Бурабайдағы жағажайда 1 күн шомылу тарифі 15 мың теңгеге жетті

4074

Салтанатты қонақүй кешенінің жаңа қадамы қоғамдық пікірді екіге жарды.   

Бурабайдағы жағажайда 1 күн шомылу тарифі 15 мың теңгеге жетті

Ақмола облысындағы Щучинск қаласының жанында, Шортанды өзенінің бойында, қарағайлы-аққайыңды орман ішінде орналасқан 5 жұлдызды "Rixos Borovoe" қонақүйіне дәл бүгін түскіңіз келсе, 1 тәулікке ғана 139,5 мың теңге төлеуіңіз керек. Өйткені туристік маусымның қызған шағы. Ал өзге маусымдарда 1 тәулік түнеу құны 94 мың теңгеге дейін "арзандайды", деп жазады Inbusiness.kz.

Әлеуметтік желіде аталған қонақүйдің елде жоқ жаңа ақы жинау жүйесін енгізгені туралы хабар тарады. Ол Бурабай жаққа демалуға барған туристердің пікірінен кейін туындапты: "Енді бұл қонақүйдің ішіне кіріп, тіркеу орнына дейін жету үшін 10 мың теңге төлеуіңіз керек. Бұл сома "депозит" ретінде қабылданады: қонақүй оны қайтармауға құқылы" деген гу-гу сөз тез-ақ жайылып, қызу пікірталас туғызды.

Жұртшылықтың бір бөлігі қонақүйді қорғап әлек, қарсыластары ел ортасында отырып, байлық иелерінің елге шекеден қарауына наразы.

Блогер, қонақүй клиенті Ерлан Сәкенов бұдан ешқандай әбес іс көрмейтінін айтады.

"Кейбіреулер "Риксос Бурабайдың" ішке 10 мың теңге депозитпен ғана кіргізе бастағанына шамдануда. Мен де қарсы шағым айтқым келеді: неге қонақүйдің аумағында жолшыбай адамдар қыдырып жүруі керек? Шетелде біраз қонақүй бөгде адамдарды өз аумағына жібермейді. Күзеттері өте қатаң. Клиенттер ішке тек арнайы "білезікпен" кіреді. Сырттан бөтен адамды ертіп кіре алмайсыз. Меніңше, бұл үлкен ауданды алып жатқан ірі қонақүйлер үшін қалыпты ереже. Өйткені үлкен аумақта шақырылмаған қонақтардың бәрін бақылап, қадағалау қиынға түседі. Көлденең көк аттылар неғұрлым аз болса, демалыс да қауіпсіз бола түседі. Мен бұл ережені қолдаймын", – деді блогер.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Фуат Ишмухамбетов алып қонақүйлер аумағына кіруді шектеуді жақтайтынын жеткізді.

"Бүкіл әлемде лаңкестік күрес аясында ірі қонақүйлерге бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Бұл кең таралған тәжірибе. Әйтпесе, көптеген адам әдемі сурет үшін қонақүйлерді аралап жүреді. Қонақүй айналасында серуен құрып, қоқыс лақтырып, былықтырып кетеді. Бұл жерде оның жеке аумақ екені, қызмет көрсетушілерге күш түсетіні ойына кіріп шықпайды. Білуімше, Риксос ақыны кіру үшін емес, қосымша қызмет ұсыну үшін жинауда", – деді ол.

Жания Сарыбаева "халява іздегендерге" тоқтау болуы керек деген пікірде: "Таза жағажайда, күтімі жасалатын паркте демалғың келсе, 10 мың теңге төле. Төлегің келмейді екен, көлдің тегін жағасына бар".

Азаматтардың үлкен бөлігі бұл бастаманы құптамады.

"Біздің туризмнің жеткен жері осы! Бұдан кейін оларға кім барады? Дамыған елдерде, бүкіл Еуропада кез келген қымбат қонақүйдің ішіне кіріп, ресепшннен тегін ақпарат алуға болады. Сол үшін ешқандай ақы алмайды. Кіру үшін ақша алу деген тек бізде ғана енгізілуі мүмкін "инновация". Ішіне ену үшін ақы сұрайтындай бұл музей-отель емес қой, қызықтайтын да ештеңесі жоқ. Халықты ашындырмағаны дұрыс еді", – деді елорда тұрғыны Рената Мартинюк.

"Бұлар сонда тек қалталы азаматтар ғана табалдырығынан аттай алатынын аңғартып отыр ғой. Байғұстар болса, есіктен де сығалай алмайды дегенге келтіріп", – деп алаңдайды Қанат Жантықов.

"Дұрыс! Қонақүйге кіру бағасын 20 мың теңгеге дейін көтеру керек. Қонақүй жанынан өту үшін де 5 мың теңгеден жинауға болады. "Кедейлерге кіруге рұқсат жоқ!" деп жазып қоймаған ба екен?", – деп әжуалайды фейсбукте Ізгілік Нағиев есімді пайдаланушы.

"Жақында ғана Францияда, көкшіл жағалауда (Лазурный берег) демалдық. Салтанатына сәулеті жарасқан Grand-Hotel du Cap-Ferrat қонақүйінің ұлан-байтақ ауласын араладық. Кіру үшін ақша сұрамақ түгіл, бізге қарсы бір сөз айтпады", – дейді Төке Нұр есімді пайдаланушы. 

Айта кетер жайт, осы хабарды "Rixos Borovoe" ішінара жоққа шығарды. Егер қонақүй ауласында қалып, тыныққыңыз келсе, қаржы шығарыңыз.

Жаңа бастама "Summer Day Pass" деп аталады екен. Мәнісі мынада: тәулігіне жүз мың теңгеден көп ақша төлеп, түнемелге қалуды қалтаңыз көтермесе, жазғы маусымда күндізгі уақытты салтанатты қонақүйдің аумағында өткізіңіз, суға шомылыңыз, басқа да қызметтерді тұтыныңыз. Бірақ бөлмеге кіре алмайсыз.

"Отельдердегі күндізгі абонемент жүйесі – халықаралық тәжірибе. Ол Rixos Borovoe қонақүйінде де қолданылуда. Қонақүйдің жүктелуіне қарай, сондай-ақ коронавируске қарсы карантин шектеулерін, қауіпсіздікті сақтау мақсатында Rixos Borovoe өзінде аялдамаған қонақтардың ішке кіруіне шектеу қоюға құқылы. Дегенмен, жазғы маусым кезеңінде қонақүйде тұрып жатпаған келушілер үшін ақылы қызметтер көрсетіледі", – деп түсіндірді Риксос Бурабай әкімшілігі.

"Summer Day Pass" абонементіне сәйкес, жұмыс күндері бұл отельдің жағажайында (LaVolna) шомылғысы келетін ересектерден 10 мың теңгеден, ал балалардан 5 мың теңгеден жиналып жатқан көрінеді. 

Демалыс күндері тариф ересектерге – 15 мың, балаларға – 7 мың 500 теңгеге дейін қымбаттап шыға келеді.

Ал мейрамханасында үстелді брондау үшін жұмыс күндері – 15 мың, демалыс күндері – 30 мың теңге депозит қалдыруға тура келеді. 

"Ресепшнге қол жеткізу үшін 10 мың теңге төлеу керектігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Егер қонақ ішке кіріп, бөлме брондауға тілек білдірсе, отель одан кіреберісте 10 мың теңге көлемінде ақы алады. Егер содан кейін 30 минут ішінде қонақ райынан қайтып, өз шешімін өзгертсе және қонақүйде қалмаса, онда аталған сома оған кері қайтарылады", – деп түсіндірді Rixos Borovoe.

Осы орайда Түркияның ізгі тәжірибесі ойға оралады. Анталияда тыныққанымызда, бір көрініске куә болдық: арқасында буыншақ-түйіншегі бар, киімі ескі-құсқы түрік шалы жағажайды аралап келе жатып, дәл қымбат қонақүйдің жағажайына аялдап, жуына бастады. Мұндай "арсыздыққа" ашынған кейбір қазақстандық клиенттер қонақүй өкіліне шағымданып, бөгде адамды қуып тастауды талап етті. Әкімшілік одан бас тартты және түрік заңнамасын түсіндіріп берді: тіпті қанша жерден сәнді-салтанатты болса да, бірде бір қонақүй теңіз жағалауын меншіктей алмайды, ол – халықтың байлығы, елге ортақ игілік. Сондықтан кез келген түрік азаматы кез келген жағалауда шомыла алады. Тек жатақ-шезлонгтарды пайдалануына құқығы жоқ, сондай-ақ қонақүйлердің тынығушыларынан 2 метр алшақтықты сақтауы шарт. Өз қонақтарының қауіпсіздігін әр қонақүй өзі қамтамасыз етуге тиісті.

Ал бізде ел өзіне тиесілі игілігін пайдаланғаны үшін күніне 15 мың теңге төлеуге мәжбүр. Осыдан кейін "Қазақстандықтар неге жапатармағай Түркиядан үй сатып алып жатыр?" деп таңғалу артық сияқты.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу