Бүгін Ұлттық валюта – теңге күні

2357

15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгеге 30 жыл толды! 

Бүгін Ұлттық валюта – теңге күні Фото: Inbusiness.kz

Теңге – Қазақстанның егемендігін айғақтайтын маңызды атрибуттың бірі. 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

                                                                                 Теңге тарихы

Жалпы, теңгенің айналымға енуі Қазақстанға ұлттық нарықтық экономика құру үшін алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді. Мемлкетіміздің меншікті ақшасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасынан бастап енгізілді. Осы күнге дейін Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздігін жариялағанына қарамастан, елде ескі – кеңестік рубль валютасы болды. Сондай-ақ, Ұлттық валюта бірқатар экономикалық себептерге байланысты кеш енгізілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Өзбекстанмен бірге рубль аймағында қалады деген келіссөздер жүргізілгенімен, елде өз валютаны енгізу жұмыстары қатар жүрді.

1992 жылы 26 мамырда ҚР Президентінің Қазақстан Ұлттық Банкінің баспа фабрикасын құру туралы Жарлығы шықты. 1993 жылы маусымда бағалы қағаздар шығаратын цех өз жұмысын бастап, ол жерде қағаз тиындар шығарылды.

Ал 1993 жылы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын – теңге енгізу туралы Жарлығы шықты. 1993 жылы 12 қарашада Мемлекет басшысы ұлттық валютаның енгізілуіне байланысты халыққа үндеу жолдады.

Сонымен қатар, 15 қараша – Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып саналады. Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы №164 Жарлығының қосымшасында расталған "Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа мерекелер тізімі".

                                                                               Теңге дизайны

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, теңге дизайнында ежелгі дәстүр мен заманауи технология сәтті үйлесім тапқан. Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайы ұлттық валюта банкноталары мен монеталарын әзірлегенде ең озық технологияларды пайдаланды. Бұдан бөлек, өндіріс сапасының жоғары деңгейі беделді көрмелер мен түрлі конкурстарда лайықты бағаланып келеді.

Жалпы, Қазақстанның монеталары мен банкноталары халықаралық нумизматикалық конкурстарда әрдайым жоғары баға алады. Мұндай байқауларға бай тарихы бар және нумизматика мен монета соғу саласында жоғары мәртебеге ие монета сарайларының өкілдері ат салысады.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлемдегі ең үздік валюта деп танылған. Теңгенің түрлі купюрасы үздік дизайн мен жоғары сапасы үшін түрлі марапатқа ие болды. Мысалы, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған 10 000 теңгелік купюра 2011 жылдың ең үздік жаңа банкнотасы атанды. Ал түркі жазуына арналған 1000 теңгелік купюра 2013 жылы үздік дизайны үшін лайықты марапатқа ие болды. Сонымен қатар,номиналы 20 000 теңге болатын банкнота 2015 жылдың үздік өңірлік банкнотасы деп танылды.

Біздің ұлттық валютамыздың дизайнын жасау бойынша, барлық жұмысты қазақстандық мамандар тобы жүргізді. Оның құрамына белгілі, тәжірибелі дизайнерлер Хайрулла Габжалелов, Тимур Сүлейменов, Мендыбай Алин, Агимсали Дузельханов кірді. Олар жаңа банкноталардың барлық номиналдарының эскиздерін дайындап жасады. Эскиздер Ұлттық банкке 1992 жылдың тамызында жіберілді және басшылық мақұлдағаннан кейін дизайнерлік топ Лондонға бет алды. Мәселе мынада, ол кезде Қазақстанда банкноталарды басып шығаруға және монеталарды соғуға өзінің мүмкіндігі болған жоқ. Сондықтан, ұлттық валюта бастапқыда Ұлыбританиядағы ең көне "Харрисон және ұлдары" банкнот фабрикасының көмегімен жүзеге асты.

Қазақстандық монеталар да жақсы дизайнымен және сапасымен ерекшеленетінін атап өткен жөн. Кәдімгі монеталардан басқа мерейтойлық монеталар ұмытылмас даталарға шығарылады. Оларды коллекционерлер де жоғары бағалайды. Сол себепті, олар номиналдан әлдеқайда жоғары бағамен сатылады.

Өткен жылы Ұлттық банк әр түрлі мерейтойларға, соның ішінде, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының 30 жылдығына арналған коллекциялық монеталар сериясын шығарды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының батырлары Талғат Бегелдинов пен Маншук Маметованың, сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтың құрметіне мерейтойлық монеталар шығарылды.

Айта кету керек, Қазақстан Ұлттық Банкі инвестициялық және коллекциялық монеталар шығарумен айналысады. Инвестициялық монеталар күміс және алтын сияқты бағалы металдардан әзірленеді және аса құнды. Коллекциялық монеталар шектеулі тиражбен ғана шығады. Олар жинауға арналған және нумизматтарды қызықтырады. Бұл монеталар тек төлем құралы ғана емес, сонымен қатар, мәдени-ағартушылық және инвестициялық маңызға ие. Олар тарихи оқиғаларды, мәдени ескерткіштерді және әртүрлі салалардағы жетістіктерді еске салады. Қазір Қазақстан монеталары әлемдік каталогтан ойып тұрып орын алып, нумизматикалық құндылыққа да ие болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу