Бюджет қандай ірі шығындардан "ауырсынусыз" арыла алады

4643

Егер Ресей Каспий құбыр консорциумын национализацияласа немесе қазақ мұнайының экспортын толық тоқтатса, Үкіметке бюджет шығындарын қатты қысқартуға тура келмек.

Бюджет қандай ірі шығындардан "ауырсынусыз" арыла алады

Таяуда Мұнай-сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықов inbusiness.kz-ке берген сұхбатында "КҚК бір айға уақытша тоқтағанның өзінде Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің шығындары 300 миллиард теңгені құрайтынын" хабарлады. Салдарынан ел қазынасына түсімдер күрт азайып, Үкімет пен Парламент күзде биылғы жыл бюджетін қайта қарауға мәжбүр болуы ықтимал.

Оның үстіне РФ Президенті Путин Украинадағы "арнайы әскери операция" ұзаққа, қажет болса, жылдарға созылатынын мәлімдеді. Демек Қазақстан жаһандық нарыққа Ресей аумағы арқылы жеткізетін мұнай, көмір, астық, метал, өңдеуші өнеркәсіп және басқа да өнімдерінің экспорты барған сайын шектелетініне дайын болуы қажет.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың байламынша, тасымалдауды әртараптандыру үшін қажет болатын коммуникациялар мен жүк жеткізудің Ресейді айналып өтетін балама бағыттары дәл қазір негізгі бағытты алмастыруға дайын емес олардың өткізу қабілеті шектеулі. Бұған Үкіметтің де кінәсі бар. Ондаған жылдар бойы сөз еткенімен оларды дамытуға жете мән бермеді. Енді Президент айтқан Транскаспий маршруты, Иран, Қытай бағыттарында, яғни Ресей аумағынан басқа бағдарларда мол мұнай, жүк жөнелтуді жолға қою үшін біраз уақыт, ұзақ келіссөздер қажет болады. 

Экономист Марат Ерғозиннің пікірінше, ушыға бастаған экономикалық дағдарыс Үкіметті біраз ірі шығындарынан бас тартуға, үлкен жобаларды кейінге қалдыруға итермелеуі мүмкін. Әйтпесе Ұлттық қордың қаражатын тауысып қояды. Оң тәжірибе бар, 2020 жылы пандемия басталғанда, Президент Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет бюджетте жаппай секвестр жүргізді. Сонда үнемдеу жөнінен ел тарихындағы рекорд орнатылыпты. Тек мемлекеттік сатып алулар бойынша қаржы бұрын-соңды болмаған көлемде – 485 миллиард теңгеге үнемделді.

Қазақстан қаншама халықаралық жобаны тоқтатты. Мысалы, 2020 жылғы 8-11 маусымда өтуге тиіс ДСҰ-ның ХII Министрлік конференциясынан және Астана экономикалық форумынан бас тартып, 2,5 миллиард теңге үнемдеді. Әлемнің 60 елінен БАҚ өкілдерін, саясаткерлерді, бизнесмендерді жинауға тиісті XVII Еуразиялық медиафорум, сондай-ақ Astana Club жиыны өткізілмеді. Мерекелік, мерейтойлық, концерттік және басқа қаптаған мәдени іс-шаралар онлайн ұйымдастырылды. Кино өндірісі уақытша тоқтатылды.

Қазір оның бәрі қайта жанданып, миллиардтаған шығындар бағытталуда. Оның бәрін еш қиналмай, тағы қысқарта салуға болатын сияқты.

Бұдан бөлек, Үкімет бюджет мойнында масыл болып отырған квазимемлекеттік, мемлекеттік, коммуналдық кәсіпорындардан белсенді арылды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, 2020 жылы 76 нысан жекешелендіру жоспарына енгізіліпті, соның 12-сі 101 млрд теңгеге сатылды. 7 объект қайта құрылымданды, жойылды. 2 нысанды жекешелендіру орынсыз деп танылған.

Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады. Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген. Былтыр жалпы саны 670 объектіден 224-і 60 млрд теңгеге сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 48 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. Тағы 331 объектіні сату қажет. Биыл "Самұрық-Қазына" қорының компаниялар тобына кіретін шамамен 40 ұлттық компания мен кәсіпорын – ең майшелпек активтер саудаға шығарылмақ. Премьер Әлихан Смайылов олардың толық тізімін таяу арада ашық жариялауға уәде етті.

Дегенмен Қазақстанның басты экспорттық тауары – мұнайының 90%-дан астамы Ресей арқылы тасымалданатыны мәлім. Егер ұжымдық Батыстың санкциялары және Ресейдің контрсанкциялары кесірінен осының бәріне тосқауыл қойылса, баламалы бағыттардың өткізу қабілеті арттырылғанға дейін Үкіметке қатты үнем қылуға тура келеді.

Сарапшылар биліктің негізсіз шығыстары тым көп екенін жалықпай айтып жүр. Бұған Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова да баса назар аударған болатын.

Шығыстардың кейбіріне тоқтала кеткенді жөн көрдік.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі" АҚ-ға нысаналы аударым

2015 жылғы 7 желтоқсанда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтең бастамасымен "Астана" қаржы орталығы құрылғанда билік те, оның шашбауын көтерген сарапшылар де мұны ғаламат, мега-жоба ретінде ұсынды. Оның Қазақстан экономикасының өрлеуіне серпін беретінін, елге миллиардтаған доллар инвестиция тартуға үлес қосатынын, елорда Нью-Йорк, Лондон, Сингапурдай жаһандық қымбат қаржы орталығына айналатынын қайта-қайта айтып, құлақтың құрыш етін жеді. АХҚО үшін Ата заң өзгертілді, оның аймағында қазақстандық сот жүйесіне жат ағылшын-саксондық құқық енгізілді.

Бірақ содан бері 6 жыл өтсе де АХҚО бюджетке масыл болып, ел қаржысын шығындауда. Сарапшылар оның әлі күнге өзін-өзі ақтауға шықпағанын сынап жүр.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, қаржы орталығының органдары мен олардың ұйымдарын, АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетін, АХҚО Биржасын, орталықтың әкімшілігін одан әрі дамытуды, сондай-ақ кәсіби даму бағдарламаларын іске асыруды республикалық бюджет қаржыландырып отыр.

Мысалы, пандемиялы 2021 жылы "Астана" халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі бюджеттен 11 млрд 820,8 млн теңгеге қаржыландырылыпты. Алда шамалы азаяды: 2022 жылы – 9 млрд 966,2 млн бөлінді. Келесі жылы – 9 млрд 150 млн, 2024 жылы – 8 млрд 910 млн, 2025 жылы – 7 млрд 400 млн теңге ұсынылған. Яғни, әзірге мемлекет мойнынан түсетін түрі байқалмайды.

Айтпақшы, журналистерге АХҚО төрағасы Қайрат Келімбетов орталықтың шетелдік мамандарының жалақысын жариялаудан бас тартты. Мысалы, АХҚО сотына кілең шетелдік, британдық судьялар жұмысқа алынған. Ұлыбританияда корольдік Жоғарғы соттың судьяларының жыл сайынғы жалақысы 270 мың фунттай. Жалпы АХҚО сотының сайтында көрсетілгендей, осы жылдар ішінде ол бар-жоғы 38 шешім мен қаулы шығарыпты.

"Назарбаев Университеті" ДБҰ-ға нысаналы салым

Жалпы Үкіметтің дерегінше, Назарбаев университеті бюджеттік мекеме болып есептелмейді, тіпті Үкіметке де бағынбайды – дербес-автономды жеке ұйым. Алайда оған министрліктер өз бюджетінен жыл сайын салым аударып отырады. Бұл дәстүр заңмен бекітілген.

Мысалы, тек Денсаулық сақтау министрлігі Назарбаев университетіне 5 жыл ішінде 3,5 миллиард теңге аударатынын жария етті. Нақтыласақ, былтыр 896,1 млн, биыл – 787,3 млн аударыпты. 2023 жылы – 662,6 млн, 2024 жылы – 603,8 млн, 2025 жылы – 603,8 млн теңге бағытталмақ. Осы қаржыға NU Денсаумині үшін былтыр – 7, биыл және алдағы жылдары 25 маманды шетелдік білім алу бағдарламаларымен оқытуға, негізгі клиникалық бағыттар бойынша жұмыс үшін 15 шетел мамандарын тартуы қажет. Ажар Ғинияттың ведомствосы бұл университеттің "UMC" АҚ-ында жана технологияларды енгізуін де қаржыландырмақ.

Өз кезегінде БҒМ (қазіргі Ғылым және жоғарғы білім министрлігі) "Назарбаев Университеті" ДБҰ-ға 2021 жылы – 7 миллиард теңге нысаналы салым төлеген. 2022 жылы бұл сома – 4,6 млрд, 2023 жылы – 4,7 млрд, 2024 жылы – 4,7 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланған.

Астана LRT

Бұрынғы билік тұсындағы тағы бір мега-жоба – Астана LRT құрылысы баяғыда тоқтағанымен, ол ел бюджетін шығынға батыруын жалғастыруда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)" жобасының облигациялық қарызы бойынша сыйақыны және негізгі борышты өтеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер арналған трансферттер" көлемін жариялады.

Осынау елге де, елордалықтарға да қажеті жоқ алып жобаны іске асыруға Қазақстан Қытайдың Даму банкінен мол қарыз алған. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтың дерегінше, LRT құрылысының құны кейін 1,5 миллиард долларға дейін азайтылды. Бұған дейін осы жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Үкіметінің кепілдігімен ҚХР Даму банкінен жалпы сомасы 1,8 млрд доллар алу жоспарланған. 20 жыл ішінде Қазақстан оны жалпы сомасы 2,6 млрд доллар көлемінде қайтаруға тиіс еді. Яғни тек 800 миллион доллары – қытайлық банктің маржасы.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астана LRT жобасына жеке бюджеттік бағдарлама арналғанын мәлім етті: ол бойынша шығыстар облигациялық қарыздар бойынша міндеттемелерді төлеуге кетеді.

2021 және 2022 жылдары ештеңе төленбейді. Ал алдағы жылдары күрт артады: 2023 жылы – 7 млрд 579 млн, ал 2024 жылы алапат сомада – 240 миллиард 779 миллион теңге қаражат бюджеттен Астана LRT қарыздарын өтеуге бөлінбек.

Жалпы алғанда, бюджетте орындылығы күмән тудыратын шығыстар көп. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі қазіргі күрделі, күйзелісті шақта "Қазақфильм" студиясын жаңғыртуға 3 млрд 886 млн, келесі жылы дәл осы мақсатқа тағы – 2,8 млрд, ал 2024 жылы 366,7 млн бюджет қаржысын шашпақ. Осы жүздеген миллион ақшаға 2022 жылы – 46, 2023 жылы – 68, 2024 жылы – 4 киноөндіруге қажетті құрал-жабдық, 2023 жылы – 17 мамандандырылған автокөлік сатып алмақ. Яғни осы 7 миллиардтан астам қаржы жабдық пен машинаға жұмсалады.

"Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру мен оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілетуге" 2022 жылы 1,3 млрд, келер жылы – 1,2, одан кейін 1,5 миллиард теңгеден бағыттамақ. Туризм саласына мамандар даярлауға бюджеттен биыл – 982,3, алдағы жылы – 2 млрд, 2024 жылы – 3 млрд, 2025 жылы – 4 миллиардтай қаражат шығындалады.

Тере берсе, бюджетте тиімділігі мен қайтарымы күмәнді бағдарламалар мен жобалар жетерлік. Мәселен, отандық автоөндіріс жоққа тән болып тұрғанда, оны қолдауға ондаған миллиард қаражаттың босқа шығындалуын да сарапшылар сынап жүр.

Қалай болғанда, егер Қазақстан Үкіметі көрпеге қарай көсіліп, нақты түскен салықтарға ғана өмір сүрсе, малшашпаққа салынбаса, онда шығындарды көп оңтайландыруға кең өріс бар сияқты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу