Қор мамандарының түсіндіруінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформаларында ұсыныстар қаптап кетті. Оны таратушылар азаматтардың кез келген санатына "төменгі жеткіліктілік шегінен" (ТЖШ) асатын зейнетақы жинақтарын қордан шығарып әкетуге көмектесетін делдалдық қызметтерін ұсынуда.
Жасыратыны жоқ, пысық адамдар елге ТЖШ-дан асқан зейнетақы жинақтарын заңды жолмен шығарып алуға да жәрдемдеседі. Бұл үшін олар стоматологиялық клиникалармен ауыз жаласады. Алайда мұндай қарау ниетті стоматологтардың қызметі қымбат делдал екеуі клиенттің қордан шығарып алған қаражатының 30-35%-ға дейінгісін алып қояды.
Мысалы, азамат БЖЗҚ-дан стоматолог арқылы 1 миллион теңге жинағын ала алса, әлгі делдалдар соның 300-350 мың теңгесін алып қалып, 600 мыңдайын ғана береді.
Осы алаяқтардың үстінен енді басқа алаяқтар "паразиттене" бастады. Бірақ олар өз клиентіне түк бермейді, барлық қаражатын алып қояды. Ал, оларды қызықтыру үшін делдалдық қызметінің ақысын төмен пайызбен көрсетеді.
"Осыған орай "БЖЗҚ" АҚ өз салымшылары мен алушыларына ЕСКЕРТЕДІ: зейнетақы жинақтарын алу Әлеуметтік кодексте қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін болады. Ең алдымен, бұл зейнет жасына толу, І-ші немесе ІІ-ші топтағы мерзімсіз мүгедектіктің тағайындалуы, шетелге тұрақты тұруға көшіп кету, өмірден өткен адамнан мұрагерлікпен қабылдап алу. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалануға болады", – деп түсіндірді қордың өкілдері.
Олардың айтуынша, БЖЗҚ-дағы жинақты баспана сатып алуға немесе емделуге алу үшін заңнамамен белгіленген шарттар сақталуға тиіс.
Сонда қордан келесі азаматтардың санаты ғана жинақтарын ерте алып қоя алады:
- Тұрғын үй және медициналық қызметке төлеу үшін төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар (ТЖШ-дан асатын сома шегінде);
- зейнетақысы жоғалған табыстың (бұрын алынған жалақысының) кемінде 40% құрайтын зейнеткерлер: олар шотта қалған жинақтарының 50%-ға дейінгісін пайдалана алады;
- еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шыққандар: олар жинақтарын қордан 100%-ға дейін алып кете алады;
- зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар: олар жинақтарын 100%-ға дейін өмірді сақтандыру қорына аударып, 55 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін ала бастайды.
"Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге мақсатты пайдалану тек уәкілетті операторлар – "Отбасы банк" пен екінші деңгейдегі банктер арқылы мүмкін болады. Тиісінше, делдалдық қызметтер қажет емес. Бұл ретте БЖЗҚ ешқандай ақы алмайды. Күмәнді әрекетке қатысуға келісе отырып, сіз зейнетақы жинақтарыңызды жоғалту қауіпін тудырасыз! Сонымен қоймай, болашақта басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін дербес деректеріңіздің сақталуына да қауіп төндіресіз!", – деп мәлімдеді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына мұндай ұсыныстарды елемеуге, тек ресми көздерден ақпарат алуға және құқықтық тұрғыдан қорғалған салада ғана әрекет етуге қатаң кеңес береді.
"Барлық сауалдарыңызға жауап алып, ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтықтан да enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы, байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу жолымен көп арналы тегін байланыс немесе +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы, сондай-ақ БЖЗҚ-ның Telegram, Facebook, Одноклассники, Вконтакте, Х және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да тексере аласыз", – деп мәлім етті қор.
Алайда кейбір қазақстандық алаяқтарсыз-ақ осы қордағы жинағының азайып бара жатқанына шағымдануда. Оның бірі БЖЗҚ-ға шағыммен жүгінді. Арызшының айтуынша, оның шотынан 52 мыңнан астам теңге ұшты-күйлі жоғалып кеткен.
"Түсініктеме беруді сұраймын! Қалайша менің жинағымнан 52 мың 775,89 теңге жоғалып кетті? Ол ақша қайда кетті? Тек бәрін техникалық ақауға, жүйедегі қателікке жаба салмаңдар", – деді қор салымшысы өз хатында.
Сөйтсе, клиентінің ол ақшасын Ұлттық банктегілер акциялармен "ойнау" барысында жоғалтып алыпты.
БЖЗҚ өкілдері өз жауабында қазақстандықтардың ай сайын жалақысынан ұсталатын 10 пайыз зейнетақы жарнасы және оған жұмыс берушісі қосатын қаражаты алдымен жеке зейнетақы шоттарына түсетінін, содан соң жан-жақтан келіп түсетін жинақтардың бәрін зейнетақы активтерінің сенімді басқарушысы – Ұлттық банк түрлі қаржылық құралдарға инвестициялайтынын түсіндірді.
Бұл ретте, қор мамандарының мәліметінше, инвестициялық табыс көптеген факторларға тәуелді болады. Мысалы, бағалы қағаздардың нарықтық құнына, шетелдік валюталар бағамының құбылуына, шотқа түсетін зейнетақы жарналарының өзгеруіне, олардың түсетін датасына, әрбір жарнаны инвестициялау мерзіміне және жалпы сомасына байланысты болады.
"Сондықтан инвестициялау қызметінің нәтижесінде, мысалы, шетелдік валюталар бағамының құлдырауына не өсуіне, қаржылық құралдардың қымбаттауына не арзандауына қарай әр салымшыға есептелген инвестициялық табыс көлемі де өзгеріп тұрады. Атап өтетін жайт, қарашаның үшінші онкүндігінен бері ішкі және сыртқы нарықтарда зейнетақы активтері инвестицияланған қаржылық құралдардың, акциялардың нарықтың құнының төмендеуі байқалуда. Бұл қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының инвестициялық кірісінің құлдырауына ықпал етті", – деп хабарлады БЖЗҚ.
Осылайша, қордағы қаражатқа жауапты мамандардың қырсыздығы кесірінен салымшылар "минусқа" кеткенге ұқсайды.
Ақталған қор мамандары қазақстандықтарға жинақтарын қайта-қайта қарай бермей, қысқа емес, ұзақ мерзім кезіндегі өзгерістерді бақылауға үндеді.
"Инвестициялық табыстың көлемін кем дегенде 1 жыл кезеңде талдаған орынды. Өйткені зейнетақы жинақтары – бұл ұзақмерзімді инвестициялар. Қысқа мерзімді – күнделікті, ай сайынғы және сол сияқты деректер – көрсеткіш емес. Себебі, бұлар құбылмалы нарықтық конъюнктураға тәуелді", – делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Дегенмен, олар дәл қазір жасы жетіп, зейнеткерлікке шыққалы отырған адамдардың саны көп екенін ескермесе керек. Олардың да жинағы азайып жатыр.
Оның үстіне қор кеңесіне құлақ түріп, ұзақмерзімді кезеңде талдайтын болсақ, бәрібір көңілсіз картина қалыптасады.
"Ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кірістілік Қазақстандағы осы кезеңдегі инфляциядан асып түсті. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2024 жылғы 1 қарашаға дейінгі өспелі қорытындымен жинақталған кірістілік 932,52% болды. Ал, осы бүкіл кезеңдегі инфляция 810,70% болды", – делінген БЖЗҚ есебінде.
Яғни, 28 жылға жуық уақыт ішіндегі қордағы зейнетақы жинақтарының инфляциядан аса алған кірістілігі небары 121,82% ғана болды.
Салыстырсақ, 1998 жылдан 2024 жылғы 1 қараша аралығында алтынның бағасы Троя унциясы үшін 287 доллардан 2 736 долларға дейін, яғни, 9,5 есеге (!) қымбаттады. Ендеше қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қорға алып қоймай, алтын сатып алуына рұқсат етілгенде, халықтың ол жинағы 9,5 есеге өсетін еді.
Ұлттық банктің дерегінше, 1998 жылы 1 доллар бағамы 76,09 теңге тұрыпты. ҚР ҰБ ресми бағамы бойынша америкалық валюта бүгінде, 2024 жылғы 21 желтоқсанда 523,86 теңгеге тең. Олай болса, Үкімет қазақстандықтардың зейнетақы жинағын Ұлттық банктегілердің талауына тастамай, долларға салып қойғанда, осы кезеңде ол жинақ 7 есеге жуық өсіп шыға келетін еді.
Мұның бәріне рұқсат етпегендіктен, халыққа 28 жылдай уақыт ішінде 121,82%-дай таза табысқа ғана қанағаттануға тура келеді.