Украинадағы соғыстан Бурятияда ауылдар бос қалды

3527

Мәскеу құру алдында тұрған ұлттарды Украинаға өлімге аттандыруда.

Украинадағы соғыстан Бурятияда ауылдар бос қалды Фото: yandex.kz

Ресей талабымен Қазақстанда 2 қарашада ұсталған ұлты бурят журналист қыз босатылды. Бұл жаңалығын Евгения Балтатарова өз телеграм-арнасында хабарлады. РФ әділет министрлігі ресейлік әскердің Бучадағы айуандық істерін және Украинадағы қырғынын ашық жазғаны үшін Балтатарованы алдымен "иноагенттер" тізіліміне енгізді. Соңынан РФ қылмыстық кодексінің "қарулы күштер туралы жалған ақпарат" деген жаңа 207.3-бабы бойынша ол қыздың үстінен іс қозғады.

Ал екі ел арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру және реадмиссия келісімдеріне сәйкес, Қазақстан Ресейдің талабымен өзіне қашып тығылған ресейліктерді қамауға алып, көршіге тапсыруға міндетті. Балтатарова Ресейді биылғы наурызда тастап шығып, қазақ елінде бас сауғалады. Ол қазақстандық әріптестеріне "Қазақстан менің туған елімдей ыстық болып кетті" деп сұхбат берді.

Алайда қыркүйекте қазақстандық құқық қорғау органдары ресейлік армияға қатысты жалған ақпараттар таратты деген айыппен оны қамауға алды. Бірақ жоғарыдан нұсқау түссе керек, сол күні бостандыққа жіберді. Дегенмен, бурят қызы өзін бұл республикада қауіпсіз сезіне алмайтынын түсініп, осы аптада Қырғызстанды паналамақ болады. Ол Бішкекке Алматыдан ұшақпен ұшуға бел буыпты. Аты-жөні базада тұрғандықтан, кедендік тексеру кезінде арнайы орган қызметкерлері оның паспортын алып, рейске жібермей, ұстап қалды. Бұған РФ Тергеу комитетінің Балтатарованың үстінен қылмыстық іс қозғағаны туралы қаулысы және Улан-Удэ сотының оған іздеу жариялау туралы үкімі негіз болыпты. Е.Балтатарованың хабарлауынша, қазақстандық құқық қорғау органдары оны ертесіне-ақ уақытша ұстау изоляторынан шығарған. Ал оны ұстау туралы хаттаманы "жай жоя салу туралы шешім қабылданған".

Қудалауда жүрген бурят журналисті өз сұхбаттарында туған елінде көптеген тұрғындардың соғысты бар ынтасымен қолдайтынына қынжылыс білдірді. Содан болса керек, Мәскеу онсыз да халқының саны қарқынды түрде азайып бара жатқан осы республикадан шектен тыс көп азаматын соғысқа алып кетті. Дәл осындай жағдай Дағыстанда, қазақтар шоғырлана тұратын облыстарда, Сахада, Тывада орнады.

21 қыркүйекте басталған соғысқа жігіт алу үрдісінің Бурятияда алапат екпінмен жүргені сонша, Бурят республикасының басшысы Алексей Цыденов қазан айының басында мобилизациялық міндеттердің толық орындалғанын Ресейде алғаш болып жариялады. Ол бұдан әрі әскери комиссариаттар тек еріктілермен жұмыс істейді деп мәлімдеді. Алайда азшылық ұлттарға таскенедей жабысқан мәскеудегілер оңай босата қоймайды. Содан Алексей Цыденов 13 қазанда Бурятияда мобилизация жалғасқанын, "қысқартылған түрде қосымша жұмылдыру жүргізіліп жатқанын" мойындады. Ақпарат құралдары жаңа мобилизацияланған бурят жігіттерінің алды опат болып жатқанын хабарлады.

"Novaya Gazeta. Europe" тілшісі Анна Зуева Бурятияны аралап шықты. Ол біраз ауыл қаңырап бос қалғанын жазады. Кәмелетке толған бозбалалардан бастап, 60 жасқа дейінгі ер-азаматтарының бәрі дерлік майданға аттанғандықтан, ауылда шаруашылықты жүргізетін маман қалмаған. Содан муниципалитеттер ауылдарды оңтайландырып, қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шалдарды ірілеу ауылдарға көшірген.

Ондай ауылдар Тарбағатай ауданында да көп көрінеді. Еркектер соғысқа барудан қашпаған. Бұл өлкеде намыс, патриотизм, парасат деген асыл құндылықтар сақталған. Қынжылтатыны сол, Мәскеудің солақай саясаты мен зұлым пропагандасы оны өз мақсатына пайдаланды. Тәулік бойы ресейліктердің құлағының құрыш етін жейтін тегін федералдық телеарналар Украинадағы соғысты Ресейді НАТО-дан қорғау жолындағы Отан соғысы ретінде дәріптейді. Ал баламалы ақпаратты, басқа көзқарасты ұсынатын ғаламторға, YouTube-ке жұртшылық үңіле бермейді, әрі оған ұшқыр интернет керек. Оның үстіне Ресейде Фейсбук пен Инстаграмға тыйым салынған, халық, соның ішінде буряттар қалпымен "ВКонтакте", "Однокласники" ресейлік әлеуметтік желілерінде отырады. Ал олар пропагандаға лық толы.

"Путин мобилизация жариялаған күні барлық ер-азаматтарға таңазанда Мәдениет үйіне келуге бұйрық берілді. Басым көпшілігі келді. Тарбағатай ауданында ағамды алып кетті. Мен өз пікірімді айтатын болсам, еркектің бас сауғалап қашқаны ұят. Біз өз Отанымызды қорғауымыз керек. Ерлер елді қорғауға жаралған! Бірақ мен еш іріктемей, барлығын жаппай әкеткеніне қарсымын. Тек бұрын әскерде қызмет еткендерін, соғыс өнеріне қаныққандарын алса болатын еді. Ол болмаған соң, қыршын жастарды да, шау тартқан адамдарды да алып кетті. Барлық әйел, ана қайғыруда, уайым шегуде. Бірақ басқа салғанға көнеді", – дейді Бурятиядағы Иволгинка ауылының тұрғыны, бурят қызы Ксения.

Ресейлік журналист Анна Зуеваның айтуынша, республика астанасы Улан-Удэден небары жарты сағат жерде орналасқан бұл ауылды мобилизация дүлей дауыл сияқты жайпап өтті. Кремльде В.Путин мобилизация жариялаған күні, түнде Бурятияда шақыруды тарату басталып кеткен. Ал ертесіне әйелдер мен балалар ерлерді соғысқа шығарып салды. Осыдан-ақ бұл өлкеде жігіттерді соғысқа алу науқанының қандай тегеурінмен жүргенін байқауға болады. 

Журналист Аннаның түсіндіруінше, Иволгинка – Буряад Уласындағы (Бурятия республикасындағы) халық ең көп шоғырланған Иволгинск ауданының әкімшілік орталығы болуымен ғана ерекшеленбейді, сондай-ақ ол өз жанында Ресейдегі буддизмнің орталығы – дацанның орналасуымен де маңызды. Жалпы, буряттар да түркі төркіндес халық саналады. Бұл ұлыстың атауы 1240 жылы жазылған "Моңғолдардың киелі шежіресі" еңбегінде алғаш рет айтылған. Бурийат сөзі түркі тіліндегі бөрі-ата сөзінен, яғни барлық түркі халықтары үшін тотемдік сипатқа ие ұғымнан шыққан. Байырғы замандардан бері бурят рулары бөріні түпкі баба ретінде ұлық, ардақ тұтқан. Бірақ буряттар түркітілдес халықтардың көпшілігі секілді мұсылман дініне өтпеген, буддизмді ұстанады.

"Дәстүрлі буддистік Сангхи (қауымдастық) басшысы Дамба Аюшеев "арнайы әскери операцияны" құптайды. 2019 жылы РФ президентінің резервтік қорынан Сангхиге қой терісін өңдеуге арналған цехты салу және оған жабықтар сатып алу үшін 33 миллион рубль бөлінген. "Отанды қорғау – буддистер үшін қасиетті парыз. Ер адам әскерге шақырылған екен, баруға міндетті. Біздің халықта намыс, абырой деген бар, еркек соғысуға, жауын жеңуге және отбасына оралуға тиіс" деді Аюшеев мемлекеттік "Буряад унэн" газетіне сухбатында. Ал Иволгинск ауданының басшысы Николай Емонаковтың өзі: "Жауынгерлерімізді қорғауы үшін ламалар түні бойы сиынды, үшкірді" деп соғысқа аттанып бара жатқандарға "хадактарды", ритуалды шарфтарды таратты", – деп сипаттайды журналист Анна Зуева.

РФ заңы бойынша оқушы жастарды соғыс түгіл, мерзімді әскери қызметке де алуға болмайды. Ал әскери комиссарлар полицейлермен бірге Бурят мемлекеттік университетіне сау ете қалып, студент жігіттерді дәріс үстінде алып кеткен.

Тұтас ауылдарға ғана емес, салалар мен кәсіпорындарға да жабылу қаупі төнді. Мысалы, әлемдегі ең ұзын деревнялық көшенің орналасуымен аты шыққан буряттардың Бичура ауылында барлық күзетшілер, кочегарлар мен мұғалімдер соғысқа алынды. Енді бала оқытатын ұстаз қалмағандықтан ауыл мектебі уақытша жабылған.

Бурятияның азат ел болуын аңсайтындарды біріктіретін "Свободная Бурятия" ұлттық қорының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Виктория Маладаева Ресейде азшылық халықтарға заң да көмектеспейтінін айтады. Мысалы, заң бойынша көп балалы отбасылардың отағасын не отанасын соғысқа алуға тыйым салынған. Ал Бурятияда бұл талап орындалмапты. Оның мәліметінше, Владимир Путин мобилизация жариялаған күні Бурятия басшысының ұлықтау салтанаты өтті: Алексей Цыденов 12 қыркүйекте сайлауда жеңіске жетіп, қайта сайланды.

"Сол күні кешке ол Бурятияның өркендеп, гүлденгені туралы пафосты, бірақ жалған үндеу жасап жатқанда, бүкіл Бурятияның аудан, ауылдарына жігіттерді соғысқа алу үшін лек-лекпен автобустар аттанып жатты. Біздің қорға әділетсіз қан майданға барғысы келмейтін адамдар, өз туыстарының тағдырына алаңдағандар жазды. Олардың хабарлауынша, Бурятияда ерлерді ешқандай шақыру қағазынсыз (повестка) алып кеткен, оларды медициналық тексеруден бас тартылған. Мысалы, Хуртаға ауылында бес баланың әкесін шақырусыз және медициналық тексерусіз алып кетуге военкомат қызметкерлерімен бірге осы ауылдың басшысының өзі барған. Хуртаға ауылының басшысы тіпті жалғыз ветеринарды да соғысқа жолдаған. Бурят шолақ белсенділері арыстарды алып қалуға тырыспақ түгіл, асыра сілтеді. Сәбиімен жалғыз отырған жігітті де алып кеткен", – деді В.Маладаева.

Оның мәлімдеуінше, Украинадағы соғыстың Отан қорғау емес, басқыншылық екенін бурят жігіттерінің біразы майдан даласында бір-ақ түсінді. Мысалы, Маладаеваның ақпаратынша, Херсонда контршабуылға көшкен Украина Қарулы күштеріне тосқауыл болуға тиісті алдыңғы шептегі окоптар жақында ғана мобилизацияланған бурят жігіттерімен толтырыпты. Дені дұрыс қаруландырмаған. Босқа қырылып жатқанын түсінген буряттар "Свободная Бурятия" қорына хабарласып, елге оралуға көмектесуді сұраған көрінеді.

Әрине, қан-қасап қырғынға тасталған қарусыз бурят ер-азаматтарын дәл алғы шептен алып кететіндей, қордың құзыры жоқ. Өзі де қуғын-сүргінге түскен қор тәулікбойғы жұмыс режиміне көшіп, заңгерлерді тартып, жерлестеріне ақыл-кеңестер беруге тырысуда.  

4 қарашада Ресейде Халықтар бірлігі мерекесі аталып өтті. Осы күні Улан-Удэнің Кеңестер алаңында бірнеше әйел Украинадағы соғысқа қарсы наразылық акциясын өткізді. "ОВД-Инфо" және басқа да ресейлік, шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, тәртіп сақшылары, арнайы құрылымдар кем дегенде 8 әйелдің қолын бұрап, алып кетті.

"Утро Бурятия" телеграм-арнасының мәліметінше, белсенді әйелдер өз талаптарын орындата алмады, бірақ Улан-Удэдегі жалпыресейлік мерекеге арналған билік митингін (оны халық путинг дап атайды екен) өткізбей тастады. Наразылыққа бола, полиция орталық алаңды жауып, оған бет алғандардың бәрін үйлеріне кері қайтарған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу