"Даму" қоры бюрократия "құрбаны" болды

1756

Бұл проблеманы министрлік те шешіп бере алмайтынын мәлімдеді. 

"Даму" қоры бюрократия "құрбаны" болды

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының қарағандылық филиалы біраз уақыттан бері "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясымен қырғи-қабақ болып келеді. Дауға жылжымайтын мүлік себеп болған.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ. "Даму" қоры өңірлік филиалы тура төрт жыл бұрын, 2016 жылғы 12 қаңтарда электронды сауда арқылы аукционнан екі үй сатып алады. Оның бірі – Қарағанды қаласының Ержанов көшесіндегі 34-үйдегі 24-пәтер болса, екіншісі – қаладағы Мұқанов көшесіндегі 34-үйдегі 31-пәтер. Бұл екі баспана да "SV-регион" микрокредиттік ұйымы борышкерлерінің меншігі. Ал МКҰ – "Даму" борышкері.

Жалпы, бұл ұйым бұрыннан "Дамудың" серіктесі болып келген. Мысалы, 2007–2009 жылдарға арналған "Қарағанды облысында шағын кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бағдарламасы" аясында "Даму" қоры ауылда бизнесті дамыту үшін конкурс арқылы өңірдегі 4 микрокредиттік ұйымды таңдап алады. Оның арасында "МКО "SV-регион" ЖШС-сы да бар. Бұлардың өтініштері жалпы сомасы 460 млн теңгеге қаржыландырылған.

Кейіндері аралары суып, соттасуға дейін барады. Ақыры 2013 жылғы 28 ақпанда сот 81 млн 90,5 мың теңгедей берешекті "SV-регионнан" өндіріп алу туралы шешім шығарады. 

Содан соң ұлттық даму институты борышкерінің мүлкін өз иелігіне өткізуге кіріседі. Аукцион арқылы оның кепіліндегі екі пәтерді де сатып алған қордың филиалы "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясына аталған нысандардың кепіл болуын тоқтату керегі туралы екі хабарлама жібереді. Бұл әлгі баспаналарға енді қордың меншік құқығын тіркеу, яғни басыбайлы иелену үшін қажет болатын.  

Алайда Қарағанды облысының Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты 2019 жылғы 30 қаңтарда алдымен Ержанов көшесіндегі пәтерге, артынша 30 наурызда Мұқанов көшесіндегі баспанаға қатысты өткен электронды аукцион хаттамаларын заңсыз деп танып, аукцион қорытындыларының күшін жояды. Сонымен бірге сату-сатып алу келісімдері де қу қағаз болып қалады.

Оқиғаның тосыннан бұлай өрбуіне сот орындаушысының кепіл мүлікті берешек үшін өндіру тәртібін бұзуы себеп болған. 

Қолдағы жеңісі күтпеген жерден қолынан сусып кеткен "Даму" күресін тоқтатпайды. Ол былтырғы 10 маусымда және 25 шілдеде "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалына, қаланың жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімі атына өтініш жазып, құқықтық кадастрлердің деректер базасында әлгі екі үйге қатысты сонау 2008 жылғы 30 қыркүйекте бекітілген кепіл келісімшартын тіркеуді сұрайды. 

Өз кезегінде қор сауда өткізілген соң жіберілген "аталған нысандардың кепіл болуын тоқтату керегі туралы хабарламаларын" мемлекеттік корпорациядан дереу кері шақыртып алады.

Бірақ ойлағанын іске асыра алмаған. Қайта "Азаматтарға арналған Үкімет" кепілзат келісімі қате тіркелгенін айтып, "Даму" қорына хат жазған және оны қос нысан бойынша сотқа беріпті. Қор мемлекеттік корпорацияның бұл әрекетін түсінбей, министрге шағымданды.

"Қор "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының кепілзат келісімшарттарын не себепті елеусіз тастағанын және аталған жылжымайтын мүліктерді не үшін кепілден шығарып алуға тырысып жатқанын білмейді. Мемлекеттік корпорация Ержанов көшесі, 34-үй, 24-пәтерді И.И.Кузьминаның, ал Мұқанов көшесі, 34-үй, 31-пәтерді С.Н.Моргулецтің меншігі ретінде тіркеуге ұмтылуда. Осы арқылы мемлекеттік корпорация қорды кепілдегі мүлікті өндіріп алу құқығынан айыруға тырысып отыр. Осы орайда "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры – 100% акциясы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі ұлттық даму институты екенін атап өткіміз келеді. Қор Ұлттық қордың қаржыларын жұмсайды. Сондықтан үшінші тұлғалардың мемлекетке материалдық шығын келтіруге бағытталған кез келген әрекеттерінің жолын кесуге бар күшін салады. Ал мемлекеттік корпорация қорды Президенттің 1997 жылғы жарлығымен кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген мемлекет қаржысын қайтару құқығынан айыруда", – деп ашына жазады қор Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке жолдаған шағымында.

Мемлекеттік корпорация халықтың жағына шығып отыр. Кузьмина мен Моргулец – "SV-регион" микрокредиттік ұйымынан қарыз алып, пәтерлерін кепілге қойған адамдар. Өз кезегінде "Даму" "SV-регионға" берген 81 миллионы қайтпаған соң, онда кепілге қойылған азаматтардың мүліктерін де астына баспақ болды.  

Қазіргі кезде "Даму" қоры үлестірген мемлекеттік миллиондар сол бойы өтелмей қалуда.

Мемлекеттік корпорация үстінен қарайтын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жағдаймен және тараптар дәйектемелерімен таныс. Вице-министр Асхат Оразбек "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" мемлекеттік деректер базасына кепілзат келісімі жөнінде қате енгізілген деректерді түзету сот арқылы жүретінін айтады. 

"Заң бойынша сот өндірісі тәртібімен қаралуға жататын өтініштер мен шағымдарды басқа бірде бір орган немесе жауапты тұлға қарауға не бақылауға ала алмайды. Осыған байланысты бүгінде "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының, Қарағанды қаласы бойынша тіркеу және жер кадастры бөлімінің әрекеттеріне баға беру мүмкін емес", – дейді вице-министр Асхат Оразбек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу