"Бүйткен "7-20-25"-і құрысын..."

2218

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының ақпан айына ашылған лимитіне үлгеру үшін адамдар түнімен кезекке тұрған. 

"Бүйткен "7-20-25"-і құрысын..." Фото: inbusiness.kz

"7-20-25" бағдарламасына бөлінетін қаржыға жылына 100 млрд теңге бөлінетіні белгілі. Бұл соманы бір жылдағы 12 айға бөлсек, 8,3 млрд теңгеден айналады. Бастапқы жарнасын жинап, мемлекеттік бағдарламамен әне-міне үй аламын деп отырған ел тұрғындары әр айдың басында банкке барып өтінім беруі керек. Өтінім беретін күн алдын ала хабарланады.

9 ақпан кешкілік мемлекеттік бағдарламаға қатысатын банктердің 10 ақпанда сағат 10.00-ден бастап өтінім қабылдайтыны белгілі болды. Міне, содан бері жер-жердегі банктердің аумағында қарбалас басталды. Бағдарламаға қатысуға ниетті тұрғындар өтінім қабылдайтын жерге барып, кезекке тұра бастады. Осылайша, жұманың таңын сақылдаған сары аязда қарсы алған тұрғындар бар. Көлігі барлар техникасына түнеп, көлігі жоқтар қақаған қыста кезекке тұруға мәжбүр болды. Бәрінің мақсаты – банкке мейлінше алғашқылардың бірі болып ену, сөйтіп тұрғын үй бағдарламасына қатысу.

"Кешелі бері оқырмандарым банктердің алдында түнімен қалыптасқан кезек туралы суреттер мен видеолар жіберіп жатыр. Халық сақылдаған сары аязды да елең қылар емес. Тіпті, астанадағы банктердің алдында қалыптасқан жағдайды полиция келіп реттеген. Бұл сұмдық қой. Бүйткен "7-20-25"-і құрысын. "Үй алуға бастапқы жарнаны жинадым-ау" дегенде бағдарлама лимитін азайтып, ай сайын өтінім қабылдаудың ашылуын күттіріп қойды. Жағдайды реттеу керек. Меніңше, ай сайын лимит бөлуді қойып, бұрынғыдай бөлінген ақшаның қашан бітерін күткен дұрысырақ. Шамамен, айына республика бойынша бар болғаны 415 өтінім ғана қабылдау деген талапты да алып тастау керек. Болмаса, бағдарламаны 2029 жылға дейін созбай, мерзімін 2025 жылға дейін қысқарту керек. Осының есебінен лимитті көбейткен абзал. Сонда осы жолғыдай "Ертең өтінім қабылдау ашылады" деп дүрбелең тумайды", – дейді тұрғын үй саласының сарапшысы Ұлан Дәулетқали.

Сарапшы тығырықтан шығудың тағы бір жолын ұсынды. Ол үшін қазіргі бағдарламаны біржола жауып тастап, "12-20-20" бағдарламасын іске қосу керек. Сондай-ақ үйдің максималды бағасын қазіргідей 25 млн теңге емес, 35 млн теңгеге дейін көбейту қажет. "Себебі қазір үлкен қалалардан 25 млн теңгеге үй алу өте қиын. Алынатын үй бағасын көбейту халыққа да тиімді болар еді", дейді ол.

"Өткен жылдың сәуір айында Астанадағы тұрғынүй кешендерінің бірінің құрылысына қаржы құйдым. Мақсатым "7-20-25" бағдарламасы бойынша пәтерлі болу еді. 2022 жылдың соңына дейін "7-20-25" бағдарламасына үлгерсек екен деп үміттендік. Бірақ үлгермедік. Бағдарлама жалғасатынын естігенде қатты қуандық. Алайда әр айға лимит бөлінгенін естігенде бағдарламаға ілігу мүмкіндігі өте төмен екенін түсіндік. Бүгін соған көзіміз анық жетті. Түнімен кезекте тұрсақ та, лимит бірнеше минуттың ішінде бітіп қалды. Бұл бір. Екіншіден, бағдарламаға лимит белгілегелі бері "банк менеджерлері сыбайлас жемқорлыққа барады" деген әңгімелер тарай бастады. Мұның да жаны бар секілді. Өйткені болашақ көршілердің чатында "1 млн теңге төлесең, банктен рұқсат алып береді" деген хабарландырулар тарай бастады. Мемлекет тұрғындарға жақсылық жасаймыз деп, сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отыр. Мәселені дұрыстап реттеген абзал", – дейді Астана қаласының тұрғыны Саттар Айдаров.

Қазақстанның орнықтылық қоры хабарлағандай, биыл "7-20-25" бағдарламасын іске асыруға 100 млрд теңге бөлінген. Оның 25 млрд теңгесі алғашқы үш айда игерілуі керек.

"Бірінші тоқсанның лимиті 25 млрд теңге мөлшерінде бекітілген. Банктер соның аясында жұмыс істейді. Банктер бұл бағдарлама бойынша 2023 жылдың басынан 10 ақпанға дейін 11,2 млрд теңге несие берді. Әр банк өз ішкі процестеріне сай жұмыс істейді. Мәселен бұған дейінгі өтінімдерді қабылдап болғаннан кейін ғана жаңа өтінімдерді қабылдап жатыр. Лимиттер банктердің берген өтінімі бойынша беріледі. Яғни былтырғы жылдың көрсеткіштеріне талдау жасай отырып, биыл игере алатын сомаға өтінім түсіреді. Лимиттер сол өтінім бойынша белгіленеді. Бағдарламаға өтінім қабылдайтын мерзімді өзіндегі ішкі процеске қарап әр банк өзі шешеді", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Қазір "7-20-25" бағдарламасына "Халық банк", "Банк Центр Кредит", "Фридом финанс", "РБК Банк", "Еуразиялық банк", "Fortebank", "Altyn bank" қатысып жатыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу