Бұрынғы биліктің қарау ісі Қазақстанды жарықсыз қалдырғалы тұр

2999

Олигархтарды, заңсыз бизнесті қорғау мақсатында электр энергиясы саласындағы мемлекеттік бақылауды әлсірету ақыр соңында қазақ елін орта ғасырлардағы қараңғылыққа оралтуы мүмкін. 

Бұрынғы биліктің қарау ісі Қазақстанды жарықсыз қалдырғалы тұр

Бизнесті дамыту үшін кедергілерді жою деген сылтаумен бұрынғы билік елді біраз былыққа батырғанын сарапшылар да, ақпарат құралдары да ашық жазуда. Осы ұранмен көп салада мемлекеттік бақылау жойылды. Олигархтар, монополистер ойына келгенді істейтін болды. Олардан зардап шеккен кәсіпкерлер, қарапайым қазақстандықтар ұлардай шулап, құзырлы органдарға жүгінеді, шектен шыққан алпауыттың табанына тас қоюды талап етеді. Ал шенеуніктер еш қауқар таныта алмай, шарасыздық танытады. Себебі қолданыстағы тыйымдар оның аяқ-қолын матап қойған.

Жаңа Қазақстанның алдымен осы кесапаттан арылғаны абзал. Өйткені ол тыйымдар шағын және орта бизнестің баюына да, дамуына да ықпал ете қойған жоқ. Оның орнына халықтың зығырданын қайнатып, әлеуметтік кернеуді арттыруда. Бұл шектеулер тіпті тұтас салаларды тұралатып кетуі мүмкін. Енді міне, Энергетика министрлігіндегілер әлгі науқан аясында өз саласына қандай жойқын соққы жасалғанын бағамдай бастады. Ведомство мұны доғармаса, ел мен экономикаға ғаламат апат төнуі мүмкін екенін жасырмайды.

Әңгіме не жөнінде?

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, бұрынғы билік "бизнесті дамыту үшін кедергілерді жою реформасы" шеңберінде 2018 жылғы 24 мамырда кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру және кедергілерді жою шарасын жүзеге асырды. Бұл қадамға көптеген маман қарсы шыққаны мәлім. Наразылыққа қарамастан, Үкімет "гильотина" тәсілін қолданды. Көптеген ведомствоның бақылау-қадағалау функциялары қысқартуға ілігіп кетті.

Бұл реформаға сәйкес, мысалы:

  • Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіне кіретін электр станцияларының энергетикалық жабдықтарын;
  • 0,4 киловольттан жоғары электр желілерін,
  • қуаты 100 Гкал/сағаттан асатын қазандықтарды,
  • магистральдық жылу желілерін пайдалану және олардың техникалық жай-күйіне қатысты талаптардың сақталуына бақылау жүргізу "бақылаудың ерекше тәртібінен" алып тасталды.

Ақыры не болды?

"Электр станциялары мен желілерін бақылауды әлсірету кесірінен бүгінде энергетикалық жабдықтардың техникалық ахуалы нашарлады, авариялар, технологиялық ақаулар саны күрт ұлғайып, тұтынушылар қуаттан жиі ағытылатын болды. Реформалардан кейін Қазақстанның электр энергетикасы объектілеріндегі технологиялық бұзушылықтар және жөндеу жұмыстарының мерзімдерін сақтамау тұрақты түрде артуда", – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.

Салыстыру үшін айтсақ, 2017-2019 жылдары технологиялық бұзушылықтардың динамикасы тек төмендеумен болды. Мәселен, 2017 жылы электр станциялары мен электр желілерінде 4 294 апат болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 030 оқиғаны құрады, яғни 264 оқиғаға немесе 6,2%-ға төмендеді. 2019 жылы 4 010 оқиға тіркеліп, алдыңғы жылғыдан 20-ға немесе 0,5%-ға азайды. Әрі қарай реформа аясындағы өзгерістер күшіне енді, яғни бақылау әлсіреді.

Салдарын 2019-2021 жылдардағы технологиялық бұзушылықтардың динамикасынан аңғаруға болады. 2020 жылы электр станциялары мен желілерінде болған апаттар мен бұзушылықтар саны 4 619-ға дейін артып шыға келді. Яғни алдыңғы жылғыдан 609 оқиғаға немесе 15,2%-ға көбейді. Авариялар саны одан әрі артуда. Былтырғы 2021 жылы бұл көрсеткіш 5 562-ні құрады. Сөйтіп 2020 жылғыдан тағы 943 оқиғаға немесе бірден 20,4%-ға ұлғайыпты.

Мемлекет берген артықшылықтарға, салықтық жеңілдіктерге және тарифтердің тұрақты көтерілуіне қарамастан, электр станцияларының тозуы да тоқтаусыз артуда. 2017 жылғы 55,4%-дан қазір 60 пайызға жуықтап қалды.

Энергетика министрлігі анықтаған 2019-2021 жылдардағы электр желілерінің тозу динамикасы да үрейлендіреді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 64,3% болса, қазіргі кезде 65,8%-дан асып барады.

Бұл жағдай ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіруі мүмкін. Соғыс ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл таяуда Жетісу ауданының Алакөл ауданындағы Қытаймен және Қырғызстанмен шектесетін мемлекеттік шекараны аралағанда, көңілге қаяу түсірген жайтқа кезіккенін айтады.

"ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданындағы шекара басқармасына қарасты 5 шекара бөлімшесі "Тоқты" бағытындағы электр желісінен электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Бірақ бүгінде сол "Тоқты" желісі апаттық жағдайға жетіпті. Желдің қатты соғуынан сымдары жиі үзіледі, ақау кезінде жабдықтары өрттенген, ағаш бағаналары әбден шіріген. Салдарынан электр қуаты жиі өшіп қалып, шекара бөлімшелерінде орналасқан электр жабдықтары бұзылып, мерзімінен бұрын істен шығады. Мысалы, былтыр бір шекара бөлімшесінде 4 дана су сорғылары бірден істен шыққан, соның кесірінен шекарашыларды ауыз сумен қамту қиыншылығы туындаған. Тағы бір шекара бөлімшесінде жарық жалп етіп сөнгенде, дизельдік агрегат жанып кеткен. Мұның бәрі мемлекеттік шекараны күзетуге жəне қорғауға кері əсер етеді. Сондықтан жағдайды біле сала, мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз", – деді Б.Смағұл.

Оның шешімі кешенді шараларды қажет етеді. Біріншіден, Үкімет тиісті заң жобасын енгізсе, Парламент заңнамаға өзгерістер енгізіп, өзін ақтамаған тәжірибені жояды. Екіншіден, Үкімет тиісті жобаға қаражат бөлуі қажет.

Депутат барып, анықтағанға дейін шекара басқармасы мәселені ың-шыңсыз өз бетінше шешуге біраз жыл қам жасапты. Атап айтқанда, шекара басқармасының атынан Алакөл аудандық "ТАТЭК" АҚ-ына, сондай-ақ "ЖетісуЭнергоТрэйд" ЖШС басшыларына осы мəселе бойынша хат жіберілген. "ТАТЭК" АҚ-ы Алакөл ауданында өз саласы бойынша монополист болып табылады. Дегенмен сол бойы ешқандай жауап келмепті. Содан шекарашылар 2022 жылдың маусым айында шекара басқармасының бастамасымен және "ТАТЭК" АҚ-ы мамандарымен бірігіп, 3 шекара бөлімшелері аумағындағы 70 дана ағаш бағананы бетон тіректермен ауыстырған. Соған қарамастан, "Тоқты" бағытындағы апаттық электр желісінің мəселесі толығымен шешілмепті.

Энергетика министрлігі де мембақылауды күшейтпей, іс түзелмейді деді.

"Қазір электр станцияларының энергетикалық жабдығын және электр желілерін техникалық эксплуатациялауға және олардың техникалық жай-күйіне қатысты талаптардың бұзылуына мемлекеттік бақылауды күшейту аса маңызды. Бұл энергетиктердің, қызмет көрсетуші персоналдың өміріне қауіп төндіретін, үлкен аварияларға, өртке соқтыратын, сондай-ақ тұтынушыларды қуаттан ажыратуға әкелетін оқиғаларға жол бермеу үшін қажет", – деп түсініктеме берді Энергетика ведомствосы.

Меморганның мәліметінше, Қазақстанның энергетикалық активтерінің негізгі бөлігі өткен ХХ ғасырдың ортасында пайдалануға берілген. Олар жыл өткен сайын тез тозып барады. Оның үстіне "соңғы жылдары электр станциялары мен желілерінің негізгі қорларын жаңғырту және реконструкциялау шаралары тиімсіз болып тұр".

Министрліктің байламынша, мұның бәрі экономикаға зиянды: өңірлердің, шағын және орта бизнестің, инфрақұрылымның дамуын тежеуге алып келеді. Қолданыстағы объектілерді электрмен қамту қиындағандықтан, жаңа бизнес нысандары іске қосыла алмайды.

Бұл "әлеуметтік наразылықты туғызады, электр станциялары мен желілерінің тозуын одан әрі ушықтырады, сондай-ақ олардағы технологиялық апаттар мен бұзушылықтардың санын арттырады".

Сол себепті Энергетика министрлігі электр станциялары мен желілерін мемлекеттік бақылауды қайтаруды ұсынып отыр. Тиісті заң жобасы дайын. Әйткенмен, министрлік бұл өзгеріс жылдам жүзеге аспайтынын ескертті. Үкіметтің кестесі бойынша 2023 жылғы 1 тоқсанда "Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" тиісті заң жобасы Әділет министрлігінің қарауына енгізіледі. Алдағы жылдың басына заңды Парламенттің қабылдауы және оны мемлекеттік тіркеп, жариялау рәсімі жоспарланған. Нәтижесінде, заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп хабарланды. Өтпелі кезең НҚА-ларды дайындау, сала алпауыттарының бағдарламаларын қайта қарау және басқа да жұмыстар үшін қажет көрінеді.

Тұтастай алғанда, бүгінде жаңғыратын қуат көздерін қосқанда, елімізде 202 электр станциясы және 143 электр желісін басқаратын компания жұмыс істейді. Бұл компаниялардың иелігінде 415 мың 736 шақырым электр беру желілері, 648 224 трансформаторлық кіші станциялар, 94 881 тарату пункттері, жиынтықты трансформаторлық кіші станциялар бар. Бұдан бөлек, кернеуі 0,4 кВ жоғары электр қондырғыларын пайдалатын 669 207 жеке және заңды тұлғалар тіркелген.

Сондықтан бұрынғы билік реформасының салдарлары жойылса, елдегі барлық дерлік ірі қуат көздері тұрақты мемлекеттік бақылауға алынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу