Былтыр Қазақстанда бауыр циррозынан 5 614 адам көз жұмған

5851

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жыл сайын бауыр циррозынан 2 миллионға жуық адам көз жұмады.

Былтыр Қазақстанда бауыр циррозынан 5 614 адам көз жұмған

Еліміздегі жағдай да мәз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2019 жылы 3 994 адам, 2020 жылы 4 772 адам, ал былтыр 5 614 адам қайтыс болған. Жылдан жылға статистикалық деректердің өсіп жатқанын байқауға болады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

ДДСҰ-ның анықтамасы бойынша бауыр циррозы дегеніміз бауырдың қалыпты құрылымында түйіндердің пайда болуымен және өзгеруімен сипатталатын диффузиялық процесс. Бұл созылмалы аурудың қатарына жатады.

Бауыр циррозы ауруымен егжей-тегжейлі танысу үшін Алматы қаласындағы Гепатологиялық орталықтың дәрігері Айжан Мұратбековаға жүгіндік.

Айжан Қуандыққызы бауыр циррозының асқынулары қауіпті екенін айтады. Бұл ауру түрі асцит (іш қуысына сұйықтықтың мөлшерден тыс жиналуы), бактериалды перитонит (іш қуысындағы асциттік сұйықтыққа бактериалық инфекцияның қосылуы), өңештегі көк тамырлардың кеңеюі, бауыр энцефалопатиясы, көк бауырдың көлемінің ұлғаюына әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек бауыр жетіспеушілігі, бауырдың қатерлі ісігі де пайда болады дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, бауыр циррозының жалпы белгілері симптомсыз түрден, өмірге қауіп-қатер туғызатын жағдайға дейін әкелуі мүмкін. Оған тәбеттің жоғалуы, оң жақ қабырға астының сыздауы, ұйқының бұзылуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, ентігу секілді белгілер жатады. Бұдан бөлек әлсіздік, шаршау, бастың айналуы, іш көлемінің ұлғаюы, аяқтардың ісінуі, қан құсу, нәжістің қараюы мен тері қабатының, көз шырышының сарғаюы секілді белгілер де байқалады. Айжан Мұратбекова адамның бауыр циррозына шалдыққанын білмеуіне ауру белгілерінің бірден байқалмауы себеп дейді.

"Оның белгілері тек асқынған жағдайларда байқалады. Көп жағдайда басқа сырқаттар бойынша тексерілген кезде немесе биохимиялық қан анализін тапсырған кезде кездейсоқ анықталып жатады", – деді дәрігер.  

Маман бұл ауру түрінен толығымен айығу мүмкін емес екенін айтады. Өңеш пен көк тамырларының кеңеюі әсерінен қан кетуді уақытылы тоқтатпаған жағдайда жедел бауыр жетіспеушілігі, бауырдың қатерлі ісігі мен бактериалды перитонит өлімге әкеп соғатын көрінеді.

"Науқастарға ем-дом аурудың пайда болу себептеріне байланысты тағайындалады. Вирусты гепатиттермен шалдыққан бауыр циррозында вирусқа қарсы ем тағайындалады. Ал асқынуларына байланысты қосымша ем қолданылады. Арнайы диета жоқ. Тұзы аз, ақуызға бай тағамдарды тұтынған жөн", – деді Айжан Қуандыққызы.

Бауыр циррозының пайда болу себептеріне ұзақ уақыт бойы ішімдік ішу, В және С вирустық гепатиттері, зат алмасудың бұзылуы, генетикалық бұзылыстар, біріншілік билиарлы холангит, семіздік, дәрілік гепатит жатады.

Гепатологиялық орталықтың маманы науқастардың өмір сүру ұзақтығы бауыр циррозының ауырлық дәрежесіне байланысты екенін атап өтті. Дәрігер адамдардың аурудың әртүрлі сатысында жүгінетінін айтады. 

"Кейбір пациенттер бастапқы сатыларында келеді, енді бірі асқынулары пайда болған кезде келіп жатады. Бауыр циррозы кезінде тегін ем қарастырылған. Бірақ ол бауыр циррозының пайда болу этиологиясына байланысты", – деді Айжан Қуандыққызы.

Елімізде Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде бауыр циррозы сатысын қоса алғанда созылмалы С вирустық гепатиті кезінде тегін дәрі-дәрмек қарастырылған.

"Аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, ішімдіктен бас тартқан жөн. Сонымен қатар дәрігердің тағайындауынсыз қандай да бір дәрілерді, биологиялық белсенді қоспалар мен шөптерді пайдалануға болмайды. Пациент салмағын үнемі бақылауда ұстауы керек. Салмақтың дұрыс болмауы да бауырға зиян тигізеді", – деп атап өтті гастроэнтеролог дәрігер.

Бұдан бөлек маман бұл сырқат түрінің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Бүгінде Алматы қаласындағы гепатологиялық орталықта 500-ден астам пациент бауыр циррозы бойынша бақылауға алынған. Диспансерлік есептегі пациенттердің жас ерекшелігіне тоқталатын болсақ, ең жас пациент 22-де екен. Ең егде жастағы пациент 75-те. Орталықта бақылауға алынған пациенттердің басым бөлігі ер адамдар. Ай сайын мұнда 100-ге жуық адам бауыр циррозы бойынша консультация алуға келеді. Пациенттер мұнда 3 айдан 6 айға дейінгі аралықта ем қабылдайды.

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу