БҰҰ: "Қазақстан құлдыққа қарсы күресіп жатыр"

1660

Жыл сайын Қазақстанда еңбек және сексуалды құлдыққа тап болған адамдарға қатысты шамамен 100 қылмыстық іс қозғалады. 

БҰҰ: "Қазақстан құлдыққа қарсы күресіп жатыр" Фото: smotrim.ru

Әлеуметтік желіні "қазақтардың құлдығына түсіп қалған өзбектің зары" жарды. Facebook парақшасында орналастырылған видеода Өзбекстан азаматы "қазақтардың басын жарғанын", Жамбыл облысындағы кірпіш зауытында ұстап, ұрып-соғып, құл қылғанын егіле жеткізіп, өзбек жұртынан жәрдем сұрады. Видеоға түсініктемеде “Жамбыл облысы, Түймекент кенті, Сарыкемер ауылындағы кірпіш зауытында өзбектер құлдықта жүр” деп жазылған.

"Өзбекстандағылар, міне, ұрып, басымды жарды. Күшпен жұмыс істетіп жатыр", – деп, ол басын ұстап, зар иледі.

Бұл дерек Өзбекстанның және Қазақстанның азаматтарының да ашуын туғызды. Адамдар қам-қарекетсіз отырған полицияны айыптауға асықты.

"Өзбекстандықтардың күші арзан деп жұмысын істетеді, заңсыз кіргенін пайдаланып құлдыққа салады, бір нәрсе десе милицияға тапсырамын деп қорқытады. Обал емес пе? Олар да адам баласы. Біздің қазақтар да шетелде жүр. Көбісінің құжаты дұрыс емес. Осындай залалды өз қазағыңа істесе қайтер едік?", – деп шамданды Салтанат А. есімді әлеуметтік желі пайдаланушысы.

"Неге қазақтар үнемі өзбектердің намысына тиеді? Біздің бауырлығымыз қайда? Өзбектер қазаққа осылай жасамас еді. Біз қазаққа құрметпен қарауға тырысамыз. Мұндай жағдай бір емес, екі емес, ұдайы қайталанады. Қазақстанда бірнеше рет болдым, өзбектерге асып бара жатқан құрметті көрмедім. Ағайындар, бір-бірімізге демеу болатын заман туды. Туысқандығымыз үшін мына азаматқа көмектесіп жіберіңіздер!", – деп жазды Жамшид Разаков есімді пайдаланушы.

Резонансты видеоға қазақстандық полиция жедел үн қатты. Жәбірленуші атаған мекенжайға тәртіп сақшылары шұғыл аттаныпты. Ішкі істер министрлігі тексерісі ер адамның өтірік айтқанын көрсетті деп отыр.

Жамбыл облысының Полиция департамынті кірпіш зауытының жұмысшысын ұрып-соғу туралы бейнежазбаға: "Ұрып-соғу және еңбекке мәжбүрлеу дерегі анықталған жоқ" деп түсініктеме берді.

"Желіде Өзбекстан Республикасы азаматының бейнежазбасы тарады. Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған азамат анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Белгілі болғанындай, ол адам осы жылдың шілде айында Байзақ ауданындағы кірпіш зауытына жұмысқа орналасқан. Тексеру барысында бетінде, денесінде ешбір жарақат белгілері табылған жоқ. Ер адамның айтуынша, ағымдағы жылдың наурызында ішімдік ішу кезінде абайсызда жарақат алған және бейнежазбаны Өзбекстанда тұратын досына WhatsApp мессенджері арқылы жіберген. Азаматқа қатысты ұрып-соғу және еңбекке мәжбүрлеу дерегі анықталған жоқ", – деп хабарлады полиция.

Ведомствоның хабарлауынша, бейнежазбаны мас күйде жіберген себепті, ол бұл әрекетінің себебін, мотивін түсіндіре алмапты. Қазіргі уақытта жұмыс берушісіне немесе басқа адамдарға ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген адамдардың бір бөлігі полицияның сөзіне сенбейтінін, жұмысшыларына тізесі бататын ауқатты адамдардың сойылын соғып, мұндай фактілерді жасыратынын алға тартты. "Олар барғанша, жарасы жазылып кеткен болар" деген пікір білдірді.

Сондықтан полиция өзбекстандық ер адамның бейнеүндеуін таратты. Онда ол наурыздағы өз сөзін жоққа шығарып, ешкімнің өзін ұрып-соқпағанын жеткізіп, барлығынан кешірім сұрады.

Дегенмен, Қазақстанда еңбек және сексуалдық құлдықтың барын құқық қорғау органдары жоққа шығармайды. Республикада жыл сайын осындай фактілер бойынша шамамен 100 қылмыстық іс қозғалады. Бірақ биылғы жылы тіркелген деректер саны осы межеден де асып кетті.

Заманауи құлдыққа көбіне халықтың осал топтарынан шыққандар түсіп қалатын көрінеді.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының бастығы Самат Күсетовтың айтуынша, адамдар құлдыққа түсіп қалатынын көбіне білмейді.

"Адамдарды құлдыққа түсуіне ықпал ететін факторларға хабардар болмауы, құқықтық сауатсыздығы, арзан жұмыс күшінің қолжетімділігі, шетелдіктердің елде заңсыз жүруі, интернеттің ықпалы, тез және жеңіл ақша табуға ұмтылыс жатады", – деді басқарма басшысы таяуда өткен дөңгелек үстелде.

ІІМ дерегінше, адам саудасы, бас бостандығынан заңсыз айыру, жезөкшелікке тарту деректерін әшкерелеу үшін полиция шаруа қожалықтарын, құрылыс алаңдарын, қыстауларды, қонақүйлерді, сауналарды және басқа нысандарды аралайды.

Самат Күсетов мұндай қылмыстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолға қоятын кезі сирек еместігіне назар аудартты. 2020 жылдан 2022 жыл аралығында тек ішкі істер органдары ғана сондай 5 топтың қызметінің жолын кесті.

Адам саудасымен күресті күшейті үшін ІІМ өзге меморгандармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз ынытымақтасуда екен. Құлдыққа түскен құрбандарға мемлекет бюджет есебінен көмек ұсынады. Ол құқықтық, медициналық және психологиялық көмекті қоса алғанда, қызметтердің сегіз түрінен тұрады. Оны Қазақстан азаматтары ғана емес, шетелдіктер де, азаматтығы жоқ тұлғалар да пайдалана алады.

Адам саудасы құрбандарына дағдарыс орталықтары пана ұсынуға тиіс.

Сонымен қатар ұлттық заңнама жетілдірілуде. ІІМ жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат бүгінде Мәжілістің қарауында жатыр.

Министрліктің мәліметінше, адам саудасының құрбандарына кешенді көмек көрсету және бұл салада уәкілетті органдардың бюрократиялық кідіріссіз, өзара іс-қимылы үшін арнайы бағдарламаларды әзірлеу және оларды қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіледі. Жеке басын куәландыратын құжаттардың жоқтығынан және соған байланысты жағымсыз салдарлардан, оның ішінде адам саудасының, сексуалдық және еңбегін қанау құрбаны болумен байланысты қауіптен қорғау үшін Қазақстан азаматтарын шетелде құжаттандыру процестерін автоматтандырылмақ.

Қазақстанның адам саудасымен күресті күшейткенін БҰҰ да жоғары бағалады.

"Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның және республикада орналасқан басқа да БҰҰ құрылымдарының консультативтік қолдауымен таяу арада елде адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша жаңа заң іске қосылады. Ел билігі бұл бағытта бұған дейін де батыл шаралар қабылдап келді, алайда қылмыскерлер барынша осал адамдарды құрбаны ретінде таңдай отырып, заңды айналып өтудің тәсілдерін табады", – делінген БҰҰ ақпаратында.

Жаһандық ұйым Қазақстанда құлдыққа түскендердің нақты мысалын келтіреді. 30 жасар Артур Б. қазақстандық бос жұмыс орындарын ұсынатын танымал сайттан жұмыс іздеудің соңы өз үйінен 200 шақырым қашықтағы фермада екі жылға жуық уақытқа созылған құлдыққа ұласады деп ойламапты.

"Мамандығым бойынша электрикпін. Қарағанды облысындағы шаруа қожалықтарының бірі осы маманды іздестіріп жатқаны туралы хабарландыру орналастырыпты. Хабарласып, кездесіп, жұмыс туралы уағдаластық. Алайда фермаға аяқ басқан соң, ең лас, ауыр жұмысқа салды. Іс жүзінде құлға айналдым, кез келген қарсы сөз үшін соққыға жығатын", – деп әңгімеледі Артур БҰҰ жаңалықтар қызметінің тілшісіне.

Ол бірнеше рет өз бетінше қашып шығуға талпыныпты. Бірақ әрдайым ұстап алып, ұрып-соғып, қара жұмысқа қайта салған. Содан бір жолы кездейсоқ жолықтырған адамға жағдайын айтып үлгерді. Сол адам полицияға хабар салған. Содан сау ете қалған тәртіп сақшылары оны құлдықтан құтқарды. 

Мүгедектігі бар, 40 жасар Евгений Р. бастан кешкені, көрген қорлығы одан да қорқынышты болып шықты. Анасының көзі тірісінде үйі қорған болған. Ол дүние салған соң, Евгений ешкімге қажет болмай, тамағы таусылған соң облыс орталығында қаңғыбасқа айналады. Бірде, қысқы аяздан қорғанып, жылу трассасының аясында жылынып жатқан оны қаскүнемдер тауып алады. Жұмыс тауып беретіндерін айтып, мал бағылатын шаруашылықтардың біріне жеткізген. 

Евгений шамамен алты жыл бойы құлдықта болды. Адам төзгісіз жағдайда ұсталып, ең ауыр жұмыстарға жегілген. Фермадағылар дәрігер шақыру орнына оның үсік шалған саусақтарын өздері кесіп тастапты. Ол сонда мерт болуы да мүмкін еді, бірде полиция қызметкерлері рейд барысында сол қыстауға бас сұғады. Қожайынының Евгенийді кезекті рет таяққа жыққанына солар куә болыпты.

Бүгінде Артур, Евгений және басқа да құлдық құрбандары арнайы панада тұруда. Олар заманауи құл иеленушілерге қатысты тергеулердің аяқталуын күтіп жүр.

БҰҰ дерегінше, тек 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанда құлдықтың, адам саудасының 110 дерегі әшкереленді. Оның ішінде 16 дерек кәмелетке толмағандарды саудалаумен байланысты. Ұйым сарапшыларының дерегінше, бұл республикада осы кесірлі құбылыспен күрестің күрт күшейтілгенін дәлелдеуі мүмкін.

Себебі, бұрын полиция көбіне жасыруға, көз жұма қарауға бейім тұратын. Енді елде мұндай өркениетке қарсы қылмыстарды әшкерелеу пайызы жыл сайын өсіп келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу