Әйтпесе, легионерге бюджеттен көк тиын да қаралмайтыны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Қазақстан Үкіметі шетелдік спортшыларға тыйым салып жатыр. Мұны Президент пәрменінен туған шешім деуге әбден негіз бар. Шыны керек, еліміздің соңғы екі Олимпиададағы жетістігі мәз емес. Одан қалды, 28 ойынның 27-сінде жеңілген "Астана" баскетбол клубы, соңғы уақытта жеңістің не екенін ұмытып қалған "Барыс" хоккей клубы секілді спорт командаларының көрсеткен нәтижесі сан мәрте сыналып, бюджетке басыбайлы байланып қалғаны баспасөзде бәленбай рет жазылды.
Бюджетті "сауын сиыр" етіп алғандардың қатарында футболдың бар екені бесенеден белгілі. Сөйте тұра, әлемдік рейтингте 100-орынға да кіре алмайтынымыз спортсүйер қауымды қатты қынжылтады.
Президент пәрмені
Өткен жылғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзі қатты-қатты шықты.
Онда Мемлекет басшысы еліміз спортшыларды дайындауға көп қаржы бөлетінін, бірақ соңғы төрт жылдықты түйіндейтін жарыстардың нәтижесі көңіл көншітпейтінін нақты айтты. Сөз арасында балалар спортына ден қоюды, спортшы-легионерлерден арылуды тапсырды.
– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауы тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру – бүгінге дейін аз айтылмаған тақырыптың бірі. Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымсыз ешқашан дамымайды. Мұны бәрі біледі, бәрі айтады. Бірақ, осы бағыттағы жұмыстар аз екенін мойындауымыз керек.
Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосуды доғару керегі айтылғаны сол еді, айналамызда "патриоттар" көбейе түсті. Негізінен, шетелден дайын спортшыны әкеліп, жүлде алғызу, сол арқылы мемлекеттен сыйақы, пәтер мен көлік алу да біреулердің жүріп тұрған дайын бизнесі еді.
Президенттің "Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн" деген сөзі спорттың айналасындағы басшыларға қатаң ескерту болғаны анық. Сонымен, аталған жиында естір құлаққа есті сөз айтылып, шенділер мен шенеуніктерге шегелеп тапсырма берілді. Содан бері не өзгерді?
Депутаттар қазақ спортын дымын қалдырмай сынады
Сол-ақ екен, Туризм және спорт министрлігін нысанаға алған жазбалар Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі шыға бастады. Әсіресе, депутаттар Мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында белсенді жұмыс істеп, сұрақтарды жауапты министрлікке қарша боратумен болды.
Мысалы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым "Барыс" хоккей клубының экс-ойыншылары Эдвард Паскуале мен Алекс Гранттың жалақысын айтқанда, көпшілік мұны есептеуге біраз уақытын жұмсады. Ізінше отандық клубқа қазақ бапкері тағайындалып, шетелдік біраз ойыншымен қош айтысты.
Тағы бір депутат Ерлан Саиров Қазақстанда 180 спорт түрінің тіркелгенін мәселе етіп көтерген-ді. Бұған дейін inbusiness.kz тілшісі де "Қаптаған спорттық федерацияға қаржы құю қашан тоқтайды?" деген тақырыпта мақала жариялаған еді.
Онда Туризм және спорт министрлігі бізге берген ресми мәліметінде "Астана" футбол клубы" жеке клубының ақпаратына сәйкес, "Самұрық-Қазына" АҚ тарапынан легионерлерге 2020 жылы 3 574 626 888 теңге, 2021 жылы 3 766 460 266 теңге, 2022 жылы 1 824 428 244 теңге, 2023 жылы 2 168 352 776 теңге қаражат бөлінген" деп жазылған болатын.
Өз кезегінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ерлан Саировқа "Заң жобасы аясында осы мәселе қаралады" деп алдағы уақытта аталған статистикалық мәлімет міндетті түрде қысқаратынын жеткізген еді.
Сенатор Дархан Қыдырәлі болса, футбол федерациясының қаражатты қайда, қалай жұмсап жатқаны туралы ашық мәлімет таппағанын айтып қынжылды.
"Еліміздегі футболды дамытуға арналған федерацияның жылдық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражаттың қайда, қалай жаратылып жатқаны туралы ашық ақпарат жоқ" деп ашынған болатын ол.
Мұнан өзге де спорт сарапшылары мен журналистер отандық спорттың кем-кетігін ашық сынап, министрліктің жұмысын жеңілдетуге үлес қосты.
Қаржы бөлуге тыйым салатын норма қабылданды
Өткен аптада Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Заң жобасы 2024 жылдың 13 қарашасында Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған еді.
Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, халық қалаулылары заң жобасының жүйелі шығуына барынша себепші болған.
– Заң жобасына депутаттар бірнеше маңызды норманы енгізді. Мәселен, министрлік бұрын бекітіп жіберген, атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мемлекеттің қаржысы соларға бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына: Олимпиада, Параолимпиада, Сурдоолимпиада, Азия, ПараАзия және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен астам спорт түрін тіркеп қойып, оның барлығына қаржы беріп келген болса, енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері деген түсінік енгізіліп, оның басымдықтары да айқын көрсетілді, – деді ол.
Ең бастысы, легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма қабылданған.
Шетелдік спортшыларға қатысты жаңа заң жергілікті спортшыларға көбірек мүмкіндік беру және елдегі жас таланттарға жол ашуды көздейді. Десе де, бұл өзгерістер кей клубтың қаржылық мүмкіндігіне әсер етуі, яғни халықаралық тәжірибелерді қолдану мен бәсекелестікті арттыруына кедергісін келтіруі мүмкін.
Дәл осы легионерлерге келгенде спорт сарапшыларының пікірі қақ жарылатынын әлеуметтік желіден анық байқап жүрміз. Жергілікті ойыншылар мен жастарға жол көрсету мақсатында шетелдік ойыншылардың (қай спортта болмасын) тәжірибесі керек екені рас. Бірақ, өз елінде керек болмай қалған ойыншылардың жарытып ойнамайтыны да түсінікті.
Жалпы алғанда, жалдап алған солдаттардың жанын салып "соғыспайтыны" белгілі жайт еді. Қуанарлық жағдай мұны ел билігі де түсінді.