Буряттар Қазақстан мен Моңғолияға үдере көшті

6221

Онсыз да құрудың аз-ақ алдында тұрған ұлттың тоз-тоз болу үрдісі жалғасуда. 

Буряттар Қазақстан мен Моңғолияға үдере көшті Фото: yandex.kz

Өткен аптада Үндістанның астанасы Нью-Делиде өткен "Үлкен жиырмалық" (G20) елдерінің саммитінде Азия елдері дамыған елдерге бір өкпе-ренішін жеткізді: Батыс елдері евроцентристік көзқарасты ұстанып, өз проблемаларын жаһанның басты мәселесі ретінде таңады, күн тәртібінде басты орындарға өз мүдделерін шығарады. Салдарынан Азияның проблемалары назардан тыс, көмектен шетқақпай қалады.

Бұл сөздің жаны бар. 2022 жылғы қарашаның соңында Рим папасы Франциск астамшыл, ағат сөзімен әлем жұртшылығын шошынтты. Ол Украинадағы соғысты сөз ете келе, қансыраған сол елдегі барлық қатыгездік пен азаптардың айыбын Шығыс халықтарына, яғни буряттар мен шешендерге жаба салды. Ал европеоидтік орыс халқын ақтап алды.

РФ мұны тұтас халықтарға тағылған негізсіз жала деп таныды.

"Рим папасының аузынан нақты бір ұлттардың, буряттар мен шешендердің қатыгездігі туралы бағаның айтылуы кем дегенде, ақылға сыймайды. Тарих өзін өркениетті ұлттың өкілімін деп санағандардың тұтас қалалардың, елдерді жойып жібергенінің көптеген мысалын біледі", – деді Бурятия басшысы Алексей Цыденов.

Артынан Франциск өз сөзін өзі жоққа шығарып, кешірім өтінді.

Жалпы, бурят немесе түпнұсқада Бурийат сөзі түркі тіліндегі бөрі-ата сөзінен, яғни барлық түркі халықтары үшін тотемдік сипатқа ие ұғымнан шыққан. Мұны іnbusiness.kz жазды. Байырғы замандардан бері бурят рулары бөріні түпкі баба ретінде ұлық, ардақ тұтқан. Бірақ буряттар түркітілдес халықтардың көпшілігі секілді мұсылман дініне өтпеді, буддизмді ұстанады.

Әлеуметтік желілерге, ғаламторға ара-тұра шығып қалатын видеоларға, ақпараттарға және бурят құқық қорғаушыларының деректеріне жүгінсек, бүгінде Бурятия соғысқа жігіт бермеу үшін қарсыласып бағуда. Дүркін-дүркін соғысқа қарсы наразылық акциялары өтіп тұрады. Мәскеудің саясатын нық ұстанатын республика билігі оларды аяусыз басып-жаншиды.

Мысалы, қазіргі кезде Бурятиядағы соғысқа қарсы наразылыққа қатысқан белсенді зейнеткер әжей Н.Филонованың қудаланып жатқанын РФ ақпарат құралдары да жариялауда. Полиция оны күш құрылымдарының өкілдеріне "күш қолданды" деген айыппен тұтқындағанымен қоймай, оның 15 жасар ұлын тартып алып, жетімханаға жіберген.

Ресейлік құқық қорғаушы Надежда Низовкинаның айтуынша, мүгедектігі бар активистканың арнайы жасақ өкілдеріне қалай күш қолданғаны белгісіз, еш видеодәлел жоқ. Құзырлы органдардың дәйектеуінше, тұтқындарды таситын көліктің ішінде, елдімекеннен көп ұзаған шақта зейнеткер кенеттен қос полицейге зақым келтірген-мыс. Низовкина дерегінше, қамауда отырған кейуананың жасөспірім ұлын билік алдымен түрлі сылтаумен қалалық ауруханаға алып кеткен, одан әрі Улан-Удэдегі әлеуметтік сауықтыру орталығына жіберген, ал 5 наурызда Баргуз балалар үйіне ауыстырыпты.

"Баргуз ауданы қиянда жатыр. Оған теміржол көлігі де бармайды. Жолы да нашар. Баланың туысқаны көп, бірақ оларға оны бермей отыр. Филонованың ажырасқан күйеуінің үш ересек баласы, немерелері бар, олар да өз қолына ала алады. Бірақ билік баланы шешесіне қысым көрсетудің құралы ретінде пайдаланбақ", – деп болжам жасады құқық қорғаушы.

Қарсылық ретінде бурятиялық зейнеткер аштық жариялаған.

2021 жылғы бүкіл ресейлік халық санағының қорытындысы көрсеткендей, Ресейде небары 460 053 бурят қана қалыпты, бұл РФ бүкіл халқының 0,31% ғана. Салыстырсақ, 2010 жылғы жалпыхалықтық санақ РФ аумағында 461 мың бурят тұратынын көрсеткен. Яғни он жылда бұл ұлттың басы өсу орнына кеміді.

Оның үстіне соңғы санақтан соң, былтыр Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасады, Бурятия азаматтары ең көп қырғынға ұшыраған республикаға айналды.

Айтпақшы, жұтылып бара жатқан жұрттың өкілдерінің көбінің аты да, тегі де орысша болып келеді. Ассимиляциялану қарқынды жүруде.

Бұдан бөлек, былтырғы қыркүйекте мобилизация басталғанда, кем дегенде 20 мыңнан астам тепсе темір үзетін жастағы бурят Моңғолия мен Қазақстанға қашыпты. Бірақ осы екі елдің Ресеймен өзара ұстап беру, реадмиссия, депортация салаларында келісімі бар. Сол себепті толыққанды тыныш өмір сүре алмасын білген бурятиялық мобилизанттардың үлкен бөлігі АҚШ, Корея, Еуропалық Одақ, Израиль және Оңтүстік-Шығыс Азияға ауды. Олардың қаншасы жат жерде тірі қалып, қалыпты өмірге орала алатыны белгісіз.

Демек, келесі санақ (егер ол адал, дұрыс өтсе) бурят халқына келген зұлматтың шын ауқымын паш етуі мүмкін.

РФ ақпарат құралдарының жазуынша, қазірдің өзінде буряттар тіпті Бурятияның өзінде этникалық азшылық саналады: халықтың небары 30% немесе 286 мыңы ғана буряттар.

Бүгінде қудалауға ұшыраған "Свободная Бурятия" қорының дерегінше, соғысқа кем дегенде 10 мың бурят жолданған. Оның көбі қайтпады. Тұтқында отырғандарын Мәскеу украин жауынгерлеріне ауыстыруға асығар емес. Бурятия мобилизацияланған тұрғындарының қаза табуы көрсеткіші бойынша төртінші орынға шықты. 

Жергілікті журналист Анна Зуева Бурятия тұрғындарымен тілдесе келе, ер-азаматтар саны күрт азайған шақта, көптеген әйелдерге "отағасына", отбасы басшысына айналуға тура келгенін анықтады.

Улан-Удэ тұрғыны, 27 жасар Алтананың жары амалсыз, Қазақстанға кетіп қалыпты.

"Күйеуім 30 жаста. Қызымыз таяуда, амандық болса, бір жасқа енді келеді. Қосағым әскерде қызмет етпеген адам. Украинаға қарсы арнайы әскери операция басталғанда, мен жүктіліктің сегізінші айына жеткенмін. Бойын болашақ үшін үрей буған күйеуім күн сайын мемлекеттік емес медианың жаңалықтарын қарайтын болды. Мен қасында отырып, болып жатқан қырғынға көз жүгірткеннен-ақ қорқыныштан жүрегім шаншитын. XXI ғасырда адамдар жаппай қолына қару алып, көрші халықты жоюға кіріседі дегенге сену қиын еді", – дейді Алтана.

Наурызда қызы дүниеге келді. Алайда бойын үрей буғанда, аналықтан ләззат алу оңай болмапты. Себебі, енді жас отау иелері тек қара бастарын ғана күйттемей, кішкентай періштенің өмірі үшін де жауапкершілік арқалайды.

Ал қыркүйектің соңында РФ басшысы мобилизация жариялады. Жас жұбайлар бірнеше сағат ішінде шешім қабылдап, отағасы жолға жиналуға кіріседі. Жұмыс аптасын аяғына дейін атқарып, еңбекақысын алып, шығып кетеді.

"Үш күн жыладым. Жарымды құшақтап, мауқымды баса алмадым, жібергім келмеді. Не туралы айту керегін білмедім. Қалса, майдан даласында опат болуы мүмкін. Сондықтан жат елде жұмыс тауып, орныққан соң мені қызыммен бірге өз қасына алғызатын болып келістік. Содан бері жарты жылға жуық уақыт артта қалды. Менің бір туысқаным Украина жағында соғысуда. Біздің бәріміз оның аман қалуын тілеп жүрміз. Қызымды бағуға ата-анам көмектеседі. Олар бөтен елге кетуімізді қаламайды. Бірақ менің отбасым отағасымның қасында. Қызым әкесін тек видеодан және фотосуреттерден танып, өсуде. Олардың қауышқанын қалаймын. Күйеуім бізді сағынғанын үнемі айтады, бірақ Ресейге енді қайтып оралмауға нық бекінді. Сондықтан ақырындап, қоныс аударудың қамын жасаудамын. Жаңа орнымыздағы шаңырағымыз махаббат, шаттық пен бақыт мекеніне айналады деп үміттенеміз", – деді бурят қызы Алтана.

Қантөгіске "құшақ" ашып, құты қашқан көршінің тұрғындары бақытын өзге елдерде іздеуге мәжбүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу