БЖЗҚ 55 мың адамнан бірыңғай зейнетақы төлемін тартып алған

6392

Тұрғын үй нарығындағы бағаның қымбаттауы, БЗТ пайдаланудағы шектеулер кесірінен көптеген қазақстандық Президент бастамасының игілігін көре алмады. 

БЖЗҚ 55 мың адамнан бірыңғай зейнетақы төлемін тартып алған Фото: Максим Морозов

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ірі көлемде ақша жатыр. 2021 жылғы 1 шілдеде ондағы 11,5 млн зейнетақы шотында 12,8 трлн теңге жинақталып қалған. Бұл – еліміздің бүкіл бюджетіне пара-пар қаражат. Оның үстіне бұған жаңа қаражат тасқындап қосылуда. Бір жыл ішінде осы орасан зор сома 8,3%-ға артты. Ылан-ойран ақша елге қызмет етуі үшін Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағының жеткіліктілік мөлшерінен асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауды ұсынған. Алайда БЗТ ала алғандардың өзі ізінше онысынан айырылып қалуда, деп жазады Inbusiness.kz.

250 мыңдай адамның өтініші қабылданбады

Жалпы алғанда, 620 872 қазақстандық зейнетақы жинақтарын ертерек іске жаратып, оған баспана иеленуге тілек білдіріпті. Бірақ бағдарлама операторы соның ішінде 250 742 азаматтың өтінішін әртүрлі себеппен қабылдаудан бірден бас тартқан.

Нәтижесінде, 366 876 өтініш иесіне 1 трлн 633 млрд 884 млн теңге ақша аударылды. Осылайша, бастапқы тілек білдірген 620 мыңнан астам БЖЗҚ клиентінің тек 59,09%-ының ғана "Отбасы банктегі" есепшотына ақша аударылды. Мемлекет қалған қырық пайыздан астамының меселін қайтарды, маңдай термен жиған ақшасын тұрғын үй жағдайын жақсартуға да, емделуге де бермей қойды.

"Отбасы банк" дерегінше, бүгінде жалпы саны 137 мың қазақстандық зейнетақы жарнасына баспана иеленді. Тағы 70 мың адам ипотека бойынша ескі қарыздарын өтеген екен. Бұдан бөлек, 14 813 адам емделе алды. Яғни, бастама өмірге жолдама алғалы әзірге тек 220 мыңнан аса қазақстандық қана 1 трлн 281 млрд теңге төл зейнетақы жинағын игілігіне жаратты. Олардың басым көпшілігі – 151 809-ы ерлер. Тек 70 372-сі әйелдер. Бұл Қазақстанда ерлердің әйелдерге қарағанда әлдеқайда көп табыс табатынын көрсетеді.

Жалпы, "Отбасы банк" 137 мың азамат баспанаға қол жеткізді дегенімен, шынында олардың бәрі бірдей әзірге меншік иесі атанған жоқ: себебі, үлкен бөлігі баспананы қарызға сатып алып, қазір кредит төлеуге кірісті. Тарата айтсақ, БЗТ-ны ипотеканың бастапқы жарнасы ретінде енгізген азаматтардың көпшілігі – 10 698 адам пәтерді қайталама нарықтан, қолдан сатып алыпты. Тек 1 950 адам ғана бастапқы нарықтан, құрылыс компанияларынан баспана таба алған.

12 424 клиент "Отбасы банктен" тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі бойынша тұрғын үй заемын алды.

Ислам банкінен ипотека алу үшін 5 895 клиент БЗТ есебінен бастапқы жарнасын енгізді.

2 454 азамат сатып алу құқығы бар жалға алу келісімі бойынша берешектерін толық өтей алған.

Небәрі 100 адам ғана "басыартық" зейнетақысын үй жөндеуге және ипотекасын қайта қаржыландыруға қолдануға мүмкіндік алды.

331 адам жер учаскесін сатып алып, жеке тұрғын үй тұрғызған.

Сонда тек 118 743 клиент қана баспанасын еш ипотекасыз, толығымен сатып ала алыпты.

Баға қымбатшылығы елдің бағын байлады

Қалай болғанда, қуанышқа бөленіп, қоныс тойын тойлағандарға қарағанда, зейнетақы жинағының артылған бөлігін ала алмай, қамыққандар саны әлдеқайда көп.

Бұған қоса, 55 430 адам арнайы есепшотына келіп түскен 197 млрд 844 млн теңге БЗТ-сын белгіленген мерзім ішінде пайдалана алмай, БЖЗҚ оны кері қайтарып алыпты. Еске сала кетейік, қаражаттың мақсатты пайдаланылуын растау бойынша құжаттарды БЖЗҚ-дан қаражат арнайы шотқа аударылған күннен бастап 45 жұмыс күн ішінде тапсыру қажет. Әлгі 55 мыңнан астам адам тиісті құжаттарын ұсына алмай, қалтасына түскелі тұрған қаражаттан айырылып қалды.  

Қорыта айтқанда, арнайы есепшотына БЗТ түскен 366 876 өтініш иесінің 52 631-і немесе 15,11%-ы ізінше сол қаражатынан қағылды.

Бұл адамдар кімдер? Не себепті мемлекет берген ақшасын кері қайтарды?

Инесса Құрамысова зейнетақы жинақтарын баспана сатып алу мақсатында қолдану үшін "Отбасы банкіне" 2 өтініш береді. Біріншісі биылғы 25 қаңтарда берілген және ол бойынша кейін "Отбасы банкіндегі" арнайы шотқа 4,5 миллион теңге түседі. 2 ақпанда жазылған екінші өтініш бойынша алты күннен кейін тағы 400 мың теңге келген.

Екі рет өтініш беруге отандық тұрғын үй нарығындағы құбылған баға итермелепті. Алдымен Инесса 9 миллион теңге тұратын пәтерді тауып, сайлап қояды. Сол себепті зейнетақы қорынан 4,5 миллион теңге сұратқан. Алайда өтініші мақұлданып, шотқа ақша түскенше, баспана құны өсіп кетіп, ол басқа бір адамға қолма-қол ақшаға сатылған екен.

Содан шарқ ұрып, жарнама-хабарландырулар бойынша тұрғын үйлерді аралаған ол ақыры 9,7 миллион теңгеге пәтер іздеп табады. Сол себепті қордан тағы 400 теңге сұратқан. 

"Екінші жолы бірден 4,9 миллион теңгеге тапсырыс беруді ойлағанмын. Бірақ жете пысықталмаса керек, бастапқы тапсырысты жою банктің платформасында техникалық тұрғыдан қарастырылмапты. Дегенмен, екі өтініш те қарауға қабылданғандықтан, мен екі өтініштегі соманы біріктіріп, банктен 9,8 миллион теңгеге ипотека алайын деп шештім. Бұл банк қажетті соманың 50 пайызын жинасаң ғана толық сомаға тұрғын үй заемын беретіні белгілі. Өз кезегінде БЖЗҚ 4,9 млн теңгені екі бөліп, "Отбасы банктегі" есепшотқа аударды", – дейді ол.

"Отбасы банкінің" олқылығы бағдарламаға кесірін тигізген

Содан соң клиент банктің Нұр-Сұлтандағы филиалында сатып алатын пәтерінің барлық құжаттарын өткізеді.

"Арайлым деген маманы құжаттардың толық әрі дұрыс екенін, ақшаның есепшотта жатқанын да көріп тұрғанын айтты. Бірақ 9,8 млн теңге сомада несие беру туралы өтінішті қабылдай алмайтынын мәлімдеді. Себебі, "өтініштер екі бөлек". 4,5 миллионы жеке, 400 мыңы жеке өтініш. Бұл жерде ол екеуі де бір мақсатқа – "Отбасы банкінен" ипотека алуға берілгенін құлаққа да ілмеді. Мен пәтер иесімен және риелтормен алдын ала келісім жасасып, "задаток" қаржы беріп қойғанмын. Егер дер кезінде ақшаны аудармасам, 9,7 млн теңге тұратын баспана құнының 5%-ы көлемінде айыппұл төлеймін. Риелторға берген 300 мың теңге де қайтпайды. Мен көп балалы анамын. 23 жасар үлкен ұлыма осы пәтерді алып, жеке шығарайын, өзге ұлдарым мен қыздарыма орын кеңейсін дегенмін. Ол ниетім орындалмады", – деп күйінеді И.Құрамысова.

"Отбасы банк" маманы екі өтініштен де бас тартып, жаңадан ортақ өтініш ұсынуға кеңес беріпті. Шағым иесі банктің платформасында ондай мүмкіндік-опция қарастырылмағанын айтып, маманнан солай жасап беруді өтінеді. Ол да әрлі-берлі қопарып, ондай тетікті таппаған. Мемлекеттік тұрғын үй банкінің тұғырнамасындағы қателік азаматтарды осылай тұйыққа тіреді.

Клиенттерден шағым көбейген соң "Отбасы банк" АҚ-ы өтініштерді жою (аннуляциялау); арнайы шотқа ақша аударылған жағдайда бұрын берілген өтініштерді біріктіру функциясын енгізуге кіріскен. Мұны осы іске жауапты органның басшысы – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз блогында хабарлады.

"Бұған дейін БЖЗҚ-дан 2 өтініш негізінде келіп түскен БЗТ-ның ортақ сомасын "Отбасы банкінен" кредит алуға жұмсау мүмкін болмай келген", – деді министр.

Шын мәнінде, ондаған мың адам жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның күн сайын дерлік қымбаттауы кесірінен БЗТ-сын пайдалана алмады. Тіпті қолжетімді бағаға пәтер таба алғандары жүйедегі олқылықтардың зардабын тартты. Салдарынан, 200 миллиард теңгеге жуық зейнетақы жинағы қорға кері алып қойылды.

Жап-жақсы бастама сөйтіп, мыңдаған қазақстандықтың көңілін қалдырды. Бұл жоба халықтың көңіл-күйін бұзып, әлеуметтік кернеу тудырмауы үшін мемлекет қатаң талаптарын жұмсартса, әрі жинақты жұмсау бағыттарын кеңейтсе, жөн. Әйтпесе, бағдарлама аясында 1 миллионға жуық қазақстандыққа зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беру міндеті алынбас асуға айналады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу