Дамыған елдер кімге қанша қарыз бергенін білмейтін болып шықты

3222

Сондықтан кедей елдер оларға 1 триллион долларға жуық борышын қайтармауына болатындай. 

Дамыған елдер кімге қанша қарыз бергенін білмейтін болып шықты Фото: cgdev.org

Дүниежүзілік банктің статистикалық талдауы әлемдік сенсацияға арқау болды. Дамыған және дамушы елдер егемен борышының көлемін жүйелі түрде төмендетіп отыратыны әшкереленді. Соның нәтижесінде кейінгі 50 жылда жасырылған мемлекеттік борыштың ауқымы 1 триллион долларға жетіп қалды.

Мысалы, басқаны айтпағанда, "Кеңес одағы әлемдегі қанша елге қанша қарыз берді?" деген бір ғана сауалға сантүрлі жауап беріледі, нақтылысы жоқ.

Тосын оқиғаның ұштығы 2021 жылы басталды. Сол жылы дүниежүзіндегі кедей елдер Замбия мен Чад әлемдік алпауыттар ғана кіретін G20 тобының жаңа бағдарламасы бойынша өз қарыздарын қайта құрылымдау туралы өтінішпен жүгінді.

Бұл ретте олар күтпеген проблемаға тап болды. Дамыған және озық дамушы елдер әлемдегі қандай елдерге қанша қарыз бергенін нақты білмейтін болып шықты. Содан қос мемлекетке борыштарына қатысты барлық деректердің толық топтамасын жинау үшін халықаралық қаржылық консультанттарды жалдауына тура келді. Олар істің мән-жайын анықтағанша жарты жылдай уақыт өтті.

"Бұл хикая егемен борышқа қатысты жеткілікті айқындылықтың жоқтығын жарқын паш етеді. Соның ішінде, әсіресе, табысы төмен елдердің мемлекеттік қарызының нақты көлемін анықтау қиын. Ресми статистика дұрыс жүргізілмейді, кейбір деректер құпияландырылады, жұртшылыққа жан-жақты жарияланбайды", – деді Дүниежүзілік банк тобының макроэкономикалық, сауда және инвестициялық тәжірибе бойынша жаһандық директоры Марселу Эстеван.

Ал, біздің Ұлттық банктің сендіруінше, Қазақстан өз қарызын әрбір долларына дейін нақты біледі.

"Қазақстан Республикасының сыртқы борышының көлемі 2024 жылдың басынан бері 3 миллиард АҚШ ұлғайып, 2024 жылғы 1 шілдеде 166,7 миллиард долларды құрады. Соның ішінде биылғы жыл басталғалы сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялардың есебінен – 2,7 млрд долларға, девальвация-бағамдық, бағалық және басқа өзгерістер есебінен – 0,3 миллиард долларға өсті", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында өтеу мерзімі бойынша 87,5%-ы – ұзақ мерзімді, яғни, 1 жылдан асатын сыртқы борышқа тиесілі. Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында бейрезиденттерден (шетелден) тартылған несиелер мен кредиттер басым – 73,9%

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, табысы төмен елдердің  40%-ы 2 жылдан көп уақыттан бері сыртқы қарызы туралы ешқандай дерек жарияламайды, жасырады.

Сонымен қатар, өз деректерін жария еткен елдердің ақпараты халықаралық беделді банктердің тәуелсіз бағалауынан біршама ерекшеленетіні әшкереленді. Кейбір елдер шынайы борышын ЖІӨ-ге шаққанда 30%-ға дейін төмендетіп көрсететіні белгілі болды.

Бұл жағдай халықаралық сарапшыларды шошытып отыр. Өйткені мұндай сорақылық "борыштардың өсуі проблемасы" ушыққан шақта орын алған.

Дүниежүзілік банктің 2023 жыл қорытындысына арналған есебінде айтылғандай, дамушы елдердің әрбір төртіншісі халықаралық капитал нарығынан қол үзіп қалды. Кейінгі 3 жылда осы елдердің мемлекеттік дефолтының саны алдыңғы екі онжылдықтағы көрсеткіштен де асып түсті.

Мұның бәрі әлемге бұрын-соңды болмаған алапат дағдарыс төніп келе жатқанынан хабар беруі мүмкін.

"1970-ші жылдардан бері жасырылған егемен борыштың көлемі 1 триллион долларға жетті. Бұл осы кезеңде талдауға іліккен бүкіл 146 елдің алған барлық қарызының 12%-ынан асады. Борыштардың жасырылған көлемі институттары әлсіз елдердің үлесінде. Бірақ тіпті институционалды өркендеу көрсеткіштері жоғары, дамушы экономикалар да төл борышының көлемін жүйелі түрде төмен бағалап тұрады", – деп хабарлады Дүниежүзілік банк сарапшылары.

Олар жасырулы қарыздарды анықтау үшін Дүниежүзілік банктің қарыздық статистикасының әртүрлі шығарылымдарын жинап, ондағы әрбір елдің сыртқы қарызын жеке-жеке бағалап, оны ресми жарияланатын есептермен салыстырып шықты. Дүниежүзілік банкке мүше барлық елдер өзінің сыртқы борышы туралы міндетті түрде есеп беріп тұрады. Олай жасамаса, санкцияға ілігіп, қаржылық институттың қаржылық көмегінен қағылады.

Жаһандық қаржылық инстититуттың сарапшылары 1 триллион доллар деген сан – ең минималдысы екеніне назар аудартады. Олар жасырулы немесе есепке ілікпей қалған қарыздардың бәрін таба алмағандарын мойындады.

Өйткені мемлекеттер тек мемлекеттік жобалар үшін ғана емес, билікке қажетті ірі жобаларға, немесе билікке жақын фирмалар үшін де сырттан қарыз тартады. Кейін билік ауысқанда, ірі жобалар тоқтап қалады, қандай да бір фирмаларды жаба салады. Олардың қарызы статистикадан, есептен шығарылады.

Дүниежүзілік банк сарапшылары жасырын қарыздар проблемасы көбіне, облигацияларға қатысы жоқ екіжақты кредиттермен және коммерциялық кредиттермен байланысты болып келетінін айтады. Бұл құралдар құпиялылық туралы келісімдермен қорғалады, егжей-тегжейі халыққа жария етілмейді.

Замбия жағдайында оның өзге елдерге қарызы 12,5 млрд долларды құрайды деп есептеліп келіпті. Оның негізгі кредиторы – Қытай. Кейінгі талдау оның сыртқы борышы бұдан 3,2 млрд долларға көп екенін анықтады. Дефолт болған Замбияның қарызын реструктуризациялау әлі күнге аяқталмады. Өзге елдер оған тағы қандай қарыз бергенін пысықтауда.

Дегенмен, жаһандық банк ірі елдердің қарыз беруде бәрібір ұтылмайтынын да қаперге салды. Өйткені борыш мәселесі геосаясатпен тығыз байланысып жатады, ондай жобалар қарызды қайтаруды о бастан қарастырмауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу