COVID-19-дың балаларға әсері қандай?

7220

Ғалымдар балалардың коронавирусты ересектер тәрізді жұқтыратынын анықтаған.  

COVID-19-дың балаларға әсері қандай?

Коронавирус пандемиясындағы балалардың рөлі қандай? Қазір бос уақыты мол жеткіншектер жазғы демалыстың рахатын көріп жатқанда, ал мектептер жаңа оқу жылын қалай бастаудың қамымен жүргенде, бұл – өте өзекті мәселе.

Трамп әкімшілігіне сенсек, ғылымның осы мәселеге қатысты шешімі "өте айқын", алайда педиатрия мен инфекциялық ауруларға мамандандырылған көптеген дәрігерлердің сөзінше, ол дәлелдердің көбі сенімсіз, күмәнді көрінеді.

"Жауабы жоқ сұрақтар көп", – дейді Флорида университетінің педиатрия профессоры және АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының бұрынғы ғалымы Сония Расмуссен. 

Бірқатар болжамға қарағанда, "ковидті" балалар ересектермен салыстырғанда аз жұқтырады және оларда вирус симптомы жеңілдеу болуы мүмкін. Дегенмен, зерттеушілер осыған да айқын дәлел келтіре алмай отыр.

Пандемия басталған Қытайдың Ухань қаласында алғашқы жүргізілген зерттеу қорытындысы жайлы баяндамаға жүгінсек,  коронавирусты жұқтырғандардың 2 пайызы ғана балалар болған. Кейін АҚШ-та COVID-19-ға шалдыққандардың 5-8 пайызы балалар екені айтылды.

Американың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының есебінше, өткен жұмаға дейін 175,374 жұқтыру оқиғасы 17 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен жасөспірімдерден анықталған. Яғни, Құрама Штаттарда COVID-19 жұқтырғандардың шамамен 6 пайызы ғана – кәмелетке толмағандар. Дегенмен, коронавирусты жұқтырса да, онысы расталмаған балалардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі талай симптомы жеңіл немесе мүлде жоқ жеткіншектер тестен өтпесе керек.

Өзге бір дерекке сүйенсек, бейсенбіге дейін АҚШ-та 17 жасқа дейінгі 228 бала мен жасөспірім коронавирустан жан тәсілім еткен. Бұл – 138 мыңнан астам америкалық құрбанның 0,2 пайызға жуығы ғана.

Балалардың инфекцияланғаны туралы зерттеу материалы алғаш рет Уханнан жетті. Онда емделген 171 баланың көбінің ауруы салыстырмалы түрде жеңіл болған. Бір бала қайтыс болып, тек үшеуі ғана интенсивтік терапия бөліміне түсіп, өкпені желдететін құралдың жәрдемін қажет еткен. Ең алаңдатқаны сол – олардың 12-сінде пневмонияның рентгендік белгілері байқалды. 

Сәуір айында АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығының 2500 баланы тартып, жүргізген зерттеуі де жарияланып, тура Қытайдағымен үндес қорытындыны көрсетті.  Инфекция жұқтырған  5 баланың біреуі ауруханаға жатқызылған. Ересектердің үштен бірі госпитализацияны қажет етті; үш бала жан тәсілім еткен.

"Біз бұл балалардың кім екенін анықтауға күш салып жатырмыз. Аурудың балаларға, өзге қауымдастықтарға, олардың ата-аналары мен ата-әжелеріне ықпалын түсінуге тиіспіз. Егер жеткіншектер вирусты бір-біріне жұқтырса, кейін сол инфекцияны үйлеріне жеткізеді", – дейді Расмуссен.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, балалардың коронавирус жұқтыратынын білмей тұрып, мектептерді қауіптенбей қайта ашу қиын. Колумбия универстетінің инфекциялық аурулар жөніндегі маманы Джеффри Шаманның ойынша, коронавирус жұқтырған балалар мен симптомы жоқ жеткіншектер ауруды өзгелерге оңай тарата ала ма деген сауал мәселені одан сайын қиындатып жібермек.

JAMA Pediatrics компаниясы мамырда жүргізіп, бейсенбіде қорытындысын жариялаған зерттеуге АҚШ пен Канаданың интенсивтік терапия бөлімдерінде емделген 48 бала қатысты. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кейли Макинани мәлімдегендей, олардың көбінің жағдайы тым нашарламаған.  Дегенмен, 40 пайызға жуығы өкпені желдететін құралға жүгінсе, екеуі о дүниелік болды.   

Макинанидің сөзінше, балалар тұмаумен салыстырғанда, COVID-19-дан соншалықты ауыр халге жетпейді. Алайда, аталған америкалық орталық өкілдерінің айтуынша, коронавирус тұмауға қарағанда, көбірек жұққыш және де ол "таратушы" оқиғалармен байланыста болып, тез арада талай адамды науқастандыра алады.

Бұған қоса, COVID-19-ға шалдыққан балалардың арасында қаны ұйығандары, органдары зақымданғандары, бұрынғы қабыну аурулары қайта асқынғандары кездескен. Соңғы мәліметке қарағанда, АҚШ-та мұндай жағдайға 342 бала мен жасөспірім душар болған.

Әлемде мектептерді қайта ашу үлкен дауға айналған шақта Оңтүстік Корея ғалымдары да өздерінің жаңа зерттеуінің нәтижесін жариялады. Оған жүгінсек, 10 жасқа дейінгі балалар ересектерге қарағанда коронавирусты екі есе сирек жұқтырады. Бұл жағдай олардың демді аз шығаруымен және жерге жақын тыныс алуымен байланысты болуы мүмкін. Бірақ, сонда да сақтанған жөн. Себебі, қауіп мүлде жоқ деуге келмейді. Ал, 10 мен 19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер инфекцияны тура ересектердей өзгеге бере алады.

Дегенмен, кейбір сарапшылар бұл қорытындыны кездейсоқтықпен немесе балалардың мінез-құлқымен байланыстырып отыр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу