Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің орнына кандидаттар тізімі енді қарастырылмақ.
Айта кетейік, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасына 2024 жылдың маусымында келген. Оның баптауымен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 ойын өткізіп, Норвегия құрамасымен ғана тең ойнады. Қалған кездесудің бәрінде гол соға алмастан жеңілді.
Уақытында Черчесов өзіне қарата айтылған сынға жауап берумен болды. Әрдайым алдағы ойындарда жеңіске жететінін айтып, әр жеңілісінен кейін мәлімдеме жасап отырды.
ҚФФ-ның баспасөз қызметі бапкерлер штабы толық орнын босатқанын да хабарлаған.
– Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті. Қазақстан футбол федерациясы Станислав Саламұлы мен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді, – делінген ресми хабарламада.
Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі енді жасақталатын болады.
Бұған дейін "Черчесов Ресейге қайта ма?" деген тақырыпта жазған едік. Себебі, экс бас бапкердің есімі ресейлік клубқа көмектесетін бірден-бір маман ретінде аталған болатын.