"Бұрын темекі өсірілген жерлерді біреулер енді бөлшектеп таратуда"

2151

Таяуда мемлекет жер кезегіне электронды тіркелуді енгізді. Бұрын әкімдік жер сұрағанды есіктен қаратпайтын. Енді мыңдаған адам eGov-қа лап қойды. Кейбірі бақша салуды, кейбірі ол жерді сатуды ойлайды.  

"Бұрын темекі өсірілген жерлерді біреулер енді бөлшектеп таратуда"

Санкциядан сорлай бастаған солтүстік көрші халқын ашықтырмау үшін қайтадан кеңес кезіндегі тәжірибеге оралып, қалалықтарға да он сотық жерден үлестіруге, сөйтіп, тұрғындарға бау-бақша салып, өзін өзі асырауға мүмкіндік беруге ден қоюда. Ресей өңірлерінде шетелдік құрауыш бөлшектердің тапшылығына тап болып, жұмысын уақытша тоқтатқан бірқатар ірі кәсіпорын жұмысшыларына жалақы төлей алмаған соң, өзіне тиесілі жерлерді соларға бақша салуға тарата бастады.  

Санкциядан аман болса, Қазақстан тауар мен тамақтан тарықпауға тиіс. Дегенмен әсіресе, жеміс-көкөністің жаппай, еселеп қымбаттауына байланысты бақша салып, жерден жеміс теру, сондай-ақ өз бетінше үй тұрғызу үшін он сотық жер сұраған қазақстандықтар көбейіпті. 

Осы орайда сәуір айында ел Үкіметі азаматтарға 10 сотық тегін жер алу үшін eGov арқылы әкімдікке бармай, үйден шықпай, кезекке тұруға жол ашқанын жариялады. Жұрт мұны "тегін жер үлестіріліп жатыр" деп түсініп, жаппай тіркелуге тұра ұмтылған. Салдарынан, eGov-тың осыған арналған бөлімі істен шықты. Ақауы шыға береді.

"Өтінішті қалыптастыру небары 5 минутыңызды алады. Бұған қоса, өтінішіңіздің, кезегіңіздің қаншалықты ілгері жылжығанын онлайн қадағалап, өз деректеріңізді өзектілендіріп отыра аласыз. Кезектегі адамдардың әкімдіктер ұсынған тізімін біз цифрландырдық, оның бәрі eGov.kz-қа орналастырылды. Жер учаскесін алу кезегін цифрландыру – сыбайлас жемқорлықты жою және жерді игеру үдерісінде жасалған үлкен қадам. Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтініш бере алады. Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтініш беруге болады", – деп майын тамыза әңгімеледі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Бұған дейін жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін қазақстандықтар әкімдіктерге қағаз күйінде өтініш тапсыратын, оның өзінде кезек ретінің дұрыс қалыптастырылмау қаупі болатын. Салдарынан, кеш тапсырғандар жер алып, бұрын бергендер қалыс қалып жататын. Ол кезде кезекке тұру процесі 12 күн уақыт алатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды. Енді бір порталда тұрады.

Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жерді тегін алуға құқылы.

Алайда бұрын әкімдік кезегінде тұрып келген біраз адам өзін жаңа порталдан таппай жатыр. Әкімдіктер тізімді дұрыс бермесе керек.

Өзге азаматтардың айтуынша, әкімдікке қарағанда, керісінше, электронды кезекке тұру әлдеқайда қиын көрінеді.

"Мен бір ай бұрын өз құқығымды пайдаланып, eGov.kz арқылы өзіме 10 сотық жер беруді сұрап, онлайн өтініш бергенмін. Өтініш қабылданды, тиісті нөмір тағайындалды. Алайда содан бері көп уақыт өтсе де, өтінішімнің мәртебесі "жіберілді" күйінде қалды. Яғни, екі ортада ілініп тұр. Жер телімін алу бойынша кезегімнің нөмірі сол бойы берілген жоқ", – деп қапаланады Алина Ибрагимова.

Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасымен, әр өңірде жеке түзілетін жер кезегі қазір бір жерден қалыптастырылады. Әйтпесе, әр өңірде кезекке тұрып алған азаматтар анықталған. Облыс әкімдіктері бұл мәселеде өзара ақпарат алмаспайтындықтан, өзінде кезекке тұрған адамның өзге өңірде тіркелген-тіркелмегенін білмейді.

Алайда қазір жергілікті әкімқаралар жаңашылдықты дұрыс ұғына алмай, жөнді түсіндіре алмай, жұртшылықтың үрейін ұшыруда.

"Электронды Үкімет порталында 10 сотық тегін жер алуға өтінішті онлайн қабылдап жатыр ғой. Оның мән-жайын сұрап, әкімдікке барсам, жер бөлімінің қызметкерлері елімізде жаңа электронды кезек қалыптастырылып жатқанын, сондықтан ескі кезек жойылатынын мәлімдеді. Сонда мұнысы несі? Мен 2008 жылдан бері кезекте тұрмын. 14 жыл өтсе де, жер телімі тимеді", – деп алаңдайды Марат Дубаев.

Жұрттың бір тобы кезектің цифрландырылғанын "жер учаскелерін жаппай тарату науқаны басталған екен" деп түсініпті. Содан өздеріне әкімдіктің хабарласпай жатқанына мазасызданады.

Бағдат Мусин командасындағы "қулардың" арзан пиары әкімдіктерге де, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де бәле болып жабысып, "сау басқа сақинаға" айналды: ашулы жұрттың арыз-шағымның астында қалған.

АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов елде жаппай тегін жер үлестіру науқаны басталмағанын айтады. Тек қана бұл процесс Президенттің тапсырмасына сәйкес, цифрландырылған. Әкімдіктер сол бұрынғыдай жер телімдерін оларға инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған соң ғана әлгі кезек бойынша береді. Ол рәсім өзгерген жоқ.

"Жер теліміне мұқтаж азаматтардың тізімін жергілікті атқарушы органдар ұсынды. Бұрын үй салу үшін бір рет жер алған адамдардың тізімін де солар берді. Себебі бұрын мемлекеттен бір рет тегін жер телімін алғандар жер кезегіне өтініш бере алмайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін сұраған азаматтар арнайы есепке алынады және учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтар болған жағдайда ғана беріледі. Сумен және электр энергиясымен жабдықталған алаңдарға ғана жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдерін беруге рұқсат етіледі", – деді Мұрат Теміржанов.

Ол қандай алаңдардың дайын екені туралы ақпарат еш құпия емес, ашық дейді (әкімдіктердің сайтында орналастырылады).

Бірақ азаматтар тек дайындалған алаңдардың ғана таратылатынына сенбейді. Қостанай облысындағы Тобыл қаласының тұрғыны Алмагүл Салықова 2007 жылдан бері жер кезегінде тұр.  

"Кезек жылжитын емес. Сонымен бірге қалада ЖТҚ-ға жер телімдері көп бөлінуде, үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап "өсуде". Мен осының мәнісін түсіндіруді сұрап, Қостанай облысының әкіміне дейін хат жаздым. Сырғытпа жауап келеді. Содан қайта-қайта хат жолдаймын. Айтатыны біреу – 2004 жылдан бері Тобыл қаласында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелері бөлінген жоқ. Халық оның жалған екенін көріп отыр ғой! Мен қай жерде қандай үйлер жаңадан бой көтергенін адресіне дейін айтып бере аламын. Алдаудың қажеті не? Әлде ол адамдардың бәрі жаппай бос жерлерді басып алып, заңсыз үй соғуда ма?", – деп қамығады арыз иесі.

Жергілікті шенеуніктер дайындалған тегін жер жоқтығын, үй салушылар нарықтан бұрын таратылған жерді сатып алатынын айтады.

Алматы облысының тұрғыны Екатерина Видовская әлдебір мықтылардың бұрын темекі өсірілген алқаптарды бөлшектеп, сатып жатқанын айтып, дабыл қақты.

"Мен Талғар ауданында тұрамын. Белгісіз жеке азаматтар бұрын темекі өсірілген жерді жаппай сатып жүр. Талғар ауданында әкімдіктердің иелігінде болған жерлердің үлкен бөлігі кезінде жекешеленіп кеткен. Бүгінде сол байлыққа қол жеткізгендер ол жерлерді 8 сотықтан бөліп, саудаға салуда. Әрбір 8 сотық жер 5 миллион теңге тұрады. Жердің сатылатыны туралы хабарландырулар жергілікті пабликтерде, Инстаграмда дүркін-дүркін пайда болады. Кейбіріне хабарласып, осынша жерді қалай иеленгенін, қалай алғанын сұрадым. Ешқайсысы жауап бермеді. Біздің өңірде жемқорлық тамырын тереңге жайған. Әкімдіктен бастап, ауруханаларға дейін кең таралған. Жолдар құрылысы туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. Қарапайым халық он сотық жер ала алмай жүргенде, кейбіреулердің оны кесек-кесекпен турап тастап жатқаны көңілге алаң салады", – дейді жергілікті белсенді.

Ол аталған хабарландырулардан скрин жасап, құзырлы органдарға жіберіпті, жалтарма жауап келген, пәрменді шара жоқ дейді.

Жалпы қараусыз жатқан жерлердің барын фермерлер де айтады. Тек жергілікті шенеуніктер оларды анықтап, елге пайда әкелетін, өзі де табыс табатын құнтты қожайынға тапсыруға мән бере бермейді. Қостанай облысының Наурызым ауданының тұрғыны, жергілікті шаруа қожалығының басшысы Низам Бадирханоғлы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысады. Көктемгі егіс жұмыстары қызған шақ. Дегенмен ол жылда іргедегі жер телімінен зардап шегеді екен, себебі иесіз жатқан жерлерді арамшөптер, зиянкестер басады.

"Дәл менің жер телімімнің жанындағы жердің қожайыны жоқ қой деймін. Өйткені жер иесі қайтыс болды. Оның дүние-мүлкіне сол бойы ешкім мұрагер болмады. Салдарынан оның жерінде арамшөп қаулап, желмен бірге көрші телімдерге таралып, залал ошағына айналды. Жер кодексі жергілікті атқарушы органдарға мұндай учаскелерді иесі жоқ деп тіркеп, басқа адамдардың пайдалануына беруге рұқсат етеді. Ешкім алғысы келмесе, маған берсін, егістігімді кеңейтейін", – дейді ол.

Ондай телімдерді он сотыққа бөліп таратса, адамдар үй салып, саяжайлар бой көтеретін еді. Бірақ мұндай істер жергілікті шенеуніктерден креативтілікті, пысық қимылды талап етсе керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу