Бухгалтерлер тақыр кедей деңгейінде тиын-тебен табатынына наразы

4142

Жұмыскердің табысы басшының жомарттығына байланысты.  

Бухгалтерлер тақыр кедей деңгейінде тиын-тебен табатынына наразы

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 2021 жылғы ақпан айының қорытындысында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 223 мың 213 теңгені құрағанын жариялады. Бұл ресми дерек көптеген қазақстандықтың ашуын туғызды. Өйткені бұқараның үлкен бөлігінің алатыны осының үштен біріне де жетпейді.

БҰҰ бағалауынша, күніне 5 доллардан аз табыс табатын адам "тақыр кедей" саналады. Мәселен, АҚШ-та федералдық деңгейде ең төменгі жалақы сағатына $7,25 деп белгіленген, дегенмен, штаттар одан жоғары межені бекітті. Нәтижесінде, кедей америкалықтар және мигранттар сағатына орташа есеппен 25 доллардан жалақы алады.

Егер БҰҰ-ның 5 долларын айға көбейтсек, 150 доллар шығады. Мұны ұлттық валютамызға шақсақ, ол шамамен 64 мың теңгеге тең.

Жеке кәсіпкер Елена Шумейко қазіргі дағдарысты шақта автобуспен жүрудің өзі азаматтардың қалтасын қағып жатқанын айтады.

"Шатасып жіберсе керек, WhatsApp-ыма бір хат келді. Онда әлдебір азамат өткен демалыс күндері Алматыда қоғамдық көліктер қозғалысы тоқтатылғанын, алайда ұлын таңертең репетиторға апара жатқанда бұдан бейхабар жұртшылық аялдамаларда ұйлығып тұрғанын көргенін баяндапты. Соның ішінен егделеу әйелді тегін жеткізіп тастамақ болып, көлігіне шақырса, ол "қымбат сұрайтын шығарсың" деп сенбей, отырудан біразға дейін бас тартыпты. "Апа, ақша алмаймын!" деп әзер көндірген. Осы жағдай қатты әсер етсе керек, көлік ішінде отырған оның ұлы – 6 сынып оқушысы "өскен соң барлық жолаушыларды тегін таситынын" мәлімдеген. Мұның әрине, маған қатысы жоқ, бірақ адамдарды аяп кеттім. Жалақысы 70 мың теңгені ғана құрайтын пошташылар жұмысына жеткенше 3 автобусқа қайта отырып барады екен. Біреуі жұмысқа бір күн шыға алмағаны үшін бастығынан қатаң сөгіс алған! Масқара ғой", – дейді ол.

Е.Шумейконың әңгімелеуінше, бизнес орталықтың қаншама қабатын бір өздері жуып-тазалайтын 2 еден жуушы әйел айлығының 80 мың теңге ғана екенін хабарлапты. Қарапайым жұмыскерлердің курортта тынығу түгіл, ауыруға мұршасы жоқ, тіпті дерт меңдесе де, жұмысына шығуға мәжбүр: зейнеталды жаста жұмыстан айырылып қалудан қорқады.

"4 баласы бар ана супермаркетте сатушы болып істейді, жалақысы 100 мыңға жетпейді. Бизнес-орталықтың күзетшісі 100 мың теңге алатынын жеткізді. Дүкен қоймасының меңгерушісі айлығының 160 мың теңге болатынын айтты. Бірақ әйелі декретте отыр, 110 мыңын пәтер жалдауға жұмсайды. Жұмысына үйінен көп ерте шығып, жаяу келеді, таксиге ақшасы жоқ. Жеке компанияның жұмысшылары олардың жұмысқа қалай жететіні басшыны алаңдатпайтынына шағымданды. Таксистер де таңертең көп сұрайды дейді. Биліктегілер қарапайым халықтың ауыр тауқымет тартып жатқанын біле ме?", – дейді ол.

Білсе, аса жоғары "орташа жалақы" туралы жариялап, мазақтамас еді.

Қатардағы қызметкер түгіл, барлық қазына-қаражат алдынан өтетін есепші мамандар да жалақысының аздығына наразы. Евгений Сухоруков мектепте бас бухгалтер болып, 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Бас бухгалтердің лауазымдық айлықақысы 93 мың 971 теңгені құрайды, оған 10%, яғни 9 мың 397 теңге үстемеақы қосылады. Сонда айына 103 мың 368 теңге шығады. Соңғы 3 жылда мектептердің бас есепшілерінің жалақысы небары 10% өсті. Үкімет Қазақстан бойынша орташа жалақы биылғы наурызда 223 мыңнан асқанын мәлімдеді. Біздің айлығымыз орташаға да жетпейді", – дейді Евгений.

Әсел Молдабекова мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін және төменгі жалақы алатын техникалық персонал атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінді. Мемұйымдарда техникалық персоналға бухгалтерлер, заңгерлер, мемлекеттік сатып алуды жүргізетін экономистер және әртүрлі қызмет саласының мамандары мен жұмысшылары жататыны мәлім. Олар С-2 және С-3 блоктары бойынша білімі мен жұмыс өтіліне қарай жалақы алады.

"Техникалық персонал арасында ең жоғарғы жалақының бірін бухгалтерлер алады: алайда 25 жылдан артық жұмыс өтілі бар бухгалтердің айлығы 85 мың 477 теңгені құрайды. Бұл өз саласында ширек ғасыр істеген маманның алатыны! Кешіріңіз, қазір мұны жалақы деп атаудың өзі ұят. Біз ауылдық мекенде істейміз, соған қарамастан, техперсонал жалақысына 25% үстеме қосылмайды. Ондай үстеме тек білім беру, мәдениет, спорт секілді сала қызметкерлеріне ғана беріледі. Бұл ретте бәріміз бір ұйымда істейтініміз және халық үшін маңызды жұмысты атқаратынымыз мүлдем ескерілмейді. Біз де жауапкершілік арқалаймыз. Сондықтан біздің де жалақымызға түзетуші коэффициент қолданылғанын қалаймыз", – деді ол.

Бұл жағдайда 25 жылдық стажы бар бухгалтердің жалақысына 1,25 коэффициент қосылып, ол ай сайын 106 мың 845 теңге ала алар еді.

Мектептердегі, медициналық ұйымдардағы, және мемлекеттік мекемелердегі техперсонал қызметкерлері жыл сайын мұғалімдердің, мәдениет және спорт қызметкерлерінің, дәрігерлердің жалақысы өскеніне қызыға әрі қызғана қарайтынын жасырмайды. Өйткені өздерінің айлығы бірнеше жылдан бері өзгеріссіз қалуда.  

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бюджеттік сала жұмыскерлері жалақысының өсуі елдің экономикалық дамуына байланысты болатынын ескертті.

"Кейінгі жылдары Үкімет мембюджет есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын бірнеше рет арттырды. Бірақ көп жағдайда жалақы көтеру тек белгілі бір қызмет көрсететін тар салалы қызметкерлерді ғана қамтығаны жасырын емес. Ал әкімшілік, техникалық персонал, жұмысшы кәсіптердегі қызметкерлер барлық сала үшін ортақ, жалпы болып табылады. Бюджеттік сала жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселесі тек елдегі экономикалық ахуалға және бюджеттің табыс бөлігінің артуына қарай қаралатын болады. Оған дейін әр ұйымның басшысы меммекемені ұстап тұруға берілген бюджеттен үнемделген қаражат есебінен жұмыскерлерінің жалақысына ынталандыру үстемеақысын қосуға, сыйақы беруге, материалдық көмек көрсетуге құқылы", – деді министр.

Басқаша айтқанда, техперсоналдың жалақысының өсуі әр мекеме басшысының үнемшілдігіне және жомарттығына байланысты болмақ. Әйтпесе, көптеген ұйымда үнемделген қаржы басшылықтағылардың сыйақысына жұмсалып, төмендегі персоналға қиқым да тимейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу