптес ағамыз Ерлан Нұрғалиевті браконьерлер жапан далада жазым еткен соң, жауапкершілік те, сақтық та күшейді. Үйдегілер де әркез алаңдап отырады. Табиғатпен жанымыз бір болғандықтан, міндетімізді мүлтіксіз орындауға тырысамыз. Шүкір, қазір мекеме инспекторларына жақсы жағдай жасалуда. Соңғы үлгідегі жол талғамайтын көліктерді мініп жүрміз. Бұл техникалар браконьерлер мінетін көліктерден бірде кем емес. Әрбір инспекторда қызметтік қару, оқ өткізбейтін кеудеше, кісен бар. Жалпы ауыл арасында жүрген адам браконьер бола алмайды. Өйткені бұған үлкен дайындық керек. Мықты көлік мініп, мұздай қаруланып, жанармай қорын жасақтап, арнайы дайындалған адамдар ғана осындай қадамға барады", – дейді 26 жасар инспектор.

Арман киіктер шоғырланған Ақмола облысы Жақсы ауданы Қима ауылының тумасы. "Охотзоопром" мекемесіне былтыр орналасыпты. Щучинскідегі Экология және туризм колледжін тәмамдаған. Табиғатты қорғау маманы.

"Саналы түрде таңдаған сала болғандықтан, мамандығым да, жұмысым да ұнайды. "Охотзоопромға" жұмысқа тұруды армандап өскен баламын. Бірақ бұл мекемеге орналасудың өз қиындығы бар. Екінің бірін ала бермейді. Тәжірибе талап етіледі. Сондықтан бұған дейін "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша жұмыс істедім. Екі жарым жылдай "Бурабай" ұлттық табиғи паркінде еңбек еттім. Бес жылдық тәжірибе жинап, "Охотзоопромның" мүшесіне айналдым. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. 15 күн даланы мекен етеміз де, 15 күн демаламыз", – дейді Арман.

Инспектор киіктің жайын жақсы біледі. Айтуынша, қазір "Құралайдың салқыны" өтіп, киіктер тегіс төлдеп, лақтары аяқтанды. Жалпы, құралайдың аяқтан тұруына бір сағат жеткілікті екен. Одан кейін оны қуып жету мүмкін емес. Тағы бір қызығы, олар енесін іздемейді. Киіктер бір-бірінің төлін емізіп, бауырына ала береді.   Жануар егізден туады. Жалқы төл ертетіндері сирек.

"Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен, бұл кезді "құралайдың салқыны", "құралайдың суығы", "киіктің лақ өргізбесі" деп атап кеткен. Халық ұғымында "құралайдың салқыны" – мамыр айының екінші жартысынан басталып, он шақты күнге созылатын дауылды қара суық, құбылмалы күндер. Бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Әрі жануарлар төлдер кезде желге қарсы жүгіреді. Сол кезде олар төлдеуге қабілетті болады. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Киік өзінің лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни, "құралайдың салқынында" жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кетеді", – дейді ол.

Арман Әбдісалықов бақылайтын Ақмола облысы Жақсы ауданының Тайкеткен деген алқабында шамамен 70 мыңға жуық киік бар.

"Бұл төңіректе жүрген киіктердің жаппай төлдеуі 12 мамыр күні түстен кейін басталды. 60 мыңдай киік төлдеді. Былтыр киік санағы жүргізілуі керек еді. Алайда пандемияға байланысты бұл шаруа осы жылға шегерілді. Жуырда тікұшақтың көмегімен киік санағы ұйымдастырылды. Оның қорытындысы алдағы уақытта жарияланады. Дегенмен, біздің долбарымызша, киік саны біршама өсті. Бұл жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың жемісі. Яғни, техникалар жақсарды. Инспекторлардың қолында қару бар. Броконьерлерге тағайындалатын жаза да күшейтілді. Қазір мұндай қадамға барғандар 6 жылдан 12 жылға дейін сотталады", – дейді инспектор.

Деректерге сүйенсек, жыл басынан бері бұл аймақта броконьерлік шабуылдар орын алмаған. Ал былтыр 8 қылмыстық іс қозғалыпты.

"Тайкеткен киіктердің жылда жаппай төлдейтін жері. Бұлар бұл аумақта біржола тұрақтап қалмайды. Уақыт өте келе оңтүстікке қарай қоныс аударады. Қараша айында киіктердің жаппай күйек кезеңі басталады. Біз тұрған Тайкеткенді өз ішімізде "перзентхана" деп те атаймыз. Бұл жер киіктердің төлдеуіне өте қолайлы аумақ әрі оты да қалың, нәрлі", – дейді "Охотзоопром" инспекторы.

Айта кетейік, әлемдегі киіктердің 90 пайыздан астамы Қазақстанды мекендейді. Мұнда Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді киіктердің үш популяциясы бар.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу