Дана Нұржігіт: Зейнет жасын 61-ге төмендетудің өзі кішігірім жеңіс

Сенатор Жолдауға қатысты пікір білдірді. 

 Дана Нұржігіт: Зейнет жасын 61-ге төмендетудің өзі кішігірім жеңіс

Қазақстандағы әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауы барысында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі", – деді Президент Жолдауында. 

Зейнет жасын төмендетуге қатысты алғашқылардың бірі болып Дана Нұржігіт пікір білдірді.

Сенатор межені 61 жасқа төмендетудің өзін кішігірім жеңіс деп қабылдауға болатынын жеткізді.

Сонымен қатар ол халық үніне, оның ішінде әйелдер қауымының өтінішіне құлақ асқан Мемлекет басшысына алғысын білдірді. 

"Әйелдердің зейнетке шығу жасын өзгерту мен үшін ерекше назарда ұстайтын тақырып екенін білесіздер. Бүгін Президент бұл туралы да айтып өтті. Біздің сұрағанымыз 58 жас еді. Дегенмен қазіргі экономикалық жағдайдағы бар мүмкіндік осы болып тұрғанын мен де жақсы түсінемін. Сондықтан 61 жасқа төмендетудің өзін кішігірім жеңіс деп қабылдауға болады деп ойлаймын. Әйелдердің зейнетке шығу жасын біз айтқан межеге дейін төмендетуді бізден кейін келетін депутаттар болашақта көтерер. Тарихтың осы кезеңінде біздің қолдан келгені әзірге осы. Сөге жамандамаңыздар, мен қанағат тұттым. Халық үніне, оның ішінде әйелдер қауымының өтінішіне құлақ асқан Президентке рахмет айтамын!", – деді Дана Нұржігіт.

Еске сала кетсек, әйелдердің зейнет жасын төмендету қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселелердің бірі. 9 маусым күні Сенатор Дана Нұржігіт аталған сауал төңірегінде Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған еді. Онда спикер бұл межені 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынды. 

"Әйелдердің зейнетке шығу жастарын өзгерту туралы өтініштерін ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасын "58" деп бекітіп, ал егер әйел әрі қарай жұмыс істемін десе, өз құқы, өз еркі деп қарастыруыңызды сұраймын", – деген еді сенатор.

Айта кететіні, бүгінде елімізде ерлер 63 жаста зейнетке шығады. Ал әйелдердің зейнетке шығу жасы бірте-бірте ұлғайып, 2027 жылға қарай 63-ке дейін көтеріледі деп бекітілген еді. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу