Бұғатталған интернет, Цойдың әні, толассыз тұтқындаулар

7555

Беларусь Республикасында  Президент сайлауы өтіп жатыр. 

Бұғатталған интернет, Цойдың әні, толассыз тұтқындаулар

Беларусь елін 26 жыл басқарған Александр Лукашенко бүгін алтыншы рет Президент сайлауына түспек. Сайлаудың негізгі күні 9 тамыз болып белгіленгенімен, дауыс беру 4 тамызда басталып кеткен болатын. Мұндай тәсілді ресми Минск алдын ала дауыс беру кезеңі деп атап, заңмен баяғыда-ақ бекітіп алған. Ал билікке қарсы топтар оны сайлау қорытындысын бұрмалаудың таптырмас жолы деп бағалайды. Биылғы пандемия осы тәсілге қатысты күмәнді тіптен қоюлатып жіберді. Күңкіл көбейген соң, елдің Бас прокуратурасы Байланыс министрлігіне оппозициялық ұйымдар құрған сайтқа шектеу қоюды тапсырды. Бұл сайт алдын ала дауыс беру нәтижесін өз бетінше есептеп, биліктің бұрмаланған ақпаратын әшкерелеуге тиіс болған. Дауыс беруге арналған шағын штабтарда коронавиурс қаупінен сақтану үшін үштен артық бақылаушы отыруға болмайды деген тәртіп бекітілген. Бүгін таңертең елдің Орталық сайлау комиссиясы 4-8 тамыз аралығында "сайлаушылардың 41,7 пайызы алдын ала дауыс беріп үлгергенін" мәлімдеді.

Александр Лукашенконың бұл жолғы қарсыластары төртеу: Андрей Дмитриев, Анна Канопацкая, Светлана Тихановская, Сергей Черечень. Солардың ішінде Светлана Тихановская қазіргі Президенттің негізгі бәсекелесі саналады. Әуелде оның күйеуі, блогер Сергей Тихановский бақ сынамақ болған. Бірақ Минсктің мемлекеттік машинасы оны кандидат ретінде тіркеу былай тұрсын, басын істі етіп қамауға алған. Сайлауға дайындық кезеңінде бір тудың астына біріге алмаған оппозциялық топтар ақыры осы Светлана Тихановскаяның маңайына топтасты. Әуелде көпшілік Александр Лукашенкоға банкир  Виктор Бабарико мен экс-дипломат Валерий Цепкало тегеуірінді қарсылық көрсетеді деп күткен. Қазір "Белгазпромбанк" басшысы Виктор Бабарико шетелге заңсыз қаржы шығармақ болды деген айыппен қамауда отыр. Ал Валерий Цепкало жеке басы мен бала-шағасының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, шетел асып кеткен. Олардың сайлауалды штабтары Светлана Тихановскаяға қолдау көрсетуде. Кеше осы штабтың жетекшісі Мария Морозды полиция тұтқындады.  ВВС-дің хабарлауынша, осыдан кейін Светлана Тихановскаяның өз пәтерін тастап шығып, жақтастарына қосылуға мәжбүр болған. Сенбінің кешінде Минскте оның тағы бір жақтасы Марина Колесникова да тұтқындалған болатын. Бірақ жергілікті милиция оны басқа біреумен шатастырғанын айтып, қайта босатқан.

Ресейлік және кейбір халықаралық ақпарат құралдары сайлау алдындағы Беларусь халқының көңіл күйі толқулы болғанын жазуда. Әсіресе жастар оппозиция ұйымдастырған митингтерге белсенді қатысқан. Виктор Цойдың "Хочу перемен (Өзгеріс керек)" әні Александр Лукашенко билігіне қарсы халықтың ұранына айналды. Сондай сәттердің бірін Euronews тілшілері әлеуметтік желіге де жүктеді.

Беларусь билігі бұл сайлау кезінде де ТМД аумағында кеңінен танымал таптаурын тәсілдерді пайдалануға тырысып бақты. Соның бірі – сайлауға келген халықты Ресей әншілерінің концертімен алдарқату.  9 тамыз күні алаңдарда Григорий Лепс, Леонид Агутин, Стас Пьеха, Владимир Пресняков, Таисия Повалий, "Дискотека авария", "Отпетые мошенники" ән шырқап, америкалық реперлер Tyga мен Saint Jhn,  армениялық дуэт Джаро мен Ханза өнер керсетуге тиіс болған. Беларусь халқы әлеуметтік желі арқылы аталған өнерпаздарды "Лукашенконың сайқымазағы" болмауға үндеп, концертке қатысудан бас тартуларын сұрады. "Халық қаласа, хан түйесін сояды" дегендей, шоу-бизнес жұлдыздары бірінен соң бірі Atom Entertainment Group агенттігімен жасаған келісімшартты бұзып жатты. Ал 7 тамызда ВВС аталмыш концерттің кейінге қалдырылғанын хабарлады.

Сайлау кезінде интернетті бұғаттау әдеті көршілерінен Беларуське де жұққан тәрізді. "Московский комсомолец" газеті бірнеше күн бұрын Минсктегі ұялы байланыс операторларына 9 тамызда интернет пен ұялы байланысты бұғаттау туралы нұсқау түсіп жатқанын хабарлаған еді. Осыған ұқсас нұсқаулар ел астанасындағы қонақүйлерге де келген көрінеді. Оның алдында Беларусь Ішкі істер министрінің орынбасары Геннадий Казакевич интернетті түрлі-түсті төңкерістер ұйымдастыратын технологияға балаған болатын.

Биылғы сайлау Беларусь пен Ресей билігінің арасындағы түсініксіз келіссөздер аясында өтуде. Сайлау тақаған тұста Александр Лукашенко Президент Владимир Путинмен де, Премьер-Министр Михаил Мишустинмен де кездескен. Артынша Беларусь аумағында "Мәскеудің нұсқауымен елде дүрбелең туғызбақ болып жүр"  деген айыппен 33 әскери адам ұсталды.

EurAsia Daily Александр Лукашенконың бүкіл дайындығын ресми Мәскеу күл-талқан етті деп жазды. Агенттіктің ақпаратына сенсек, 4 тамызға дейін жалпы жиыны 45000-нан астам бақылаушы тіркелген. Оның тек 243-і ғана халықаралық бақылаушы. 243 шетелдік бақылаушының 179-ы ТМД елдерінен шақырылған. Оның сыртында 64 елшіліктің өкілдеріне сайлауда бақылаушы ретінде жұмыс істеуге рұқсат етіліпті. Салыстырып қарасақ, 2015 жылғы сайлауда Беларусь Республикасына 920 халықаралық бақылаушы келген. Оның 344-і ЕҚЫҰ атынан, 387-сі ТМД атынан қатысқан. Ал биыл Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен бірге Ресейдің орталық сайлау комиссиясы да Минскіге арнайы делегат жіберген жоқ. Ресейдің бұлайша "бейтарап" бола қалуы Лукашенко кезеңіндегі Беларусь тарихында тұңғыш рет орын алып отыр.

Мұны Орталық сайлау комисиясының басшысы Лидия Ермошина коронавируспен түсіндіруге тырысты. Ал Александр Лукашенко Беларусь билігі Covid-19 індетін толық жеңгенін ресми мәлімдеген болатын.  

Сонымен, бүгін таңғы сағат 8.00-ден бастап Беларусь жұрты Президент сайлауына қатысып жатыр. Дауыс беру кешкі 20.00-ге дейін жалғаспақ. Ел аумағында 153 аумақтық комиссия, 5723 учаскелік комиссия жұмыс істеп тұр. Олар 5767 дауыс беру учаскесіндегі процесті ұйымдастырып, қадағалайды. 

Бұл сайлаудан ақпарат таратуға ниет білдірген 30-дан астам халықаралық БАҚ өкілдеріне Беларусь билігі "жоқ" деген жауап берген. Соның кесірінен сайлау күні ортасынан ауса да, елдегі ахуал туралы тәуелсіз пайымдағы толыққанды ақпарат алу мүмкін болмай тұр. Мұны елдің Сыртқы істер министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдаймен байланыстырып отыр. Ал ресми Минсктің негізгі ақпарат таратушысы саналатын Беларусь телеграф агенттігі (БелТА) сағат 10.00-де дауыс берушілердің 45,33 пайызы өз таңдауын жасағанын хабарлады. Беларусь ОСК-нің соңғы мәліметі бойынша, электораттың 54 пайыздан астамы дауыс берген.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу