Былтыр 12,8 мың рейс кешігіп ұшқан

3382

Ауа райының қолайсыздығына байланысты кешіктірілген рейстердің саны 1 мыңға жетпейді.   

Былтыр 12,8 мың рейс кешігіп ұшқан

Әлемді екі жылдай әлекке салған пандемия кезінде ұшақтардың ұшу жиілігі 1,5 есе азайған екен. Қазір жағдай өзгерді. Air Astana, SCAT, Qazaq Air секілді ірі әуе компанияларына тиесілі рейстердің жиілігі қайта қалпына келтірілді. Десе де, әуе рейстерінің кешігуі мен кешігу барысындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында наразылық толастамай тұр.

Ресми дерекке сүйенсек, 2020 жылы 51 мыңға жуық рейстің 6 735-і кешіктірілген, яғни шамамен әрбір 8-ші рейс кешігіп ұшқан. Ал былтыр ұшқан 68,7 мыңнан астам рейстің 12,8 мыңы кешіктірілген. Яғни әрбір бесінші рейс уақытында ұшпаған. Статистикалық деректерге назар аударсаңыз, рейстері айтарлықтай көбеймеген. Сөйте тұра, борттардың кешігуі шамамен екі есе артқан.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, әуе компаниялары мұндай жағдайда "ауа райының қолайсыздығын" "кінәлайды". Бұл ретте SCAT, Qazaq Air әуе компанияларының әрбір төртінші рейсінің уақыты кешіктіріледі екен. Өткен жылдың қортындысы бойынша, 12,8 мың кешіккен рейстің 9 045-і борттың кешігіп келуімен байланысты болған. Ең қызығы, ауа райының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс қана кешіккен.

Енді мына қызықты қараңыз. Ішкі рейстердің жиілігін көбейту және халықтың ұшақты пайдалану деңгейін арттыру мақсатында Үкімет 2022 жылы 24 бағыттағы рейсті субсидиялауға 5,9 млрд теңге бөлген. Оның ішінде 16 бағытқа тиесілі 5 млрд теңге ұшағы жиі кешігетін SCAT және Qazaq Air компанияларына берілген. Елнұр Бейсенбаев жолаушыларға сапасыз қызмет көрсетіп жүрген мұндай компанияларға қаржы бөлу ақылға сыймайды дейді.

"Жолаушылар рейстің кешігуін хабарлайтын смс-хабарламаны арнайы қызмет ретінде ақылы пайдаланады. Бұл – бір. Ал "Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңға сәйкес, әуе компаниясының кінәсінен рейстер кешіккен немесе болмаған жағдайда компания жолаушыларға ыстық тамақ, қонақ үй, көлік трансферті сияқты қызметтерді міндетті түрде ұсынуы керек. Алайда осы күнге дейін ішкі рейстерде сапалы ұйымдастырылған қызметті естімедік те, көрмедік", – дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Депутат әуе компанияларының онлайн тіркеу қызметін көрсетудегі олқылықтарын да сынға алды. Айтуынша, арнаулы ақылы орындардың бағасына қатысты шағымдар көп.

"Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, Air Astana компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың, ал лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Осы ретте, ыңғайлылық үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті?! Ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есе артады. Мысалы, Түркиядан Air Astana ұлттық әуе компаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңгені құрайды. Осы қаншалықты дұрыс?!", – дейді депутат.

Мәжілісменнің пікірінше, кезінде мемлекеттің тікелей қолдауымен ашылған Fly Arystan компаниясының жолаушыларға ұсынатын қарапайым қызметтерінің өзі қымбат. Мәселен, жолаушылар бір жұтым суды 500 теңгеге сатып алуға мәжбүр.

"Ұлттық әуе компаниясының лоукостері қыстың күні қар сатқан, дәрі ішуге су сатқан ертегідегі Шықбермес Шығайбайдай көрінеді. Әлемде суды ұсыну мәдениеті жаппай қалыптасып келе жатыр. Бүйректен сирақ шығармай, алты құрлықтың суы таусылса да, бір кесе суды тегін беруді ұйымдастыруға болады ғой! Оған қоса, лоукестердің саясатына кереғар болатын соңғы билеттер қалған уақытта, оның құнын 5-6 есе көтеріп сатуды ретке келтіретін уақыт жеткен сияқты. Қысқасы, жыл өткен сайын отандық әуеиндустрияның ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеу қажет. Әне-міне дегенше жазғы демалыс басталады. Елдегі сапар байланысын уақытында сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеу маңызды", – дейді Е.Бейсенбаев.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Орталық хатшылығында жұмыс істеген алғашқы және әзірге жалғыз қазақ, азаматтық авиация саласының маманы Абыл Кекілбаев отандық әуеиндустриядағы негізгі проблемаларды Қазақстанда азаматтық авиацияға арналған даму стратегиясының жоқтығымен байланыстырады.

"Саладағы күрмеулі мәселелерге жүйелі тұрғыдан қарау керек. Біріншіден, авиациядағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру керек. Біздегі төрт әуе компаниясының үшеуінің басшысы – шетелдік. Екіншіден, кадрлық әлеуетімізді дамыту қажет. Өз мамандарымызды даярлау маңызды. Үшіншіден, азаматтық авиация халыққа қолжетімді болуы тиіс. Қазақстанның жері үлкен. Мобильділікке назар аударған жөн. Бұған қоса транзиттік әлеуетті ұтымды пайдалану маңызды. Сосын Президент жаңынан азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі кеңес құрылуы тиіс. Айына, жылына бас қосып, саладағы мәселелер талқыланып тұруы керек. Біздің салада статистика жүргізілмейді, ақпарат алатын ортақ база жоқ. Ішкі базамыз болмағандықтан, халықаралық базаларға да мәлімет ұсынбаймыз. Бұл үлкен мәселе. Сондықтан ең алдымен Қазақстанның азаматтық авиацияға арналған даму стратегиясы жасалуы керек. Сонда әуежайларға, рейстерге қатысты мәселелер де өздігінен шешіледі", – дейді Абыл Кекілбаев.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу