"Бүгінде азаматтардың көпшілігі жасанды интеллект туралы біле бермейді. Цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне салалық министрліктермен бірге қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіруді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов Үкіметтің көшпелі отырысында.
Премьер-министр цифрлық қызметті қолдануды халыққа кеңінен түсіндіру қажеттігін айтты.
"Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қоры қолжетімді болуы тиіс. Бұл үшін бірыңғай тәсілдер қажет. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеуді тапсырамын. Ақпараттар дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуы тиіс", – деп толықтырды Олжас Бектенов.