COVID-19 бір матч аяқталғанша 340 адамның өмірін жалмайды

1222

Әлемде коронавирус құрбандарының саны бір миллионнан әлдеқайда көп болуы мүмкін. 

COVID-19 бір матч аяқталғанша 340 адамның өмірін жалмайды

Жер-жаһанда коронавирустан қайтыс болғандар 1 миллионнан асты. Салыстырып көрсек, 2004 жылы Үнді мұхитында көтерілген алапат цунамиден мерт болғандар бұдан төрт есе аз еді. 1 миллион – Иерусалимнің немесе Техастың халқынан да көп арифметикалық көрсеткіш.

Сүреңсіз статистиканы сейсенбі күні Джонс Хопкинс университеті мен "Рейтер" агенттігі жариялады. Бұл пандемия ғалам экономикасын ойрандап, денсаулық сақтау жүйелеріне орасан салмақ түсіріп, талай адамның күнделікті өмірін астаң-кестең қылды.

COVID-19 құрбандарының саны жыл сайын безгектен қайтыс болатындар екі есеге асып отыр. Кейінгі апталарда коронавирус жұқтырғандар дүниенің бірталай елінде қайта көбейіп келеді.

"Біздің әлем азаптың шегіне жетті. Бұл – таңқаларлық статистика. Алайда бірде-бір адамның өмірін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Олар –әкелеріміз, аналарымыз, ерлеріміз, әйелдеріміз, бауырларымыз, апаларымыз, қарындастарымыз, достарымыз, әріптестеріміз еді", – дейді БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Коронавирустан жан тәсілім еткендер жарты миллионнан бір миллионға жетуі үшін небары үш ай қажет болған. Демек қаңтарда Қытайда жаңа инфекциядан бірінші адам өлгеннен кейін, құрбандар қатары қарқынды көбейіп отыр.

"Рейтер" жүргізген зерттеуге қарағанда, жер шарында әрбір 24 сағатта 5400-ден астам адам коронавирустан о дүниелік болады екен. Демек, сағатына 226 немесе 16 секундта бір адам өледі. Ал, 90 минуттық футбол матчы аяқталғанша, COVID-19 шамамен 340 адамның өмірін жалмап үлгереді. 

"Соншама көп адам соншама көп адамды жоғалтып, сол марқұмдарға "қош бол" деп те айта алмады. Талайлар медициналық жағдайда, аурухана төсегіне таңылып, сұмдық қиындықпен, жаны жалғызсырап, өмірден кетіп қалды",– дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баспасөз хатшысы Маргарет Харрис БҰҰ-ның Женевада өткен брифингінде.

Дегенмен, Wellcome Trust ғаламдық қайырымдылық қорының директоры Джереми Фаррардың айтуынша, "есепке алынбағандарды" қосқанда, коронавирустан қайтыс болғандар саны бір миллионнан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

"Біз пандемияның әлі күшейіп келе жатқанын және оның бәсеңдеуге сыңай танытпай отырғанын ұмытпағанымыз абзал", – дейді ол.

Тағы бір сөзінде Фаррар әлемдік қауымдастықты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцина сатып алу немесе оны жасау, емдеу, диагноз қою бағдарламасына 35 млрд доллар шұғыл көмек беруге шақырды.

Вирус жұқтырғандар көбейіп келеді

Көптеген сарапшының ойынша, тестілеу дұрыс жүргізілмегендіктен және кейбір мемлекеттер шын статистиканы жасырғандықтан, адамзат коронавирус құрбандарының нақты санын білмей отыр.

Пандемиямен күрес те араға жік салып бастады. Біреулер карантинге жақтас болса, өзге елдер шектеу шараларынан бас тартып, экономикалық өсімді алдыңғы қатарға қойып отыр.

Дүниежүзі бойынша "ковид" құрбандарының 45 пайызға жуығы Құрама Штаттардың, Бразилияның, Үндістанның үлесінде. Соған қарамастан, бұл мемлекеттер соңғы апталарда әлеуметтік алшақтық ережелерінен бас тартты.

"Америка халқы алдағы күндері вирус жұқтыру оқиғаларының көбеюін күтуі керек", – дейді АҚШ вице-президенті Майк Помпео дүйсенбі күні жасаған ескертуінде.

Айта кетсек, АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 7 млн-нан асып, 205 мыңнан астамы қайтыс болды.

Үндістанда қыркүйектің басынан бері күніне орта есеппен 87500 адам "ковид" жұқтырып келеді. Осы тренд сақталатын болса, бұл мемлекет жыл соңында АҚШ-ты басып озуы мүмкін. Эпидемия өршіп жатса да, премьер-министр Нарендра Моди үкіметі карантинді жеңілдетуге кірісті. Айта кетсек, Үндістан коронавирустан 96,318 адам жоғалтты. Мұнда құрбандар саны АҚШ-пен, Ұлыбританиямен, Бразилиямен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Коронавирустан қайтқандардың 25 пайыздайы – Еуропада. Бұл аймақтың батысында қазір COVID-19 диагнозы қойылғандар тағы көбейе бастады.

Латын Америкасында да жұқтыру оқиғалары азаяр емес. Соған қарамастан, бұл континент елдерінің көбі локдаунды жеңілдетіп, қалыпты өмірге оралуда.

Пандемиядан бірінші зардап шеккен Азияның басым бөлігі екінші толқынды да еңсеріп, өзгелермен салыстырғанда біршама тыныш өмір сүріп жатыр.

Өзгерген дәстүр

Коронавирустан адамдардың көп өлуі бүкіл әлемде жаназа шығару дәстүрін өзгертіп жатыр: қазір мәйітханалар мен жерлеу бюроларында марқұмдар тым көп. Инфекция қаупіне байланысты туған-туыстарына олармен қоштасуға мұрсат берілмей отыр. 

Израильде қайтыс болған мұсылмандарды аруламай, полиэтилен пакетке орап жерлеуге ғана рұқсат. Сонымен қатар, мұнда марқұмның үйіне жеті күн бойы барып, жылайтын Шива дәстүрі де доғарылған.

Италия католиктері коронавирустан жаны қиылғандарды шіркеу қызметкеріне дұға оқытпай жерлеп жатса, Ирак содырлары автоматтарын тастап, мұсылмандар мен христиандар үшін арнайы қабір қазуды үйренуге мәжбүр.

Сонымен қатар, Құрама Штаттарда, Индонезияда, Боливияда, Оңтүстік Африкада, Йеменде бұрынғы зираттарды орын біткендіктен, жаңа мол іздеуге тура келіп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу