Дамушы дүние доллардың үстемдігін тоқтатуға күш салып жатыр

1286

Алайда Америка ақшасына альтернатива бар ма? 

Дамушы дүние доллардың үстемдігін тоқтатуға күш салып жатыр Фото: Reuters

Дамушы әлемде көптеген елдер Американың жаһандық қаржы жүйесіндегі үстемдігінен, әсіресе доллардың күшінен әбден шаршады. Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасынан құралған БРИКС блогы алдағы саммитінде басқа дамушы нарық мемлекеттерімен кездескенде осы мәселеге қатысты шағымдарын айтпақ.

Бірақ шағымдану іс жүзінде әлемдік валютаға айналған "король долларды" күйретуден әлдеқайда оңайырақ болып тұр әзірге.

Доллар – əлі күнге дейін жаһандық бизнесте ең көп қолданылатын валюта жəне ол өзінің үстемдігіне бұрын төнген қауіптердің барлығын еңсере білді.

БРИКС елдері өз валюталарын шығару мәселесін бірнеше рет көтергенімен, бүгін басталатын саммит қарсаңында бұл турасында нақты ұсыныстар жасаған жоқ. Дегенмен дамушы экономикалар долларға тәуелділігін азайту үшін өз ақшаларымен сауданы кеңейтуді кейде талқылап тұрады.

Маусымда өткен БРИКС елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Наледи Пандор осы блоктың Жаңа Даму банкі "қазіргі халықаралық саудадағы валюталарға", соның ішінде долларға балама іздейтінін айтты және де сол форумда Пандор ресейлік Сергей Лавров пен қытайлық Ма Чжаосюмен, яғни, Американың халықаралық қаржы нарығындағы ықпалын әлсіретуге ерекше ынталы екі елдің өкілдерімен қатар отырды.

БРИКС елдері АҚШ пен Еуропа үстемдік ететін Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкке балама ретінде Жаңа Даму Банкін 2015 жылы іске қосты.

"Дамушы елдер Батыстың үстемдігін әлсіретіп, Шығыстың ықпалы зор болатын жаңа әлемдік тәртіптің есігін ашқысы келеді",– дейді угандалық саяси белсенді Мартин Ссемпа.

Дамушы дүние доллардың жаһандық ықпалын АҚШ-тың өз қарсыластарына қарсы қаржылық санкциялар салуға пайдаланатынына ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр. Вашингтонның мұндай әрекетіне әлем Ресей армиясы былтыр Украинаға басып кіргенде ерекше куә болды.

Сонымен қатар, дамушы мемлекеттер доллар бағамының құбылуы олардың экономикасын тұрақсыздандыруы мүмкін деп шағымданып келеді. Айта кету керек, Америка ақшасының қымбаттауы доллармен алынған несиелерді өтеу құнын және доллармен бағаланатын импорттық өнімдердің бағасын арттыратыны белгілі.

Жақында Кения президенті Уильям Руто Африканың долларға тәуелділігіне және сол Америка ақшасының күшеюі "Қара құрлық" экономикаларын теңселтіп отыратынына өкпесін білдірді. 

"АҚШ доллары Джибути мен Кения арасындағы сауданың бір бөлігі ме? Неліктен олай?", – дейді Руто.

Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва болса, Оңтүстік Американың Mercosur блогы аумағында және БРИКС елдері арасындағы саудада ортақ валюта пайдалануды ашық қолдап отыр.

"Бразилияға Қытаймен немесе Аргентинамен сауда жасау үшін доллар неге қажет? Біз өз валютамызбен саудаласа аламыз", – деді ол осы айда журналистермен өткен кездесуде.

Бірақ доллардың кемшіліктері айқын көрініп тұрғанымен, оған әзірге балама жоқ.

"Егер сіз резервіңізді қауіпсіз сақтағыңыз келсе, оны долларға айналдыруыңыз керек. Сондай-ақ сізге қарызды доллармен береді. Бұнымен байланысты проблемалар баршаға аян. Бірақ, өзге альтернатива, басқа амал болса, оларды адамдар қолданар еді ғой", – дейді Претория университетінің аға ғылыми қызметкері және халықаралық қаржы нарығы маманы, заңгер Дэниел Брэдлоу АР агенттігіне берген сұхбатында.

АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің зерттеуіне жүгінсек, 1999 жылдан 2019 жылға дейін Оңтүстік Америка мен Солтүстік Америкада сауданың 96%-ы,  Азияда 74 %-ы, еуроны қолданатын Еуропан тыс жерлерде 79%-ы доллармен жасалған екен.

Десек те, соңғы жылдары доллардың жаһандық саудадағы рөлі біршама әлсіреді, өйткені банктер, бизнес пен инвесторлар еуроға және Қытай юанына бет бұра бастаған.

"Бірақ еуроның айналымға енгеніне 24 жыл өтсе де, әлемнің №2-ші валютасы әлі күнге дейін халықаралық беделі бойынша доллармен бәсекелесе алмай отыр: валюталық операцияларда доллар еуроға қарағанда үш есе көп қолданылады", – дейді Гарвард университетінің экономисі Джеффри Франкель.

Ал юанның курсы шектеліп келеді. Өйткені оның әлемдік нарықта еркін саудалануына Бейжің рұқсат бермей отыр.

"Долларға баламалардың ешқайсысы үстемдік деңгейіне жете алмады. Ал БРИКС бір түнде өз ақшасын шығарғанымен, оған сенім орнауы үшін уақыт қажет... Мен бұл жолды өте ұзақ деп санаймын", – дейді АҚШ-тың Тафтс университетінің Флетчер жаһандық мәселелер мектебінің аға ғылыми қызметкері Михаэла Папа.

2008 жылы гиперинфляцияны бастан кешкен Зимбабве – долларға аса тәуелді елдердің бірі. Бірақ Хараредегі экономикалық сарапшы Проспер Читамбараның сөзінше, өнеркәсібі, инвестициясы, экспорты аз және қарызы көп Зимбабве экономикасы күнделікті сауда қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті доллар тарта алмай отыр. Осының нәтижесінде бұл африкалық мемлекет астанасының көшелерінде тозығы жеткен, жыртылған долларларды жөндейтін бизнес түрі пайда болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу