Десе де, бұл отандық футболсүйер қауымның ызасын келтірген әрі қатты қызықтырған тақырып болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кеткені ресми хабарланды.
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі келісімшарттың екіжақты тоқтатылғанын және тараптардың бейбіт түрде келісімге келгенін мәлімдеген. Черчесовтың табысы жөнінде нақты ақпараттар болмаса да, аз уақытта аз қаржыны қалтаға баспағаны айдан анық. Бұл мәселені кеңінен зерттеген "Дядя Ваня" телеграмм-арнасының авторы "ҚР ұлттық құрамасының бас бапкерінің жалақысы – құпия ақпарат. Ресейлік маман біздің ұлттық құрамаға келгенде әлеуметтік желілерде маусымына 1,2 миллион еуро мөлшерінде жалақысы бар екені айтылған болатын" дейді.
Десе де, Черчесов мұны жоққа шығарған.
"Мен туралы жиі жазады, оған үйреніп қалдым. Ондай сандарды екіге, тіпті беске бөлгенді жақсы көремін", – деген еді ол.
Бұл қаржылық мәліметке Қазақстан футбол федерациясы да пікір білдірген.
– Мамандардың жалақысы келісімшарттың құпиялылығы себепті жарияланбайды. Бұл келісімшарт бюджет қаражатынан қаржыландырылмайды, – делінген ҚФФ-ның мәлімдемесінде.
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінде 7 ай 24 күн болды. Ол жетекшілік еткен уақытта ұлттық құрама 6 ойын өткізіп, бірде-бір гол соға алмады. Яғни, 5 рет жеңіліп, 1 рет тең түсті. Нәтиже – 0:15.
Бейресми мәліметтерде ресейлік маманның 779 992 еуро (әр гол үшін 51 999 еуро) тапқаны айтылады. Әрі келісімшарттың о баста "2+2" схемасы бойынша жасалғанын есте сақтау керек. Яғни, келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатса, ҚФФ 1 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. Дәл осы жағдайда бас бапкерліктен кетуге бірінші Черчесов әрекет етпеген болуы да мүмкін.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып кім келетіні жұма күні анықталады.