БҰҰ-ға 75 жыл немесе дипломаттарсыз дипломатия

5137

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті.

БҰҰ-ға 75 жыл немесе дипломаттарсыз дипломатия

Егер дүниенің ең ықпалды адамдары ауқымды әлемдік кеш ұйымдастырып, оған ешкім бармай қойса не болады? Осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы өз жұмысын бастайды. Әдетте бұл форумды халықаралық дипломатияның суперкубогы деп те атайды. Бірақ ғаламдық пандемия нәтижесінде "ол сандық дипломатияға" айналып, биыл БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінің дәлізінен жылдағыдай жұлдызды ойыншыларды көру мүмкін болмай тұр.

Сонымен қатар, дүйсенбіде Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің 75 жылдығын атап өтеді. Онда да ешкім қол алысып, құшақ жая көрісе алмайды.

"COVID-19 пандемиясы – өміріміздегі ешқандай дағдарысқа ұқсамайтын дағдарыс, сондықтан Бас Ассамблеяның сессиясы бұрынғыдан өзгерек өтейін деп тұр", – дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

БҰҰ Бас Ассамбеясының жаңа президенті – түркиялық Волкан Бозкир айтқандай: "Біз 75 жылдықты тойлауымыз керек еді. Бірақ бәрі өзгерді".

Қысқасы, әлемнің басты дипломатиялық шарасы дипломаттарсыз өтейін деп тұр.

"Драматизм жетіспейді"

Нью-Йоркке барғандар 14 күндік карантинге алынуға тиіс. Сондықтан президенттер, премьер-министрлер, монархтар, министрлер Америкаға сапар шекпейтін болды. Мұның орнына олардың мыңдаған шақырым қаштықтықтан алдын-ала жазылған мәлімдемелері көрсетіледі (Яғни, осы жолы ешкім сөз таластырып, дауласа алмайды).

Бас Ассамблеяның сессиясы өтетін холлға  БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттен бір-бір дипломат қана кіре алады. Олардың әрқайсысы маска тағып, әлеуметтік алшақтық ережесін сақтауға міндетті және елшілік өкілдері өз елдерінің басшылары мен олардың алдын-ала жазылған 15 минуттық сөзін таныстыруға тиіс.

Бірінші күні – сейсенбіде – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің түгелге жуығы сөз сөйлейді: АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай басшысы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Елисей сарайының қожайыны Эммануэль Макрон.

"АҚШ-та президенттік сайлауға бірнеше апта ғана қалды. Сондықтан көпшілік Трамп Иран, Қытай, тіпті Джо Байден туралы жалынды мәлімдемелер жасайды деп күткен еді. Алайда қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ал, мұндай сөздер айтылмаса, жиынға драматизм жетіспейді",– дейді БҰҰ-ның Халықаралық дағдарыс тобының директоры Ричард Гоуэн "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Ғаламдық ымыра

Жоғары деңгейдегі кездесу дүйсенбі күні БҰҰ-ның 75 жылдығын мерекелеумен басталып, онда әлем лидерлері мәлімдемелер жасап, дүниенің барлық 193 елі мақұлдаған декларацияны қабылдайды. Сонымен қатар конференцияда БҰҰ-ның сәтсіздіктері мен жетістіктері айтылып, постпандемиялық әлем құру жолында "белсенді әрекет ету" туралы үндеу жасалады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Екінші Дүниежүзілік соғыстан күл-талқаны шыққан әлемде дүниеге келіп, болашақ ұрпақты қарулы қақтығыстардың зардабынан арылту миссиясын мойнына алды. Декларацияда айтылғандай, БҰҰ ондаған жанжалды жеңілдетіп, өзінің гуманитардық қызметі арқылы жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалған. Дегенмен, қарарда "күшейіп келе жатқан теңсіздіктен, кедейшіліктен, аштықтан, әскери жанжалдардан, терроризмнен, қауіпсіздіктің жоқтығынан, климаттың өзгеруінен, пандемиядан зардап шегіп отырған планета" да ескеріліпті.  

Бас хатшы ертеңгі мәлімдемесінде тура 23 наурыздағы сөзін қайталап, ғаламдық ымыра жариялауға шақырмақ.

"Бүгінде Ауғанстаннан Суданға дейінгі аралықта көңілге үміт ұялататын бейбітшілік бағытындағы қадамдарды көріп отырмыз. Сирияда, Ливияда, Украинада және өзге елдерде атыстың тоқтауы дипломатияға жол ашар еді",– дейді Гутерриш.

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу