COVID-19-дың Америкадан тарағаны рас па?

8694

Қытай батыстық вакциналарға күмән келтіріп, коронавирус АҚШ-та пайда болды деген коспирациялық теорияны алға тартып отыр.

COVID-19-дың  Америкадан тарағаны рас па?

Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Pfizer компаниясының COVID-19-ға қарсы вакцинасы ауқымды сынақтардан сәтті өтіп, өзінің зиянсыздығын дәлелдесе де, оның қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Және де коммунистік үкімет коронавирус АҚШ-тың әскери зертханасында пайда болуы мүмкін деген дәлелсіз теорияны алға тарта бастады.

Коммунистік партия Қытай вакциналары сұрақ туындатып, Бейжіңнің коронавирусқа қарсы алғашқы реакциясы сынға ұшырап жатқан шақта бірқатар конспирациялық теорияны  қолдап отыр.

Мемлекеттік медиа мен шенеуніктер Батыс вакциналары мен коронавирустың  Қытайда пайда болғанына күмән келтіріп, қарымта жауапқа көшкендей. Бүгінде бұл екі мәселе жіті назарда: қазір бүкіл әлемде вакциналау науқаны жүріп жатса, жұқпалы вирустың пайда болуын анықтау үшін жуырда Қытайдың Ухань қаласына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылар тобы жетті.

Қастандық теорияларының кейбірі Қытайда өз аудиториясын тауып отыр. Елдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Мэрилендтегі биологиялық қару-жарақ зертханасын тергеуге шақырғаннан кейін, әлеуметтік желіде Коммунистік Жастар Лигасы бастаған  "American’s Ft. Detrick"  хэштегі   кемінде 1,4 млрд рет қаралыпты.

"Сондағы мақсаттары – Қытай үкіметі пандемияның алғашқы күндері   жіберген қателіктерден жұрт назарын АҚШ-тың қастандығына аудару.  Қытайда Америкаға қарсылық күшейген заманда, бұл тактика сәтті болып шықты", – дейді қазір АҚШ-та тұратын жазушы әрі жалған ғылыми дәрежелер мен Қытай ғылымындағы басқа да алаяқтықтарды әшкерелеген зерттеуші Фан Шиминь АР агенттігіне берген сұхбатында.

Ұлыбританиядағы Лидс университетінің қытайлық БАҚ бойынша сарапшысы Юань Цзэннің айтуынша, үкіметтің қастандық туралы әңгімелерінің кең таралғаны соншалық, тіпті білімді қытайлық жастардың өзі олардың шындығына қатысты сұрақ қоятын болған.

"Қытай мемлекеттік органдары отандық вакцинаға деген алаңдаушылықты сейілтуге тырысып жатыр. Дегенмен, күмәнді өршіту мен қастандық теорияларын тарату халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін", – дейді Цзэнь.

Жақында Қытай баспасөзі Норвегияда Pfizer вакцинасын қабылдаған 23 қарт адамның өлімін тергеуге шақырды. Ал, CCTV мемлекеттік телерадиокомпаниясының ағылшын тіліндегі станциясы - CGTN-дің дикторы мен Global Times газеті батыстық БАҚ-ты осы жаңалықтарды елемеді деп айыптап отыр.

Бірақ денсаулық сақтау сарапшылары қарттардың өлімі аталған вакцинамен байланысты емес деп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да  Норвегиядағы оқиғаларға "файзерлік" екпенің "үлес қоспағанын" мәлімдеді.

Мемлекеттік медиада Бразилия зерттеушілері Қытай вакцинасының тиімділігі бұрын жарияланған көрсеткіштен төмен екенін анықтағаннан кейін, батысқа қарсы материалдар жарық көре бастады. Зерттеушілер бастапқыда Sinovac вакцинасының тиімділігі 78% деп хабарлаған еді. Бірақ ғалымдар бұл нәтижені қайта қарап, сол тиімділікті 50,4% -ға дейін төмендетті.

Бразилия жаңалықтарынан кейін Австралияның мемлекет қолдауына сүйенген Стратегиялық саясат институтының зерттеушілері Қытай ақпарат құралдарында вакциналар туралы жалған ақпарат көбейгенін мәлімдеп отыр.

"Қытай беделін сақтап, вакциналарын насихаттау үшін Pfizer екпесіне күмән келтіруге тырысады", –дейді Фан.

Желтоқсанда Қытайдың Ауруларды бақылау орталығының директоры Гао Фу кейбір батыстық вакциналардың жағымсыз әсерлерін жоққа шығара алмайтынын атап өтті. Ол сол препараттардың сау адамдарға бірінші рет салынып жатқанын айтып, "қауіпсіздік мәселесі бар" екенін мәлімдеді.

Дегенмен, Pfizer вакцинасы мен Moderna жасаған тағы бір екпе жануарлар мен тұрғындарға сыналып, сол тәжірибелерге 70 000-нан астам адам қатысты.

ДДСҰ миссиясының Уханьға баруы Қытайға сынды қайта күшейтті. Бұл мемлекет пандемияның басында өте баяу әрекет етіп, тіпті халықты ескертуге тырысқан дәрігерлерді жазалады деген болжам бар. Ал, Қытайға жеткен зерттеушілерге тоқталсақ, олар осы аптада 14 күндік карантиннен босатылып, вирустың ізін іздеу жұмыстарын бастайды.

Коммунистік партия ДДСҰ-ның тергеуін саяси қауіп санайды. Өйткені бұл миссия Қытайдың пандемияға деген алғашқы реакциясын да зерттеуді көздеп отыр.

Айта кетсек, өткен аптада Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин АҚШ-тың әскери зертханасын ДДСҰ мамандарына тергету мәселесін көтерді.

"Егер, Америка, шындықты құрметтейтін болсаңыз, онда Ft. Detrick-ті ашыңыз және АҚШ-тан тыс жерлерде орналасқан 200 немесе одан да көп биозертхана туралы көбірек ақпарат беріңіз, бұған қоса ДДСҰ-ның сарапшылар тобының Құрама Штаттарға барып, вирустың шығу тегін зерттеуіне рұқсат беріңіз ", – деді Хуа.

Оның мемлекеттік БАҚ-та жарияланған бұл мәлімдемесі Қытайдың Twitter-ге ұқсас Sina Weibo платформасында ең танымал тақырыптардың біріне айналды.

Былтыр АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп та өз үкіметінің пандемиямен күрестегі дәрменсіздігі үшін кінәні басқаға артпақ болып, коронавирустың Ухань зертханасынан қашып кеткеніне шәк келтірмейтінін айтқан еді. Бұл теория біржола жойылмағанымен, оған көптеген сарапшылар күмән келтіріп келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу