Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы хабарлағандарға мол сыйақы төленеді

3535

Ұлттық қауіпсіздік саласында өзгерістер әзірленіп жатыр. 

Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы хабарлағандарға мол сыйақы төленеді Фото: forums-ru.ubisoft.com

Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы жаңартылған ереженi бекітетін ел Президентінің жаңа жарлығының жобасы әзірленді. Онда қаңтар оқиғаларының сабақтары ескеріледі.

Мысалы, 1996 жылдан бері қолданылып келген қазіргі ережеде ҰҚК-ның өкілеттіктері мен міндеттеріне "ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету" кіреді.

Оның орнына ұсынылып отырған жаңа редакциясына сәйкес, бұдан былай комитет "ұлттық қауіпсіздік органдарының дағдарысты жағдайлар, әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал, төтенше, әскери жағдайлар туындаған кезде және соғыс уақытында іс-қимыл жасауға дайындығын қамтамасыз ететін" болады.

Осы орайда "Дағдарысты жағдай" ұғымы бекітіледі және "әлеуметтік маңыздағы төтенше жағдайдың құқықтық режимдерінің" мазмұны мен тәртібі анықталады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мемлекеттік шекара арқылы көрші мемлекеттердің аумағынан адамдардың Қазақстанға жаппай өтуінен; Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге әрекеттенуден; терроризм актілерінен; билікті күштеп басып алуға немесе ел Конституциясын бұза отырып, билікті күштеп ұстап тұруға бағытталған әрекеттерден; диверсиялардан; қарулы бүліктен туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтау, алдын алу және жолын кесу міндеті жүктелді.

Жаңа ережеде ҰҚК-ның жаңа функциясы көрініс табады: ведомство енді "терроризм актісінің алдын алуға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы тағайындау және төлеу ережелерін әзірлеп, бекітеді".

Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары бойынша сыйақы бір рет төленеді.

Қылмыстық кодекстің 255-бабының бірінші және екінші бөлімдерінде көзделген терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 750 АЕК (2023 жылы 2 млн 587,5 мың теңге) сыйақы ұсынылады.

Бірінші бөлімге теракті, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де әрекеттер жасау, бұл әрекеттерді қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, Қазақстанның меморгандарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасау, сондай-ақ аталған әрекеттердi дәл сол мақсаттарда жасау қатерін төндіру жатады.

Екінші бөлім осы қылмыстардың бірнеше рет жасалуын қарастырады.

Қылмыстық кодекстің 255-бабының үшінші және төртінші бөлімдерінде көзделген теракті туралы қылмыстық істер бойынша ақпаратты алдын ала хабарлаған, сөйтіп оның алдын алуға жәрдемдескен адамдарға – 1000 АЕК (3 млн 450 мың теңге) сыйақы ұсынылады.

Үшінші бөлім жаппай қырып жою қаруын, радиоактивтi материалдарды қолдану не қолдану қатерін төндіру, жаппай уландыру, эпидемияны немесе эпизоотияны тарату, сол сияқты адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттердi жасау немесе жасау қатерін төндіру жолымен жасалған терактілерді қамтиды.

Төртінші бөлім лаңкестік акті абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларды қарастырады.

"Таяуда, 2023 жылғы 16 наурызда қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның әкімшілік реформасы мәселесі бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы аясында терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу тәртібін анықтау бойынша құзырет Үкіметтен алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. Осыған байланысты, ережеде ҰҚК осы функциясы бекітіледі", – деп түсініктеме берді ведомство.

Бұған қоса, комитет өзіне жұмыс істейтін "арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің отбасылық-мүлiктік жағдайын тексеру" үшін тиісті актінің үлгі нысанын өзі бекітеді.

ҰҚК қызметкерінің отбасылық-мүліктік жағдайын тексеру актісінің жобасында: "Қызметкерді отбасылық жағдайына байланысты төмен тұрған лауазымға тағайындау туралы мәселені шешу кезінде комиссия оның отбасылық-мүліктік жағдайына тексеру жүргізетіні" жазылған.

Онда қызметкердің қызмет орнының мекенжайы, ұлттық қауіпсіздік органдарына қашан қабылданғаны, оған дейін қайда жұмыс істегені немесе оқығаны, отбасылық құрамы және олардың мекенжайы, баспанасының бар-жоқтығы жазылады. Бұдан бөлек, тексеру нәтижесінде анықталған қызметкердің отбасына қатысты жағдайлар және соны растайтын құжаттар қоса беріледі.

Отбасылық-мүліктік жағдайды тексеру актісі қызметкердің жеке ісіне тігіледі.

"Жарлық жобасымен ережені "ҚР ұлттық қауiпсiздiк органдары туралы" заңының 8-бабы 1-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес толықтыру көзделеді. Оған сәйкес ҰҚК ұлттық қауіпсіздік органдары қызметін ұйымдастыру және өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды. Сонымен бірге, ережеге ҰҚК функцияларын "Әскери полиция органдары туралы" және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери полициясы органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2023 жылғы 14 наурыздағы заңдарына сәйкес келтіру үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұдан бөлек, осы аталған заңдарда көрсетілген ҰҚК функцияларын ережелерде бекіту көзделеді", – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Президент жарлығының жобасына түсіндірме жазбасында.

Ол функциялар аясында алда комитет:

  • ұлттық қауіпсіздік органдары көліктерінің және арнайы мақсаттағы көліктердің колонналарына ілесіп жүруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен көшелерде осы колонналар өтетін уақытта жол жүрісін реттеу және ұйымдастыру қағидаларын;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полициясы органдарының арнайы құралдарының тізбесін;
  • ұлттық қауіпсіздік органдарында Жауынгерлік кезекшілікті атқаруды ұйымдастыру қағидаларын;
  • ұлттық қауіпсіздік органдарында Жауынгерлік қызметті атқаруды ұйымдастыру қағидаларын әзірлеп, бекітетін болады.

Сонымен қатар ҰҚК-ға қарайтын "Қазимпэкс" республикалық орталығы" АҚ қайта ұйымдастырылып, ол "Казимпэкс" республикалық орталығы" ЖШС болып қайта құрылғаны белгілі болды. Осыған байланысты, Жарлық жобасымен ҰҚК қарамағындағы ұйымдардың тізбесіне өзгеріс енгізіледі.

"Қазимпэкс" республикалық орталығы кезінде Үкіметтің 2001 жылғы 22 қазандағы қаулысымен, ҰҚК-ның "Алтын Әскер" республикалық мемлекеттік кәсіпорнын қайта ұйымдастыру жолымен құрылған болатын. Оның қызметінің бір бағыты дап-дайын (под ключ) күйде ақпараттық жүйедеді әзірлеп, жеткізу болып табылады.

Бұдан бөлек, оның сайтында ІТ-саласындағы қызметтер сыртында, бизнес процестердегі ақауларды тауып, оңтайлы шешімдерді түзуде кеңес-консалтингтік қызметтер көрсететіні, заманауи технологияларды пайдалана отырып, жүйелер архитектурасы жобасын жасап беретіні, ақпараттық жүйелерді енгізетіні жазылған.

Жарлық жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейтін көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу